«Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінде ортағасырлық тарихи құдық іске...
29 жастағы келіншек контейнердің ішінде көз жұмды
Фото: видеодан кадр
Алматы облысы Ащыбұлақ ауылында 29 жастағы әйелдің өліміне байланысты полиция қылмыстық іс қозғады. Марқұмның туыстары оның отбасында зорлық-зомбылық көрген болуы мүмкін екенін айтып отыр, деп хабарлайды MadeniPortal.kz.
Қаза тапқан Гүлмираның әпкесі Әзиза Мырзақұлованың сөзінше, сіңлісі өмірге құштар, жақындарына үнемі көмектесіп жүретін адам болған. Туыстары оның мұндай қадамға өз еркімен барғанына сенбейтінін жеткізді.
Марқұм медицина саласында білім алып, шамамен бес жыл ауруханада жұмыс істеген. 26 жасында өзінен 13 жас үлкен азаматқа тұрмысқа шығып, кейін егіз баланы дүниеге әкелген.
Туыстарының айтуынша, отбасында жанжал жиі болған. Қайғылы оқиға болған күні Гүлмира жақындарына бейнеқоңырау шалып, күйеуінің өзіне күш көрсететінін айтқан. Сондай-ақ денесіндегі жарақаттарды көрсеткені де айтылады.
Марқұмның анасы Оразгүл Монбекова қызының өлімін отбасындағы зорлық-зомбылықпен байланыстырады.
"Зорлық-зомбылықтың кесірі деп ойлаймын. Басқа ешқандай себеп жоқ. Мәйітханада қызымның денесіндегі көгерген іздерді көрдім", – деді ол.
Алайда марқұмның қайын атасы бұл айыптаулармен келіспейтінін айтып, ұлының әйеліне қол көтеруі мүмкін емес екенін мәлімдеген.
Алматы облысы полиция департаментінің ресми өкілі Ернар Сайділдин аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалғанын растады.
"Аталған фактіге қатысты қылмыстық іс қозғалып, тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Тергеу нәтижесі бойынша процессуалдық шешім қабылданатын болады", – деді полиция өкілі.
Қазіргі уақытта марқұмның денесінде зорлық-зомбылық белгілерінің бар-жоғын анықтау үшін сот-медициналық сараптама тағайындалған.
Іс бойынша Гүлмираның күйеуі күдікті ретінде танылған. Оның кінәсі сотта дәлелденген жағдайда ғана құқықтық жауапкершілік мәселесі шешіледі.