Алматыда егіз босанған әйел ауруханада көз жұмды

Фото: видеодан скриншот

ЖАҢАЛЫҚТАР
121

Алматы облысында егіз босанған әйел ауруханада көз жұмды. 40 жастағы Қарлығаш жүктіліктің сегізінші айына жақындағанда перзенттерін кесір тілігімен дүниеге әкелген. Ота сәтті өткенімен, артынша ананың жағдайы күрт нашарлап, аз уақыт ішінде жан тапсырыпты. Марқұмның жақындары болған жағдайға дәрігерлерді айыптайды. Ал, ақ халаттылар «еш кінәміз жоқ» деп отыр, деп хабарлайды MadeniPortal.kz bairaqmedia.kz сілтеме жасап.

Егізін өмірге әкеліп, өзі ажал құшқан Қарлығаш Отарбаеваның денесі жер қойнына тапсырылды. Туыстары, «сап-сау жүрген жан еді» деп, оның өліміне сене алар емес. 13 жыл күткен қыздарын құша алмаған ананың қазасына көк аспан да қосылып жылағандай. Қара жамылғандар болған жайтқа дәрігерлерді айыптайды.

"Егер шын дәрігер болса, әділетті болса, менің қызым тірі жүрер еді. Аман-есен болар еді. Сол дәрігерлердің кесірінен деп есептеймін. Әп-әйбат, дауысын өздеріңіз де естіп отырсыздар, бәрі әйбәт, суреті де әйбәт болатын. Не жағдай болды?!",- деді марқұмның әкесі Бекмұрат Отарбаев

Марқұм дәл 40 жасқа толған күнінде көз жұмған. Оған дейін отаның сәтті өткенін телефон арқылы айтып, жақындарын қуантыпты.

"Аяғымен күліп барған адам ғой. Жүктілікті сақтап қалуға деп барған. Кесір тілігімен босандырып алды. Негізі басқа жерде босандырамыз деп отырғанбыз. Енді өзім ойлаймын, ол жерде сұрау керек еді ғой. Осы жерде босанасың ба, әлде басқа перзентханада ма деп, мүмкін келісілген басқа ауруханаң бар шығар, басқа дәрігерге баратын шығарсың деген сияқты. Біз кесір тілігін жасағаннан кейін біліп тұрмыз.",- деді марқұмның туысы Гүлсім Қасабекова

Қайғылы оқиға Алматы көпсалалы клиникалық ауруханасында болған. Мұндағы дәрігерлер марқұмның ауыр жағдайда жеткізілгенін айтып отыр. Сөздеріне сенсек, келіншектің өліміне аяқ асты жүрегінің тоқтауы себеп болған.

"Науқастың өмірін сақтап қалу үшін қолдан келген барлық медициналық шара жасалды. Біздің клиникалық диагнозымыз бойынша, жүректің тоқтауына өкпе артериясының тромбоэмболиясы себеп болған. Дегенмен бұл жағдайға байланысты ауруханада ішкі қызметтік тексеріс жүргізіледі.", деді Алматы көпсалалы клиникалық ауруханасы директорының орынбасары Гүлнұр Кенжебекова

Қарлығаштың артында үш қызы жетім қалды. Ал жаңа туған нәрестелер, сол анасы жан тапсырған ауруханада екен. Жағдайы қалыпты дейді дәрігерлер. Қазір іс бойынша тергеу басталған. Марқұмның отбасы оның өліміне себеп болғандар тиісті жазасын алса дейді. 

ЖАҢАЛЫҚТАР

Павлодарда ер адам тұзды көлге түсемін деп өкпесі ісініп, мерт болды, деп хабарлайды MadeniPortal.kz...

СПОРТ

Футболдан 2026 жылғы әлем чемпионатының 1/16 финалындағы барлық ойындар аяқталып, 1/8 финалға шыққан...