Бір күні шарапқа бөгіп алған ақын Тоқаш Бердияров Жазушылар одағына барса, алдынан ақын Әбу Сә...
Музей экспозициясындағы қолжазбалар
Фотосурет музей қызметкерінің ұсынуымен
1. «ДИУАНИ ХИКМЕТ» КІТАБЫНЫҢ ҚОЛЖАЗБАСЫ
Қожа Ахмет Яссауидың шамамен 16-17 ғасырларда хатқа түскен "Диуани Хикмет" кітабының қолжазбасы музей қорындағы құнды жәдігер болып табылады. Бұл қолжазба музей құрылған алғашқы жылдары қызметкерлер ел аралап, жәдігер жинау барысында музей қорына қосқан. Осыған дейін аталмыш «Хикметтер» бірнеше рет қазақ, өзбек, түрік тілдерінде жарық көрген болатын. Алдарыңыздағы бұл қолжазбаның көшірмесін жіті қарап, өзге нұсқалармен салыстыра зерттеген Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті жанындағы Түркітану және алтайтану ғылыми-зерттеу орталығының ғалымдары – Қаржаубай Сартқожа, Иманғазы Нұрахметұлы қолжазбадағы өлең жолдары шағатай тілінде жазылған «Хикметтердің» ең көне нұсқасы екендігін анықтады. 90 беттен тұратын қолжазба 2009 жылы ғалымдардың көмегімен толық аударылып, Фолиант баспасынан «Көкшетау нұсқасы» деген атпен қайта басылып шықты.

Музейдегі осы қолжазба нұсқа ең ескі әрі сирек кездесетін үлгі. Қолжазбаны толық аударған жағдайда бұрынғы мәлім болған 3 нұсқамен салыстырулардың нәтижесінде транскрипциялық, мәтіндік, көркем поэтикалық үлкен айырмашылықтың, өзгешеліктің бетін ашуға болады. Бұл қолжазба қазақ әдебиеті мен тіл тарихы үшінде, ежелгі діни-философия үшін де теңдессіз құнды, маңызды рухани мұра.
2. Қазақстанның халық жазушысы, аудармашы, драматург Сәкен Жүнісовтың «Ақан сері» дилогиясының қолжазбасы.
Жәдігер 1994 жылы музей қорына қосылған. 2 томнан тұратын бұл еңбектің бірінші кітабы 1971, екінші кітабы 1977 жылдары басылып шықса, 1979 жылы орыс тіліне аударылды. Ал, кітаптың 1 томы «Сырымбет саласында»; «Қаратал қойнауында»; «Ереймен баурайында», 2 томы «Барымта лаңы», «Тақыр қоян», «Кең дала, тар дүние» сықылды бөлімдерден тұрады. Қаламгердің тұлға танудағы қырын ашқан бұл туынды – Алаштың ардагері, Арқаны әнімен тербеген; жүйрік ат, қыран бүркіт, ұшқыр тазысын серік етіп, «Үш тотысын» жанына ерткен сері Ақанның өмір жолын оқырманға көркемдік деңгейде жеткізген көлемді шығарма болды.

10 жылдан аса уақыт жазылған дилогияның музей қорында 3 қолжазба нұсқасы сақталған. Жоғарыда, суретте көрсетілгендей жазушы А4 көлемді жазба дәптердің кейбір бөліктерін сия қаламмен жазған. Ара-арасында түзетулер берген жерінде көру қиын емес. Жалпы алғанда көз майын тауыса жазған әр парақ екі ғасыр, екі тұлға немесе кейіпкер мен автор өмірінен сыр шертеді.
3. Жазушы, публицист, аудармашы Естай Мырзахметовтың «Медет» романының қолжазба нұсқасы.
350 беттен тұратын дәптер – оқырманға Медет пен Айнұр арасындағы мөлдір махаббатты, нәзік сезімді суреттеген сүйсініп оқыр туынды сыйлады. Қилы замандағы қазақ жастарының мықтылығын да сөз еткен. Шығарма тілінің шұрайлылығы, ой айшықтылығы, көркемділігі өз алдына күрделі әлем еді. 1981 жылы «Жазушы» баспасынан жарыққа шығады. Сол күннен бері көпшілік көңілінен жол тапқан еңбек десек, қателеспеген болар едік.

