Қазақстанда алғаш рет: астаналық 7-сынып оқушысы буллингке қарсы ЖИ жүйесін жасады, деп хабарлайды MadeniPortal.kz el.kz-ке сілтеме жасап.
Қазір қоғамда мектептегі буллинг мәселесі ең өзекті тақырыптардың біріне айналды. Әлеуметтік желілерде тараған бейнелер, ата-аналардың алаңдаушылығы, сарапшылардың пікірлері – бәрі бір мәселеге тіреледі: балалардың қауіпсіздігі. Әсіресе камера орнатуға болмайтын әжетхана мен бақылаусыз бұрыштар «соқыр аймақ» ретінде аталып, жанжал жиі басталатын орынға айналып отыр. Көп жағдайда дәл осы жерде туған кикілжің кейін жүйелі қорлауға немесе ауыр қақтығысқа ұласады.
Осы мәселені шешудің тың жолын Астанадағы №49 мектеп-гимназиясының 7-сынып оқушысы Әділхан Рүстемұлы ұсынды. Жас өнертапқыш мектептің «соқыр аймақтарында» қауіпсіздікті қамтамасыз ететін, бірақ балалардың жеке кеңістігін бұзбайтын жасанды интеллект жүйесін жасап шыққан.
Камера жоқ жерлерде жанжал жиі болатынын байқадым. Бірақ ол орындарға камера қою заңға қайшы. Сондықтан қауіпсіздік те сақталсын, балалардың жеке өмірі де бұзылмасын деп осы жүйені ойладым. Негізгі мақсат – бақылау емес, алдын алу, – дейді Әділхан.
Құрылғы сырт көзге қарапайым бейнекамераға ұқсайды, бірақ жұмыс істеу қағидасы өзгеше. Камера модульдік бөлшектерден тұрады, ішінде қозғалыс механизмі мен жарық жетіспегенде автоматты қосылатын шам орнатылған. Жүйе Python бағдарламалау тілі мен OpenCV кітапханасы негізіндегі жасанды интеллект алгоритмдері арқылы жұмыс істейді.
Ең бастысы – камера үздіксіз бейнежазба жүргізбейді және бет-әлпетті танымайды. Жүйе тек қозғалысты және ықтимал агрессия белгілерін талдайды: қозғалыс болмаса – экран көк түске боялады, адам кірсе – қызыл аймақ белгіленеді, ал қауіпті әрекет байқалса ғана дабыл қосылады.
Бұл толық бақылау жүйесі емес. Камера ешкімді жазбайды, тек қауіпті жағдайды анықтайды. Яғни жеке кеңістік сақталады, – деп түсіндіреді Әділхан.
Құрылғы автономды жұмыс істейді, қозғалыс датчигі батареясыз қызмет ете алады. Сондықтан оны мектептің түрлі аймағында қолдануға болады. Сонымен қатар жоба Қазақстан заңнамасына қайшы келмейді, себебі жабық кеңістіктерде бейнежазба сақталмайды.
Қауіпсіздік пен жеке өмір құқығының ортасын табу маңызды болды. Біз дәл сол тепе-теңдікті сақтауға тырыстық. Жүйе тек қауіп туындағанда ғана белгі береді, – дейді Айдос Басықара.
Алдағы жоспар да нақты. Әзірлеушілер жүйеге дабыл сигналын толық енгізіп, Telegram-бот арқылы мұғалімдер мен күзет қызметіне жедел хабарлама жіберуді көздеп отыр. Сонымен қатар жобаны патенттеп, пилоттық нұсқасын мектептерде сынақтан өткізу қарастырылған.
Егер бірнеше мектепте іске қосылып, тиімділігін дәлелдесе, оны кеңінен енгізуге болады. Бұл “соқыр аймақтардағы” қауіпсіздік тәсілін өзгертуі мүмкін, – дейді жетекші.
Әділхан Рүстемұлының жобасы – жас буынның қоғамдағы күрделі мәселелерге бейжай қарамай, нақты шешім ұсына алатынын көрсететін мысал. Жасанды интеллектіні бақылау құралы емес, қорғау тетігі ретінде қолдану – осы бастаманың басты ерекшелігі.