Журналист Гүлмира Әбіқай қыз артынан апаратын киімдерді жалға алатын әдет пайда болғанын айтты, деп...
"2017 жылдан бері қирап тұрған": Астанада фельдшердің қазасына қатысты жаңа деректер шықты
Фото: видеодан скриншот
Астананың қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында фельдшер Ұлдана Мырзуанның қазасына қатысты сот жалғасып жатыр. Отырыста мүлік иелерінің бірлестігі төрағасы Сауле Жұбаниязованың адвокаты істі прокурорға қайтаруды және қосымша сараптамалар тағайындауды сұрады, деп хабарлайды MadeniPortal.kz.
Қорғаушы құрылыс-техникалық сараптаманың қорытындысын жариялады. Ғимарат конструкциясының опырылуына мүлік иелері бірлестігінің салғырттығы емес, үй салынған кезден бері кеткен жүйелі құрылыс кемшіліктері себеп болған.
Сараптама қорытындысында:
- Құрылыс ақаулары: жобада қарастырылған монолитті армопоястар мен арматуралық торлар болмаған. Сонымен қатар кірпіш қалау сапасыз жүргізіліп, кей жерлерде жіктер бос қалған;
- Ақаулардың тарихы: алғашқы жарықтар мен қаптаманың жекелеген бөліктерінің бұзылғаны 2017 жылы, яғни сотталушы бұл қызметке кіріспей тұрып-ақ тіркелген.
Адвокаттың айтуынша, сарапшы мүлік иелері бірлестігі төрағасының әрекеті немесе әрекетсіздігі және адамның қаза болуы арасында тікелей байланыс бар екенін анықтай алмаған.
“Тергеу үйді салған құрылыс компаниясының, техникалық және авторлық қадағалау мамандарының, жобалау ұйымының жауапкершілігін де қарастыруы керек.Сонымен қатар, Жұбаниязова бұл ақауды өздігінен анықтай алды ма, мүлік иелері бірлестігінде оны жоюға жеткілікті қаражат болды ма осыны анықтау қажет. Сонымен қатар мұндай мәселені шешу үшін тұрғындардың жалпы жиналысының келісімі керек болды ма, жоқ па деген сұраққа да жауап берілуі тиіс. Онсыз қылмыс құрамы бар-жоғын анықтау мүмкін емес”, - деді адвокат.