Аталмыш роман қаламгердің ауыр науқасқа шалдығып, азабын арқалап жүргенде жазған көп туындыларының бірі. Және де, оқырманға шын танытқан, ықыласына бөлеттірген үздік шығармасы. Романның көркемдігінен гөрі деректілігі басым. Кейіпкердің басынан өткен көп оқиғамен жазушы тағдырының ұқсастығы да жоқ емес. Көз көргендер мен жазушының тұстастары, Медетті автордың прототипі деген уәж де айтады.
4. Өлкетанушы, өнер зерттеушісі Қарта Қаңтарбаевтың «Балуан Шолақ туралы әңгімелер» атты еңбегінің қолжазба нұсқасы.
Қолжазбада, есімі ел есінде әншілігі, ақындығы, алып күш иесі ретінде сақталған Нұрмағанбет (Балуан Шолақ) Баймырзаұлының өмірі туралы ел аузынан жазып алынған әңгімелер мен Балуан Шолақтың қызы Бәтжан жайында деректер жинақтаған. Өмірінің соңғы 25 жылын ҚР Ғылым Акадеиясында өткізген Қарта Қаңтарбаетың бұл қолжазба еңбегі, Балуан Шолақтың көзін көрген, дәм-тұздас болған ел ішіндегі адамдардан сұхбаттаса отырып, тікелей әңгіме ретінде жазып алынған. Қолжазбаның құндыдылығы да сол. Өткен ғасырдағы адамдардың сөйлеу мәнері қаз-қалпында сақтаған. Ал, оқиға, көрініс, дерек барынша молынан қамтылған. Нақтырақ айтқанда, жас зерттеушілерге, Балуан Шолақтың өмірін танытып жүрген ғалымдарға таптырмас сілтеме болмақ.
Аталған қолжазба – 2017 жылы жазушы Сәкен Жүнісовтың музей қорына тапсырылған жәдігерлерімен бірге қабылданады. Араға жылдар салып, өткен жылы Балуан Шолақтың 160 жылдығына орай, музей тарапынан дайындалып, Көкшетау қаласындағы «Мир печати» баспасынан басылып шығады. Жаңа кітапта қолжазбадағыдай мәтіннің орфографиясы мен пунктуациясы сақталған.
5. Жазушы, публицист, аудармашы Естай Мырзахметовтың «Он бес жыл өткен соң» романының қолжазба нұсқасы.
2007 жылы Петропавл қаласындағы «Полиграфия» баспасынан «Арайлым» деген атпен басылып шыққан бұл туынды, алғаш оқырманға 1979 жылы «Он бес жыл өткен соң» атымен таныс болған. Түсінік ретінде, соңғы нұсқасына түзетулер толықтырулар енгізілгенін айта кенкен жөн болар. Бұл да, жазушының кембағал күйде, ауыр қалде жүріп жазған көлемді шығармасы. Мазмұны, өзі жазған «Медет» романының жалғасы іспеттес баяндалады. Яғни, екі кітаптың да оқиғалары сабақтасып жатады.
408 беттен тұратын қолжазбаны қаламгердің қызы Зәмзәгүл Естайқызы өзге жәдігерлерімен бірге музей қорына табыстаған. Сондай-ақ, Естай Мырзахметов «Хайроштың аманаты», «Қара жолдың бойында» повестері мен 100-ге тарта әңгімелер мен новеллалар жазды. Зерттеушілікпен де табанды айналысып Ақан сері, Біржан сал, Балуан Шолақ, Үкілі Ыбырайлардың өмірі мен шығармашылығы туралы зерттеу очерктерін мұра етіп қалдырды.
6. Діни қолжазбалар.
Әдебиет және өнер музейі қорында көне діни қолжазбалармен қатар ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында Уфа, Қазан, Троиц тәрізді қалаларда басылып шыққан ондаған кітаптар бар. Олардың біршамасын көпшілік көрерменнің назарына ұсынылған. Бұл кітаптардың арасында шариғат заңдары, араб тілі грамматикасымен қатар Ислам және түркі әлемінде бағасы теңдессіз құнды мұралар бар екенін баса айта кеткеніміз жөн.

