Семей қаласындағы Ядролық медицина және онкология орталығында күрделі хирургиялық операция жасалып,...
«Ақ халаттылардың бәрі періште емес»: Денсаулық сақтау министрі үн қатты
ашық дереккөз
Ақтауда баланың әкесі мен хирург арасында болған жанжал қоғамда қызу талқыланып жатыр. Бір тарап дәрігерге қол көтеруді қатаң жазалау керек десе, енді бірі ақ халаттылардың да жауапкершілігі назардан тыс қалмауы тиіс екенін айтуда. Осы мәселеге қатысты Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова пікір білдірді, деп хабарлайды MadeniPortal.kz.
Журналист министрден дәрігерлерді қорғауға бағытталған заң ата-аналардың құқығын шектеп қоймай ма деп сұрады. Өйткені қоғамда хирургпен жанжалдасқан баланың әкесін жақтап, оның мұндай әрекетке баруына не себеп болғанын анықтауды талап етіп жатқандар да бар.
«Әлбетте, қол жұмсау – қылмыс. Бірақ хирургті ақтаған кезде ақ халатты жандардың бәрін періште дей алмаймыз ғой. Мәселен, дәрігермен жанжалдасқан кез келген адам 12 жылға сотталып кетуі мүмкін деп қорқып жүретін болса, мұның арты қалай болады?» – деп сұрады журналист.
Бұған жауап берген Ақмарал Әлназарова қызметтік міндетін атқарып жүрген медицина қызметкеріне күш қолдануды ақтауға болмайтынын жеткізді.
«Енді қызметін атқарып жатқан азаматты келіп ұрып-соғып, жұлқылай берсе біреу, соны өзіңіз дұрыс көресіз бе?» – деді министр.
Алайда журналист баланың әкесінің ұстанымын да назарға салды. Оның айтуынша, ер адам жанжалға дәрігердің әрекеті себеп болғанын алға тартады. Осы тұста медицина қызметкерлерін заңмен қорғау олардың өз міндетіне салғырт қарауына жол ашпай ма деген мәселе көтерілді.
Министр бұл оқиғаға құқық қорғау органдары баға беретінін айтып, медицина қызметкерлеріне күш қолданғаны үшін жауапкершіліктің күшейтілгенін еске салды.
«Қылмыстық іс қозғалды. Сондықтан тиісті құзырлы органдар өзінің бағасын беріп жатыр. Бұл жерде Президенттің тікелей тапсырмасы аясында биыл заңға қол қойылды, жауапкершілікті күшейтуге байланысты. Сәуірден бастап бұл норма күшіне енді. Қазақстан бойынша елуге жуық осындай қылмыстық іс қозғалып жатыр», – деді Ақмарал Әлназарова.
Министрдің сөзінше, денсаулық сақтау саласының басты міндеті – халыққа сапалы медициналық қызмет көрсету. Ал баланың әкесінің мұндай әрекетке не себепті барғаны тергеу барысында анықталуға тиіс.
Журналист өз кезегінде заң дәрігерді қорғағанымен, медициналық көмектің сапасына көңілі толмаған ата-ананың құқығы қалай қорғалатынын қайта сұрады.
«Ал ата-ананың құқығы қалай болады? Егер дәрігер сондай жағдайға жеткізіп жатса, ата-ананы?» – деді ол.
Бұған министр әзірге дәрігердің әрекеті жанжалға себеп болғанын растайтын дәлел жоқ екенін айтты.
«Енді дәрігер мұндай жағдайға жеткізді деген әзір дәлел жоқ. Қылмыстық іс барысында дәлелденіп жатса, содан кейін тағы көрерміз», – деп жауап берді Ақмарал Әлназарова.
Осылайша, Ақтаудағы оқиға медицина қызметкерлерінің қауіпсіздігімен қатар, пациенттер мен олардың жақындарының құқығын қорғау мәселесін де қайта көтерді.
Әзірге жанжалдың нақты неден басталғаны және оған қатысушылардың әрекетіне қандай құқықтық баға берілетіні тергеу қорытындысынан кейін белгілі болады.