Бүгін Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің кезекті отыр...
Мемлекет басшысы: Қазіргі уақытта ахуал әлі де өте күрделі
Фото: akorda.kz
Мемлекет басшысы Су тасқынына қарсы іс-шараларды үйлестіру және су тасқыны салдарын жою жөніндегі республикалық штабтың отырысын өткізді, деп хабарлайды madeniportal.kz, Ақорданың ресми сайтына сілтеме жасай отырып.
Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргі уақытта ахуал әлі де өте күрделі екенін атап өтті. Оның айтуынша, бес аймақта, яғни Атырау, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарында су тасқынының екінші толқыны болуы мүмкін. Қалған алты облыста, атап айтқанда, Қостанай, Қарағанды, Ақтөбе, Абай, Павлодар, Ұлытауда жағдай тұрақтала бастаған.
Мемлекет басшысы адамдарды дер кезінде қауіпсіз жерге көшіру және қарғын судан зардап шеккен азаматтарға қажетті көмек беру қазіргі басты міндет екеніне назар аударды.
Президент өзінің тапсырмасы бойынша мемлекеттік материалдық резервтен арнаулы техника және басқа да жабдықтар алуға рұқсат етілгенін айтты.
– Мен шығынды өтеу үшін тиімді тәсілдер қарастыру туралы нақты тапсырма бердім. Бұл мақсатқа бюджет қаражатымен қатар «Қазақстан халқына» қоры мен ірі бизнес өкілдері бөлген қаржы жұмсалады. Сондай-ақ тағы бір өте маңызды мәселе. Бұл – су басқан аймақтардағы эпидемиологиялық ахуал. Жағдайды қатаң бақылауда ұстау қажет. Көктемгі егіс науқанына да дайындалу керек. Су астында қалған елді мекендерде ешқандай заң бұзушылыққа жол бермеу қажет. Менің тапсырмаммен Үкімет басшысы және оның орынбасарлары қазір аймақтарда жүр. Олар жағдай тұрақталғанша барлық жұмысты үйлестіреді, елмен бірге болады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы табиғи апаттан зардап шеккен аймақтардағы азық-түлік қауіпсіздігі мәселесін айрықша бақылауда ұстау және бағаның өсуіне жол бермеу қажет екеніне тағы да назар аударды. Сондай-ақ азаматтар үшін әуе және темір жол көліктеріне билеттің қымбаттауына жол беруге болмайтынын ескертті.
– Үкімет пен әкімдіктер зардап шеккен адамдарды орналастыру, оларға қажетті көмек беру мәселелерін тез арада шешуге тиіс. Қазір бұл жұмыстар атқарылып жатыр. Эвакуациялық пункттердегі жағдайды тұрақты бақылауда ұстау керек. Жоғалған құжаттарды қалпына келтіру, құқықтық және психологиялық көмек көрсету пункттерін жедел ұйымдастыру қажет. Айтпақшы, жоғалған құжаттар да проблема болады. Адамдар үйлерін асығыс тастап кетті. Құжаттарын қалпына келтіруге көмектесу керек. Жағдай өте күрделі аудандарда қоғамдық штабтар орналастырылып, түсіндіру жұмыстары жүргізілсін, – деді Президент.
Жиын барысында Денсаулық сақтау министрлігіне Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірге еліміздегі санитариялық-эпидемиологиялық және эпизоотиялық жағдайға бақылауды күшейтіп, тәулік бойы мониторинг жүргізу, сондай-ақ көппәтерлі үйлерге, әлеуметтік және басқа да нысандарға дезинфекция жасау жөнінде тапсырма берілді.
Су тасқынына байланысты жұқпалы аурулардың таралып жатқаны және эпидемиологиялық жағдайдың нашарлағаны туралы әлеуметтік желілерде жарияланған ақпарат расталмады.
Бұдан бөлек, Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне тұрғын үйлерді, әлеуметтік инфрақұрылымды, коммуналдық шаруашылық нысандарын қайта қалпына келтіру жұмыстарын үйлестіру үшін жедел топ жасақтау жөнінде тапсырма берілді.
– Су басқан өңірлердің әкімдері қажетті қаржыландыру туралы есепті жедел штабқа тез арада беруі керек. Сондай-ақ аумақты қоқыстан, қираған үйлер мен құрылыстардың үйінділерінен тазартқан жөн. Зардап шеккен өңірлерге Ауыл шаруашылығы, Көлік, Денсаулық сақтау, Су ресурстары, Төтенше жағдайлар, Экология, Ғылым және жоғары білім вице-министрлерін жіберу қажет. Айтпақшы, су тасқынына ұшырамаған өңірлерде менің тапсырмаммен «Таза Қазақстан» науқаны басталды. Мен әкімдердің бәріне бұл бірреттік науқан емес екенін ескерттім. Басқаша айтқанда, сенбілікке шығып, жұмыс істеген сыңай танытып, көзбояушылық жасауға болмайды. Көршілес елдердегі секілді бізге де Қазақстанды көгалдандыру, өңірлер мен қалалардың аумақтарын тазарту жұмыстарын үнемі жүргізу керек,– деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы азаматтар үшін тұрғын үйлерді қалпына келтіру жұмыстарына нақты уақыт режимінде мониторинг жүргізу жөнінде тапсырма берді. Сондай-ақ жыл соңына дейін су тасқынына қарсы шараларды басқарудың ұзақмерзімді стратегиясын анықтап, тиісті бағдарламалық құжаттарды қабылдау міндетін жүктеді.
Жиын барысында Премьер-Министр Олжас Бектенов, Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов, Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев, Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова, Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров, Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов, Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров, Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев, Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі Ермек Көшербаев, Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев баяндама жасады.