Африкадағы Эбола індетінің өршуі: Денсаулық сақтау министрлігі қазақстандықтарға үндеу жасады

ашық дереккөз

ЖАҢАЛЫҚТАР
83

ДДҰ Конго мен Угандадағы Эбола безгегінің өршуін халықаралық маңызы бар қоғамдық денсаулық сақтау саласындағы төтенше жағдай деп жариялады, деп хабарлады MadeniPortal.kz.

Аурудың өршуі Эбола вирусының сирек кездесетін түрі — Bundibugyo штамынан туындаған. Бұл штамға қарсы әлемде әзірге вакцина да, арнайы ем де жоқ.

ҚР Денсаулық сақтау министрлігінде атап өткендей, Эбола ауруы жұқтырған адамның немесе ауру жануарлардың биологиялық сұйықтықтарымен тығыз байланыс арқылы таралады. Мұнда жеке гигиенаны сақтау, сапар кезінде сақтық таныту және уақытылы медициналық көмекке жүгіну маңызды рөл атқарады.

«Сапарға шығар алдында баратын елдегі эпидемиологиялық жағдаймен алдын ала танысу ұсынылады. Қайтып келгеннен кейін денсаулық жағдайын бақылау маңызды. Қандай да бір симптомдар пайда болса, дереу медициналық көмекке жүгініп, сапар туралы хабарлау қажет. Өз бетінше емделуге болмайды», – деп хабарлады Денсаулық сақтау министрлігі.

Эбола вирусы (Bundibugyo) тудыратын аурудың белгілері:

  • қызба;

  • айқын әлсіздік және тез шаршау;

  • қатты бас және бұлшықет ауруы;

  • тамақтың ауыруы;

  • жүрек айну және құсу;

  • асқазан-ішек жолы белгілері (іш өту және т.б.);

  • ауыр жағдайларда — ағзалардың қызметінің бұзылуы;

  • кейбір жағдайларда — қан кету (геморрагиялық) көріністер.

Қазақстан азаматтарына Эбола Bundibugyo тіркелген елдерге барудан бас тарту ұсынылады.

Егер мұндай елге бару қажет болса, келесі сақтық шараларын сақтау керек:

  • қолды жиі жуу, антисептик қолдану;

  • қанмен және басқа да биологиялық сұйықтықтармен байланыстан аулақ болу;

  • тек таза, қауіпсіз су ішу, шикі және жеткілікті термиялық өңделмеген етті тұтынбау.