Қазақтың тұрмыстық бұйымдары күнделікті тұрмыс-тіршілігінде қолданған қажетті құрал-жабдықтар ғана е...
1500 жылдық тарихтың жаңа құпиясы: Айя-Софияның астынан тосын олжа табылды
ЖИ
Түркияның Стамбұл қаласындағы әйгілі Айя-София мешітінде жүргізілген реставрация жұмыстары кезінде тоғыз жерасты тоннелі мен алты тарихи бөлме анықталды. Мамандар ғимараттың қазіргі құрылысынан да көне болуы мүмкін археологиялық қабаттарға тап болған, деп хабарлайды MadeniPortal.kz.
Бұл туралы Түркияның мәдениет және туризм министрі Мехмет Нури Ерсой 20 қарашада мәлімдеді. Министрдің ресми ақпаратына сәйкес, Айя-Софияның Везир бақшасы мен Батыс бақша бөліктеріндегі зерттеу жұмыстары барысында шамамен 3 мың тонна топырақ пен толтырма материал шығарылған. Жалпы ұзындығы 420 метр болатын жерасты тоннельдері тазартылған. Ең қызықты олжалардың бірі – мешіттің астындағы ежелгі жерлеу құрылысынан табылған тарихи қабаттар. Мамандар қазба барысында бұрынғы еден деңгейінен 1,5 метр төмен түсіп, қазіргі Айя-София ғимаратынан да ертерек кезеңге тиесілі болуы ықтимал құрылыс қалдықтарын анықтаған.
«Айя-Софияның астынан қазіргі ғимараттан да көне кезеңге жатуы мүмкін тарихи қабаттарды таптық. Бұл зерттеулер арқылы ғимараттың әртүрлі дәуірлерге тиесілі тарихын ашып жатырмыз», – деді министр.
Зерттеушілердің болжамынша, анықталған тоннельдер ежелгі заманда су тарату және жаңбыр суын сыртқа шығару жүйесінің бір бөлігі болған. Қазіргі уақытта тоғыз тоннельдің жетеуі тазартылып, қалған екеуінде құжаттау және зерттеу жұмыстары жүргізілген. Түркия билігі тарихи нысанның жерасты бөліктерін туристерге көрсету мүмкіндігін де қарастырып жатыр. Алайда оларды келушілерге ашу үшін алдымен қауіпсіздік пен ескерткішті сақтау талаптары ескерілмек.
Айта кетейік, қазіргі Айя-София ғимараты VI ғасырда Византия императоры Юстинианның тұсында салынған. Жаңадан анықталған археологиялық қабаттардың нақты мерзімі әзірге белгісіз.