102-ге жалған шағым түсіріп, SIM-картаны лақтырған: автобус жүргізушісінің әрекеті әшкере болды

Фото: ашық дерекөзден

ЖАҢАЛЫҚТАР
142

Астана – Қарағанды – Алматы автожолында патрульдік полиция қызметкерлері Van Hool автобусын құжаттарын тексеру үшін тоқтатқан. Тексеру барысында көліктің салоны заңсыз қайта жабдықталғаны анықталды, деп хабарлайды MadeniPortal.kz.

Автобустың конструкциясында қарастырылған орындықтардың орнына жолаушыларға арналған жатын орындар орнатылғаны белгілі болды. Осыған байланысты жүргізушіге қатысты заңсыз қайта жабдықтау бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Алдын ала мәлімет бойынша, автобус Шымкент – Астана бағытымен қатынаған. 

Әкімшілік материал рәсімделгеннен кейін жүргізуші полиция қызметкерлерінің әрекетіне наразылығын білдірген. Арада біраз уақыт өткен соң «102» арнайы желісіне патрульдік полиция қызметкерлері заң бұзып, жүргізушіден 5 мың теңге алғаны туралы хабарлама түскен. 

Осы ақпарат бойынша полиция қызметкерлері бірден тексеру жұмыстарын жүргізді. Олар автобустың орналасқан жерін анықтап, көлікті мән-жайды анықтау үшін тоқтатқан. 

Бастапқыда жүргізуші «102» нөміріне өзі қоңырау шалмағанын айтқан. Тіпті қоңырау жасалған SIM-картаны да лақтырып жіберген. Алайда тексеру барысында полицейлер арнайы желіге түскен хабарламаның дәл осы жүргізушіден жасалғанын анықтады. 

Кейін ер адам жасаған әрекетін мойындаған. Оның айтуынша, полиция қызметкерлері өзіне әкімшілік хаттама толтырғаннан кейін ашумен «102»-ге қоңырау шалған. 

Осылайша, патрульдік полиция қызметкерлеріне шағымдану әрекеті жүргізушінің өзіне қатысты тағы бір әкімшілік істің қозғалуына себеп болды. Оған арнайы қызметтерді жалған шақырғаны үшін әкімшілік хаттама толтырылды. 

Полиция «102» желісі тек нақты оқиғалар мен құқық бұзушылықтар туралы хабарлау үшін арналғанын еске салды. Арнайы қызметтерге жалған хабарлама беру заңнамада көзделген әкімшілік жауапкершілікке әкеп соғуы мүмкін. 

ЖАҢАЛЫҚТАР

Алматыда Orda.kz интернет-басылымының бұрынғы бас редакторы Гүлнәр Бажкеноваға қатысты сот үкімі шық...

СПОРТ

66 жастағы босниялық-германиялық жекпе-жек шебері Мухамед Кахриманович сусын құйылған қаңылтыр банка...