4 баласын өлтірген ер адам өзіне де қол жұмсамақшы болды, деп хабарлайды madeniportal.kz. Қайғылы о...
Алматыда ақша айырбастау пунктін тонаған адам филармонияның бұрынғы басшысы болып шықты
Фото: видеодан скриншот
Бір ай бұрын Алматыда айырбастау пунктіне қарақшылық шабуыл жасалған. Бетперде киіп, қолына тапанша ұстаған ер адам айырбастау орнына кіріп, ірі көлемдегі ақшамен ізін суытқан, деп хабарлайды MadeniPortal.kz arasha.kz сілтеме жасап.
Алмалы аудандық полиция басқармасының қызметкерлері күдіктіні жедел анықтап, көп ұзамай қолға түсірген. Ол 68 жастағы Аян Сұлтанғалиев болып шықты. Бұрын ол Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясының директоры қызметін атқарған және 15 жыл бұрын қаржы жымқырды деген айыппен сотталған.
2010 жылы оның ұсталғаны қоғамда үлкен резонанс тудырған еді. Қаржы полициясы сол кезде мемлекеттік мекеме басшысын ғимаратты жөндеуге бөлінген 100 миллион теңгеден астам қаржыны жымқырды деп айыптаған. Ол кездегі бағам бойынша бұл 600 мың доллардан асатын сома болған.
Сот орындығында онымен бірге тағы бір мәдениет саласының өкілі — Абай атындағы опера және балет театрының бас директоры Қуаныш Оразғалиев те отырған. Оған 54 миллион теңгені жымқырды деген айып тағылған. Кейін екеуі де кінәлі деп танылғанымен, шартты жаза алған.
Содан бері 15 жыл өткен. Интернеттегі мәліметтерге қарағанда, Аян Сұлтанғалиев кейін ауыл шаруашылығымен айналысқан. Алайда өмірінде бір нәрсе сәтсіз өрбіген болуы керек, ақыры қарақшылыққа барған.
Ол тапаншаға ұқсас қару алып, үйінің маңындағы айырбастау пунктіне шабуыл жасаған. Қару ойыншық болуы да мүмкін деген болжам бар. Бетперде таққанына қарамастан, полицейлер оны тез анықтаған.
Полиция департаменті бұл фактіні растады. 1957 жылы туған ер адамның ұсталғаны хабарланды. Тергеу ісі іс жүзінде аяқталған.
Бұл жолы күдікті шартты жазамен құтылмауы мүмкін. Оған Қылмыстық кодекстің 192-бабы 3-бөлігі — «қарақшылық» бойынша айып тағылған. Аталған бап бойынша 7 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.