Бүгін елордада «АУЫЛ» партиясы мен «Мәдениет порталының» ұйымдастыруыме...
Алматы әуежайындағы кепілге алынған қыз сот залында жылап қалды
Фото: әлеуметтік желіден
Алматы әуежайының қызметкерін биыл наурызда 67 жастағы ер адам кепілге алған еді. Бұл оқиғаға байланысты зардап шеккен әйел сотта оқиғаны есіне алып, жылап қалды, деп хабарлайды MADENIPORTAL.KZ.
"Мен жұмыс орнымда отырдым, ол (күдікті – ред.) жалғыз келе жатты. Мен одан отырғызу талонын және жеке куәлігін сұрадым. Ол маған қарап тұрып "Үш минуттан кейін әуежайды жарып жіберемін" деді. Кейін маған телефонын көрсетті... Мен артқа шегінгім келді. Сол сәтте ол мені ұстап алды да, мен жерге құладым. Кейін оның оң жақ қалтасынан пышақ алып шыққанын көрдім, сол кезде айқайлай бастадым", – деді жәбірленуші.
Оның айтуынша, ол көмек сұраған, бірақ ер адам ешкімді жақындатпауын талап етіп айқайлап тұрған. Сол күнді еске алған жәбірленуші көз жасына ерік берді.
Еске салайық, айыпталушыға қатысты Қылмыстық кодекстің 273-бабы бойынша (терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабар беру) қылмыстық іс қозғалды. Сондай-ақ, ол 261-баптың 2-бөлігінің 4-тармағы бойынша (кепілге адам алу) айыпталып отыр. Бұл бап бойынша 7 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру және мүлкін тәркілеу қарастырылған. Бұдан бөлек, оған қару қолдану арқылы жасалған бұзақылық (ҚК 293-баптың 3-бөлігі) айыбы тағылды. Бұл бап бойынша 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.
Бұған дейін ІІМ Алматы әуежайында қызды кепілге алған адамның екі айға қамауға алынғанын хабарлаған болатын.