Фото авторы А.НұршановАлматы облысының ішкі саясат басқармасы мен «Рухани жаңғыру»...
«Алдағы жоспарымызды айқындаймын»: Тоқаев қазанда жаңа Жолдау жасайды
Ақорда
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев еліміз тарихи өрлеу дәуіріне қадам басқанын айтып, алдағы саяси өзгерістер мен әлеуметтік басымдықтарға тоқталды, деп хабарлады MadeniPortal.kz.
Бұл туралы Ақорда хабарлады.
Мемлекет басшысы елімізде жүзеге асырылған реформалардың нәтижесінде негізгі мемлекеттік институттарды жаңғырту үдерісі жалғасатынын мәлімдеді. Оның айтуынша, көп ұзамай Қазақстан Халық Кеңесінің құрамы бекітіледі. Сондай-ақ Құрылтайдың келісімімен Конституциялық сот судьялары, Орталық сайлау комиссиясы мен Жоғары аудиторлық палатаның мүшелері тағайындалады.
Президент қазан айында Қазақстан халқына Жолдау жасайтынын да айтты.
– Біз біртұтас ел болып аса ауқымды реформаларды табысты жүзеге асырдық. Барша жұртымызға, әсіресе, өскелең ұрпаққа бағдар беретін Конституциямызды қабылдадық. Әділетті, Күшті, Озық, Таза Қазақстанның берік негізін қаладық. Мұны ұлт тарихындағы нағыз бетбұрысты оқиға деп бағалауға болады. Конституция – халқымыздың темірқазығы, ел ішіндегі түбегейлі өзгерістерге тың серпін берген қастерлі құжат. Таяуда ғана Құрылтай сайлауы өтті. Құрылтайға кәсіби, іскер, жаңашыл азаматтар кірді. Олардың ішінде жастар да аз емес. Вице-Президент тағайындалды. Жаңартылған Үкімет жұмысына кірісті. Қауіпсіздік Кеңесінің аппараты жасақталды. Көп ұзамай Қазақстан Халық Кеңесінің құрамы бекітіледі. Құрылтайдың келісімімен Конституциялық сот судьялары, Орталық сайлау комиссиясы мен Жоғары аудиторлық палатаның мүшелері тағайындалады. Осылайша, еліміздің негізгі мемлекеттік институттары толық жаңғыртылады. Бұл да – ауқымды реформаларымыздың өте маңызды бөлігі. Ал қазан айында мен Конституцияның 46-бабына сәйкес Қазақстан халқына Жолдауымды жасап, алдағы жоспарымызды айқындаймын, – деді Мемлекет басшысы.
Балалар спортына бөлінетін қаржы артты
Президент ұлт саулығын нығайту мен адам капиталын күшейту мемлекеттің конституциялық міндеті екенін атап өтті.
Тоқаевтың айтуынша, соңғы жеті жылда Қазақстанда 500-ден астам спорт нысаны салынған, бірқатар нысан жөндеуден өткен.
Сонымен қатар спорт мектептерінде оқитын әр балаға бөлінетін қаражат 233 мың теңгеден 415 мың теңгеге дейін, яғни екі есеге жуық ұлғайған. Былтыр 220 мыңнан астам бала мемлекет есебінен спорт үйірмелеріне тегін қатысқан. Бұл мақсатқа 50 миллиард теңге бөлінген.
– Соңғы жеті жылда елімізде 500-ден астам спорт нысаны салынды, бірқатары жөндеуден өткізілді. Былтыр менің тапсырмаммен «Дене шынықтыру және спорт туралы» заңға бірқатар өзгеріс енгізілді. Жаңа заң отандық спорттың дамуына күшті серпін бермек, соның ішінде ұлттық спорттың өркендеуіне ерекше ықпал етеді. Балаларымыз спортпен немесе дене шынықтырумен міндетті түрде айналысуы керек. Бұл – еліміздің жарқын болашағының кепілі. Осы мақсаттың жалпыұлттық мән-мағынасы айрықша. Өйткені дене-бітімі әлсіз, рухы қауқарсыз халқы бар ел ешқашан озық, дамыған мемлекет бола алмайды. Бұл – баршаға белгілі ақиқат. Сондықтан спорт мектептерінде оқитын әр балаға бөлінетін қаражат көлемі екі есеге жуық артты, яғни 233 мың теңгеден 415 мың теңгеге ұлғайды. Былтыр 220 мыңнан астам бала спорт үйірмесіне мемлекет есебінен ақысыз барды. Осы мақсатқа 50 миллиард теңге бөлінді. Дене шынықтырумен шұғылданатын адамдардың саны 8 миллионнан асты. Бұл – халқымыздың жартысына жуығы деген сөз. Осы тұрғыдан алғанда, бізді салауатты ұлт деп атауға болады. Бірақ босаңсуға болмайды, – деді Президент.