Көлік министрлігінің мәліметінше, алайда олардың нақты кімге тиесілі екенін анықтау мүмкін болмады,...
Қостанайда КамАЗ сегіз жастағы баланы қағып кетті (ВИДЕО)
Ашық дереккөз
Қостанай қаласында КамАЗ жүк көлігі мен сегіз жастағы баланың қатысуымен жол-көлік оқиғасы болды. Велосипедпен жаяу жүргіншілер өткелінен өтпек болған бала жүк көлігіне соғылып, ауруханаға жеткізілді. Бұл туралы полиция мәлімдеді, деп хабарлады MadeniPortal.kz.
Оқиға 31 қазанда болған. Құқық қорғау органдарының мәліметінше, бала жолды велосипедпен жаяу жүргіншілер өткелі арқылы кесіп өтпек болған. Осы сәтте жүк көлігімен соқтығысқан.
Зардап шеккен бала жарақат алып, облыстық балалар ауруханасына жеткізілген. Қазіргі уақытта оның жағдайы туралы нақты ақпарат жоқ.
Полиция оқиғаның мән-жайын анықтау үшін тексеру жүргізіп жатыр. Тексеру қорытындысы бойынша тиісті процессуалдық шешім қабылданады.
Тұрғындар жаяу жүргіншілер өткеліне бағдаршам орнатуды сұрайды
Жол апатынан кейін Қобыланды батыр көшесінің маңында тұратын тұрғын редакцияға хабарласып, бұл жердегі жол қауіпсіздігі мәселесін көтерген.
Тұрғынның айтуынша, аталған өткелмен жақын маңдағы саяжайларда тұратын балалар да, №22 мектепке баратын оқушылар да жиі өтеді. Сонымен қатар жолды кішкентай балаларымен бірге ата-аналар және басқа да тұрғындар пайдаланады.
Оның сөзінше, көшеде көлік қозғалысы қарқынды, ал жарықтандыру жеткіліксіз. Сондықтан тұрғындар жаяу жүргіншілер өткеліне түймесі бар бағдаршам орнатуды сұрап келеді.
«Түймесі бар бағдаршам қажет. Қазір қыс жақындап келеді, күн ерте батады. Осы мәселенің шешілуін қатты сұраймын», – дейді тұрғын.
Сондай-ақ ол бұл көшеде бұған дейін де жаяу жүргіншілерді көлік қағу оқиғалары болғанын жеткізген. Тұрғынның айтуынша, өткен жылы жол апатынан егде жастағы әйел қаза тапқан.
Жергілікті тұрғындар балалар мен ересектердің жолдан қауіпсіз өтуі үшін бағдаршам орнату мәселесін шешуді сұрап отыр.