17 қарашада Чапай – Жаңақала – Сайқын облыстық маңыздағы тас жолдың 50-інші шақырымында...
Алматы облысында бір сәтте сегіз үй өртенді
Фото: Pixabay
Алматы облысының Белбұлақ ауылында сегіз тұрғын үйді шарпыған өрттен кейін тұрғындар оқиғаға жергілікті әкімдіктің әрекетсіздігі себеп болды деп есептейді, деп хабарлайды MadeniPortal.kz bairaqmedia.kz-ке сілтеме жасап.
Зардап шеккен тұрғындардың айтуынша, өрттің шығуына уақытында кесілмеген қураған ағаш себеп болған. Олардың сөзінше, ағаш құлап, электр желісін үзген, салдарынан өрт тұтанып, көршілес үйлерге тараған.
Зардап шеккен тұрғын Кенжегүл Нүсіпова әкімдікке бірнеше рет жүгінгенін айтты.
«Өтініш тастауға бардым. Сол кезде мені Талғарға жіберді, Аман деген кісіге, ол Белбұлаққа жіберді. Сөйтіп әрең дегенде өтінішімді тастадым. Олқылық әкімдіктен болып тұр ғой. Өйткені ағашты кесу керек еді. Санитарлық кесу жұмыстарын уақытында жүргізіп, қай жерде қураған, құлауы мүмкін ағаш бар екенін бақылауы керек еді», – дейді ол.
Тағы бір тұрғын Айбарша Салмұрзаева да қауіпті ағаш туралы бірнеше рет ескерткенін жеткізді.
«Бәріне бардым. "Ағаш құлайын деп тұр" десем, "біз істемейміз" деп қайтарады. Өзім кестіріп тастайын десем, "айыппұл төлейсіз" деді. "Кестіріп көріңіз, айыппұл саламыз" деп ескертті», – дейді тұрғын.
Әкімдік мәліметінше, қауіпті ағашқа қатысты ресми өтініш оқиғадан бір күн бұрын ғана түскен. Белбұлақ ауылдық округінің әкімі Еркінбек Абиров жауапкершіліктен ешкім қашпайтынын айтып, зардап шеккендерге қажетті көмек көрсетілетінін мәлімдеді.
«Жауапкершілікті ешкім алып тастап жатқан жоқ. Барлық тиісті шаралар қабылданатын болады. Көмек көрсетіледі. Үйді қалпына келтіруге бола ма, болмай ма – бұл тиісті қорытындыдан кейін ғана қаралады», – дейді әкім.
Тұрғындардың айтуынша, өрттен кейін үйлердің қабырғалары ғана қалған және оларды қалпына келтіру мүмкін емес. Осыған байланысты олар өртенген баспаналардың орнына жаңа үйлер салып беруді талап етіп отыр.