Алматы әуежайында "халал" деп есек сүті сатылған

Фото: видеодан скриншот

ЖАҢАЛЫҚТАР
106

Желіде қазақстандықтар ұлттық тағам деп есек сүтінің сатылып жатқанына наразы болды. Айтуларынша, қарағандылық компания өнімді халал деп көрсеткен, деп хабарлайды MadeniPortal.kz stan.kz-ке сілтеме жасап. 

Жазбада қазақстандық есек сүтін дүкен сөрелерінен байқағанын жазған.

“Есек сүті қашаннан бері Ұлттық тағам болып кеткен? Сенбесеңіз, қағаз қорабына қараңыз. Досымның Алматы әуежайының “DUTY FREE-ден” түсіріп алған суреті. Бұл өнімді қарағандылық Saumal Bio Tech компаниясы шығарады екен. Есек сүті харам бола тұра, халал деп көрсетілгеніне жол болсын. Бұдан бөлек бұл мекеменің бие, түйе сүті де бар екен. Есек сүтімен бәрі бір жерде өңдеп шығаратын болса, басқа өнімдерін қалай адал деуге болады?”, – деп жазды ол. 

Жазба авторы компанияның одан бөлек өнімдеріне халал деген белгіні қойғанына таңданды. 

Желі қолданушылары да мұны қызу талқыға алды. Бірі бұл ақпаратқа шошыса, енді бірі өнімдегі белгі ҚМДБ-ның халал белгісі емес екенін жеткізді. 

“Естімеген елде көп”, “Бәлкім басқаларға арналған шығар”, “Сұмдық екен”, “Есек сүті, ит еті халал болып жатса, жағдай қиын”, “Жиіркенішті”, – деп жазды жұртшылық.  

Stan.kz тілшісі оқиғаға байланысты осы өнімді өндіретін компаниядан пікір сұрады. "Saumal Bio Tech" компаниясы есек сүтін өндіретінін растады. Дегенмен желідегі жазбаға орай қазақстандықтарға өнім туралы түсіндірді. 

"Saumal Bio Tech" ЖШС экспортқа бағытталған өндіруші. Ол өнімдерін халықаралық нарықтардың сұранысы мен тұтынушылық ерекшеліктерін ескере отырып шығарады. Компания қандай да бір өнімнің діни тұрғыдан рұқсат етілуіне қатысты пікір білдірмейді және әрбір тұтынушының діни сенімі мен жеке таңдауына құрметпен қарайды. Есек сүтінен өндірілетін өнім негізінен шетелдік нарықтарға арналған және осы санаттағы өнімге сұраныс бар АҚШ пен Қытайға экспортталады. Өнімнің Duty Free дүкендерінде ұсынылуы брендтің экспорттық бағытын көрсетеді және шетелдік тұтынушыларды Қазақстанда өндірілген өніммен таныстыруға мүмкіндік береді”, – деді компания өкілдері.

Осы тұста компания есек сүтінің халал белгісімен таңбаланбайтынын алға тартты. Айтуларынша желіде тараған суреттегі халал белгісі техникалық қателік салдарынан басылып кеткен. Ал дүкендердегі өнімдерде бұл белгі жоқ екен.

“Қазіргі уақытта сатылымдағы, оның ішінде Duty Free дүкендерінде ұсынылған Donkey Milk өнімінің қаптамасында Halal белгісі жоқ. Сублимацияланған есек сүті осы санаттағы сүт өнімдеріне қызығушылық танытып, оны саналы түрде таңдайтын тұтынушыларға арналған. Өнімнің негізгі коммерциялық бағыты – АҚШ пен Қытайды қоса алғанда, халықаралық нарықтар. Ал "Ұлттық суперфуд" тіркесі Қазақстанда өндірілетін өнімді сипаттайтын маркетингтік ұғым ретінде пайдаланылады. "Ұлттық суперфуд" тіркесі брендтің қазақстандық шығу тегін, отандық өндірістің ауқымын, толық өндірістік циклін және экспорттық әлеуетін көрсету мақсатында қолданылады. Бұл тіркес сүттің әрбір түрі Қазақстанның дәстүрлі ұлттық өнімі болып табылады дегенді білдірмейді. Ол Қазақстанда өндірілген және халықаралық нарықтарда ұсынылып отырған отандық өнімге қатысты қолданылады”, – деп қосты компания. 

"Saumal Bio Tech" ЖШС Қарағанды облысында орналасқан. Компания есек сүті бие мен түйе сүттерінен бөлек жерде өндірілетінін жеткізді.  

ЖАҢАЛЫҚТАР

Сәуір айында үйінен шығып, қайта оралмаған павлодарлық айдаладан табылды, деп хабарлайды MadeniPorta...

ЖАҢАЛЫҚТАР

Ақтөбедегі "Нұр Ғасыр" орталық мешітінде тарауық намазынан кейін екі кәмелетке толмаған жасөспір...