Суреттке көрсетілгендей, қолжазба мұралардың ішінде «Шариғат жайындағы қолбазба» кітабының шыққан жылы белгісіз. Осы сияқты зерттеуді қажет ететін «Джуртджани және иғла-таркиб» атты Араб тілі грамматикасының қолжазбасын көруге болады. Айта кетейік, діни мұралардың көбі Ибн Касирге тиесілі. Бұл ғұламаның толық аты-жөні Умар ибн Касир әл-Бусрваи ад-Димашки. 1301 жылы Шам елінің Бурса қаласында туып, 1373 жылы Дамаскіде дүниеден өткен. Бұл - Ислам әлемінде мәмлүктер билігі үстемдік құрған заман. Ғалымның жазған Құран тәпсірлері мен фиқх-құқықтау жайлы жазған еңбектері күні бүгінге дейін құнын жоймаған мәңгілік ілім есебінде. Музей қорында Умар ибн Касир еңбегінің 4 томы сақталған.
7. Жазушы, журналист Жанайдар Мусиннің «Балқадиша» новелласының қолжазба нұсқасы.
Қаламгердің проза жанрында қалам тербеген алғашқы шығармаларының бірі. Бұл новелла жазушының 1972 жылы Алматы қаласы «Жазушы» баспасынан тырнақалды проза жинағында басылып шығады. Кітапта – ұлы Отан соғысының отты жылдарындағы совет адамдарының ерлігі, замандастарының жан-дүниесі бейнеленген. Музейде қолжазбасы сақталған новелла – Ажігіт Қорамсақұлының өмірі мен ел ішіндегі серілік күндерінен сыр шертетін шағын шығарма. Ақан серінің өнері мен талантында айшықтайтын туынды. Сол заманнан бері аңызға айналған «Балқадиша» әнінің туы тарихы, кейіпкермен болған кездесулердегі жайдарлы күндер, ыстық ықыластар, ғашықтық күйді елестетер суреттемелер.

Жанайдар Мусин – өмірінің соңғы кездерінде Көкшетау облыстық партия комитетінде хатшы қызметін атқарды. Хатшы болып тұрған шағында қалада жабылып қалған педагогика колледжін қайта ашуға ұйытқы болды. Сол училищеге кейін Жанайдар Мусин аты беріліп, бүгінде білікті маман дайындап отырған жоғары колледж деңгейіне көтерілді.
8. Әнші, ақын, сазгер Тыныштық Шәменовтың «Тағдырға таңым бар» атты әңгімесінің қол жазбасы.
Сазгердің мұраларын музей қорына балалары Абылай мен Ұлболсын тапсырған. Жәдігерлерінің ішінде сазгердің «Мөлдір сезім» (Көкшетау, 2003) және «Сарыарқа самалы» (Көкшетау, 2015) атты өлеңдері мен дастандары, аудармалары, өзі және өзгеде авторлармен бірлесіп жазған көптеген әндерінің ноталары топтастырылған қос кітабы сақталулы. Ал, сіздерге ұсынылған қолжазба еш жерде жарияланбаған туынды болып табылады.

Тыныштық Шәменовтың «Әке толғауы» әні 1987 жылы Қазақстан әуесқой композиторларының фестивалінде дипломант атанып, 1988 жылы республикалық конкурста «Ертіске» әні, Санкт-Петербург қаласында өткен «Шлягер-91», Қырғызстанда өткен Орта Азия елдері байқауларында «Сол бір кеш» әні бірінші орынды жеңіп алды. «Айсары әуендері» әні Мәскеу сахнасында шырқалған.
Мұхамет ТІЛЕУБАЙ,
Әдебтиет және өнер музейінің
ғылыми қызметкері,
Көкшетау