Отандық эстрада жұлдызы Алтынай Жорабаева бірер күн бұрын қыздарының келісімімен екінші рет тұрмысқа...
Анкарада Ұлы даланың ұлы тұлғалары ұлықталды
Қазақстанның Түркиядағы Елшілігі, Халықаралық Түркі академиясы және Еуразия жазушылар одағының ұйымдастыруымен «Ұлы даланың ұлы тұлғалары әл-Фараби, Абай және Жамбыл» атты іс-шара өтті.
Бұл жиын ғалым әрі философ Әбу Насыр әл-Фарабидің туғанына 1150 жыл және ақын әрі ойшыл Абай Құнанбайұлының туғанына 175 жыл толуына орай 2020 жылы басталған еске алу шараларының үйлесімді жалғасы болды. 2021 жылы Ұлы дала ақындық дәстүрінің көрнекті өкілі Жамбыл Жабаевтың туғанына 175 жыл толып отырғаны мәлім.
Іс-шарада сөз сөйлеген Қазақстан Елшісі Абзал Сапарбекұлы 2020 әл-Фараби және Абай жылы аясында Түркияда қыруар шаруа атқарылып: көшелерге, парктер мен түрлі мекемелерге дала данышпандарының аттары берілгенін, ескерткіштері ашылды, кітаптары түрік тілінде жарық көргенін жеткізді. 2021 жылы Жамбылдың мұрасын таныту жылы болатынын айтқан Елші Жамбылдың шығармаларын қазақ халқының мәдени энциклопедиясы және рухани қазынасы ретінде сипаттады.
2021 жылдың бүкіл Түркі әлемі үшін маңызды мерейтойларды атап өтетін жыл болатынын еске салған А.Сапарбекұлы еліміздің тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойының аталып өтілетінін айтты. Елші Түркияның Қазақстанның тәуелсіздігін алғаш мойындаған ел болғанын атап өтіп, «Осыған байланысты Түркияда біз кең ауқымды іс-шаралар өткізуді жоспарлап отырмыз», - деді. Елші тәуелсіздіктің 30 жылдығымен қатар, Қазақстан тарихындағы бірқатар маңызды оқиғалардың жылдықтары мен белгілі тұлғалардың мерейтойларының аталып өтелітінін мәлімдеді.
Іс-шарада сөз сөйлеген Халықаралық Түркі академиясының Президенті Дархан Қыдырәлі түрік халқына атажұрт Қазақстанның ыстық сәлемін білдіре отырып, пандемияға қарамастан, Абай мерейтойының Түркияда өте ауқымды тойлануының түрік халқының Қазақстанға деген ыстық ықыласының көрсеткіші болып табылатынын айтты. «Ахмет Ясауи, Сұлтан Алпарслан, Хажы Бекташ Вели, Ахи Евран, Фараби, Абай және Жамбыл – біздің ортақ құндылықтарымыз» деп айтқан Д.Қыдырәлі осы тұлғалар арқылы түркі әлемінің бірлігі нығайып келе жатқанына назар аударды.
Еуразия жазушылар одағының төрағасы Якуп Өмероғлу әл-Фараби, Абай және Жамбылға арналған осы іс-шара болған күні Анкарада данышпан Тоныкөктің ескерткішінің ашылуын жақсылықтың бір нышаны деп жорды. Өмероғлу «Дала әдебиетінің ұлы ақыны Жамбыл» кітабының авторы Мырзатай Жолдасбековтың өз еңбегінде Орхон ескерткіштері мен Жамбылдың ақындық дәстүрі арасындағы сабақтастықты паш еткенін мәлімдеді.
Іс-шарада сөз сөйлеген ТҮРКСОЙ Бас хатшысы Дүйсен Қасеинов 2020 жылы әл-Фараби мен Абай жылына арналған іс-шаралар туралы ақпарат берді. Әл-Фарабидің «Музыканың үлкен кітабы» арабшадан түрікшеге аударылып жатқанын айтқан Д.Қасеинов жаңа басылымның жақында оқырмандарымен қауышатынын жеткізіп, сүйінші берді. Сонымен бірге, ол ТҮРКСОЙ-дың 2021 жылы Жамбылдың мерейтойының лайықты түрде атап өту үшін бар күшімен жұмыс істейтінін мәлімдеді.
Салтанатты сөздерден кейін М.Жолдасбековтің «Дала әдебиетінің ұлы ақыны Жамбыл» кітабының түрікшеге аударылған нұсқасының тұсаукесері болды. Осыдан кейін, 2020 жылы әл-Фараби мен Абайдың Түркияда танылуына үлес қосқан ғалымдар, журналистер мен мемлекеттік қайраткерлер ҚР Президентінің, Халықаралық Түркі академиясының, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің және Қазақстан Елшілігінің алғыс хаттары және медальдарымен марапатталды. Атап айтқанда, «Ұлттық көзқарас» журналының бас редакторы, Tүркия Парламенті депутаты Метин Гүндоғдуға, TRT Avaz арнасының үйлестірушісі Седат Сағыркаяға және Памуккале университетінің профессоры Нергиз Бирайға Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың алғыс хаттары табысталды.