Анкара қаласында қазақ қоғамы таныстырылды

Жаңалықтар
1703

Үстіміздегі жылдың Наурыз айында құрылып, іс-шараларын бар қарқынымен бастап кеткен қоғам енді Қазақстан елшілігінде түрік саясат қайраткерлеріне, мәдениет және өнер саласы өкілдеріне, зиялы қауымға және баспасөзге таныстырылды.

Қазақстанның Түркиядағы өкілетті елшілік ғимаратында өткен тұсаукесерге Түркия Республикасы Президенті бас кеңесшілері Ялчын Топчу мен Мехмет Акарджа, Халықаралық Түрік мәдениеті қоғамы Түріксойдың Бас хатшы орынбасары Проф. Фырат Пурташ, Халықаралық Қазақ-Түрік Университетінің Өкілетті кеңес төрағасы Проф. Муса Йылдыз, Башкент Университетінің құрушысы Проф. Мехмет Хаберал, Қорқыт Ата Университетінің ректоры Мурат Түрік, түрік мәжілісінің депутаттары, зиялы қауым, Түркияда өмір сүретін қазақ қоғамының өкілдері мен қазақстандық студенттер қатысты.

Көкту қоғамын таныстыратын қысқа бейнетаспаның көрсетілімімен басталған шараның беташарын Қазақстанның Түркия Республикасындағы өкілетті және төтенше елшісі Абзал Сапарбекұлы жасады. Өкілетті елші сөйлеген сөзінде жаңа құрылған Көкту қоғамының істерін жоғары бағалап: «Қоғамның қазақ-түрік қарым-қатынастарына тың серпін беріп, алға қарай жетілдіретініне, мәдениет, өнер және гуманитарлық салаға орасан зор үлес қосатынына сенемін» деді.

Сапарбекұлы Қазақстанның «Рухани жаңғыру» жобасының маңызын атап өтіп: «Осы жоба арқылы ұлттық құндылықтарымызды, дәстүрлерімізді және мәдениетімізді насихаттап, ұлттық сананы нығайта түсеміз» деді.

Құрметті елші бауырлас түрік жерінде құрылған жас қоғамның ашылғанына көп болмаса да, көп іс тындырғанын баса айтты.

Көкту қазақ мәдениеті қоғамының төрайымы Ләззат Мұқсатова қоғамның құрылтайшы мүшелерін жеке-жеке таныстыра келе өз сөзінде қоғамның қазақ-түрік мәдениет және өнер саласындағы байланыстар үшін маңызына тоқталды. «Қоғамымыз екі ел арасындағы ынтымақтастық пен достықты одан әрі нығайта түсіп, қатынастарымыздың мықты іргетасқа негізделуіне үлес қосады» деді ол.

Сөз кезегінде ТР Президенті бас кеңесшісі Ялчын Топчу мырза түбі бір түркінің бірлігін дәріптеп: «1 ұлт, 6 мемлекет» екенімізді баса айтты.

«Көкту қоғамының жұмыстары халықтарымыздың бірлігі мен тірлігіне, дамуы мен қауіпсіздігіне қызмет етеді деп сенемін» деді ол.

Басты баяндамалардан кейін Көкту қоғамы атынан Өкілетті елші Абзал Сапарбекұлына, ТР Президенті бас кеңесшілері Мехмет Акарджа және Ялчын Топчу мырзаларға Қазақстан мен Түркия арасындағы қарым-қатынастарға қосқан үлестеріне орай сый-сияпат табыс етілді.

Артынан құрметті қонақтар бірігіп қоғамның тұсаукесері үшін арнайы дайындалған тәттінінің дәмін татты.

Шара аясында сондай-ақ «Османлыдан Республикаға карталарда Түркістан және Османлы мемлекеттік мұрағатында қазақ-түрік қарым-қатынастары» атты көрменің ашулы рәсімі өткізілді. Көрмеде Османлы мұрағатынан алынған қазақ ханы Мұхаммед Қайып хан мен Османлы сұлтанының хаттары, елшілердің сапарларынан естеліктер секілді өте маңызды жәдігерлер орын алды. Бұл көрме Түркияның астанасында келесі апта Ұлттық кітапхана төрінде де Анкараның өнер және тарих сүйер қауымының жалпы назарына ұсынылады.

Көкту қазақ мәдениеті қоғамының тұсаукесер шарасы Қазақстаннан арнайы ат арытып келген танымал дизайнерлердің сән шеруімен түрлене түсті.

Ханум Айдаш басшылығындағы «Hanum Collection» мульти-брендтік магазин және атақты дизайнер Мадина Массақованың коллекциясынан сән қойылымы көрсетілді. Қазақ қыздары мен әйелдерінің ғасырлардан келе жатқан сән үлгісі, тарихтың тереңінен бойына сіңген биязылығын, әдептілігін паш еткен киім үлгілері қонақтарды тәнті қылды.

Қазақстанның Өкілетті және төтенше елшісі Абзал Сапарбекұлы қазақтың әйгілі дизайнерлері Ханум Айдаш пен Мадина Массақованы қазақ мәдениетін насихаттауға қосқан үлестері үшін арнайы марапаттады.

Анкара төріндегі тартымды таныстыру бағдарламасы Түркия Республикасы Мәдениет және туризм министрлігіне қарасты Түрік әлемі музыка ансамблінің музыканттары, солисттер Джем Гүрдал, Фериял Башел Түзүн, қазақтың әнші қызы Назгүл Бекежанова, талантты жас Димаш Қасымбектің концертімен жалғасын тапты. Өнерпаздар қазақтың халық әндерін құйқылжыта шырқап, ұлттық әуендерді майын тамызып орындап шықты. Қазақ және түрік әншілер бірігіп орындаған мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың сөзіне жазылған «Елім менің» әні болса баршаның көңілінен шықты.

madeniportal.kz

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...