Жүкті әйелді аямаған: Атырауда көпбалалы ана ауруханаға түсті

КТК арнасынан

ЖАҢАЛЫҚТАР
387

Атырау облысының Индер ауданында үш баланы тәрбиелеп отырған әрі төртінші сәбиіне жүкті 32 жастағы әйел отбасылық жанжалдан кейін ауруханаға түсті. Әйелдің сөзінше, оны күйеуі ұрып-соққан, деп хабарлады MadeniPortal.kz.

Жәбірленушінің айтуынша, мұндай жағдай бұған дейін де бірнеше рет болған. Кезекті жанжалдан кейін әйел үйінен кетуге мәжбүр болып, көршілерінен көмек сұраған. Сол жерден жедел жәрдем шақырған.

Дәрігерлер әйелдің миы шайқалғанын және денесінің бірнеше жерінен жарақат алғанын анықтады. Қазіргі уақытта оның жағдайы тұрақты, ем қабылдап жатыр.

Жәбірленушінің туыстары оқиғадан кейін ер адамның 24 сағатқа ұсталғанын, кейін босатылғанын айтады. Олардың сөзінше, бостандыққа шыққан соң ол әйелі жатқан ауруханаға қайта келген.

Полиция өкілдері ер адамның қайтадан уақытша ұстау изоляторына қамалғанын хабарлады.

Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр.