«АДАЛДЫҚ ЖАРШЫСЫ» республикалық жабық жыр мүшәйрасы жарияланды

Фотосурет ЖИ

Без категории
79

Атырау облысы Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының қолдауымен «Алтын тұғыр» қоғамдық қоры «Адалдық жаршысы» республикалық жабық жыр мүшәйрасын өткізеді.

«АДАЛДЫҚ ЖАРШЫСЫ» республикалық жабық жыр мүшәйрасының

ЕРЕЖЕСІ

1. Жалпы ереже

1.1. «Адалдық жаршысы» республикалық жабық жыр мүшәйрасы, бұдан әрі – Мүшәйра, Атырау облысы Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының қолдауымен «Алтын тұғыр» қоғамдық қоры тарапынан ұйымдастырылады.

1.2. Мүшәйра поэзия арқылы қоғамда адалдық, әділдік, мемлекетшілдік және парасаттылық құндылықтарын насихаттауға, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға бағытталған республикалық шығармашылық жоба болып табылады.

1.3. Мүшәйра жабық форматта өткізіледі. Қатысушылар шығармаларын электронды пошта арқылы жолдайды. Шығармалар бүркеншек атпен қабылданып, сарапшылар алқасына автордың жеке мәліметтері көрсетілмей ұсынылады.

1.4. Мүшәйраға Қазақстан Республикасының 18–45 жас аралығындағы жазба ақындары қатыса алады.

2. Мүшәйраның мақсаты мен міндеттері

2.1. Мүшәйраның негізгі мақсаты – 18–45 жас аралығындағы шығармашыл азаматтар арасында адалдық, әділдік, мемлекетшілдік және парасаттылық құндылықтарын поэзия арқылы насихаттау, қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға ықпал ету.

2.2. Мүшәйра арқылы ақындардың азаматтық ұстанымы мен қоғамдық ойға әсер ететін көркем туындылары насихатталып, адал еңбек, елге қызмет ету, ар-ождан тазалығы, мемлекет мүддесіне беріктік секілді құндылықтарды дәріптеу көзделеді.

2.3. Байқауға ұсынылған шығармалар қоғамға, соның ішінде мемлекеттік қызмет саласы өкілдеріне ой салуға, жауапкершілік пен әділдік қағидаларын терең ұғындыруға бағытталады.

2.4. Поэзия арқылы сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілік көзқарасын қалыптастырып, ел мүддесіне адал қызмет ететін саналы қоғам идеясын орнықтыру – мүшәйраның басты міндеттерінің бірі.

2.5. Байқау қорытындысы бойынша үздік шығармалар арнайы поэзиялық жинаққа енгізіліп, мемлекеттік мекемелер мен кітапханаларға таратылады. Жинақтың негізгі мақсаты – көркем сөз арқылы қоғамда адалдық пен әділдік қағидаларын насихаттап, оқырманға рухани әрі азаматтық тұрғыда әсер ету.

3. Қатысу шарттары

3.1. Мүшәйраға 18–45 жас аралығындағы Қазақстан Республикасының азаматтары қатыса алады.

3.2. Әр қатысушы байқауға сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілікке үндейтін, адалдық, мемлекетшілдік бағытына сай 3 өлеңге дейін ұсына алады.

3.3. Ұсынылатын шығармалар бұрын республикалық деңгейдегі мүшәйраларда жүлде алмаған және автордың өз туындысы болуы тиіс.

3.4. Өлеңдер қазақ тілінде қабылданады.

3.5. Шығармаларда адалдық, әділдік, мемлекетшілдік, елге қызмет ету, қоғам алдындағы жауапкершілік, ар-ождан тазалығы және сыбайлас жемқорлыққа қарсы көзқарас тақырыптары көркемдік тұрғыда ашылуы қажет.

4. Өтінім беру тәртібі

4.1. Қатысушылар сайысқа жіберілетін туындылары мен төмендегі құжаттарды altyn.tygur@mail.ru электронды поштасына 2026 жылдың 1 шілдесіне дейін электронды түрде жолдайды:

– өтінім;
– қысқаша өмірбаян;
– байланыс мәліметтері;
– фотосурет;
– шағын шығармалар топтамасы, болған жағдайда.

4.2. Қатысушы шығарманы бүркеншек атпен жолдайды.

4.3. Ұйымдастырушылар қажет болған жағдайда қатысушыдан қосымша мәлімет сұратуға құқылы.

5. Бағалау тәртібі

5.1. Шығармаларды арнайы сарапшылар алқасы бағалайды.

5.2. Сарапшылар алқасының шешімі түпкілікті болып табылады.

5.3. Бағалау барысында төмендегі талаптар ескеріледі:

– саяси қайшылықтың болмауы;
– тақырыптың ашылуы;
– көркемдік деңгейі;
– поэтикалық шеберлігі;
– ой тереңдігі;
– азаматтық ұстанымы;
– шығармашылық ерекшелігі;
– тіл тазалығы.

6. Жүлде қоры

– Бас жүлде – 800 000 теңге;
– I орын – 700 000 теңге;
– II орын – 2 ақынға, әрқайсысына 500 000 теңге;
– III орын – 3 ақынға, әрқайсысына 300 000 теңге;
– Арнайы сыйлықтар – 5 ақынға бағалы сыйлықтар, заттай.

7. Қорытындылау және марапаттау

7.1. Мүшәйра қорытындысы Атырау қаласында өтетін арнайы марапаттау рәсімінде жарияланады. Уақыты алдын ала хабарланады.

7.2. Үздік шығармалар республикалық бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланып, арнайы поэзиялық жинаққа енгізіледі.

7.3. Ұйымдастырушылар шығармаларды ақпараттық және мәдени мақсатта пайдалануға құқылы.

8. Қорытынды ереже

8.1. Плагиат анықталған жағдайда қатысушы мүшәйрадан шеттетіледі.

8.2. Осы ережеде қарастырылмаған мәселелерді ұйымдастыру комитеті шешеді.

8.3. Ұйымдастырушылар ережеге өзгерістер мен толықтырулар енгізуге құқылы.

Қосымша сұрақтар бойынша байланыс телефоны: 8 778 137 44 83