Көктемде суға кеткен 8 жастағы баланың анасы жүрек тебірентерлік жазба жариялады

Фото: ашық дереккөзден

ЖАҢАЛЫҚТАР
159

Түркістан облысы Келес ауданында көктемде суға ағып кеткен 8 жастағы Жаннұрдың анасы әлеуметтік желіде ұлын әлі күнге дейін күтіп жүргенін жазды. Баласының жоғалғанына жеті айдан асса да, анасы оның аман оралатынынан үміт үзбеген, деп хабарлайды MadeniPortal.kz. 

Жаннұрдың анасы әлеуметтік желідегі жазбасында ұлын жоғалтқаннан кейінгі ауыр күндері мен жан дүниесіндегі толғанысын бөлісті. Оның айтуынша, баласының тағдыры белгісіз күйде өмір сүру күн өткен сайын қиындай түскен.

«Балаңның өлі-тірісін білмей өмір сүру қандай қиын! Не күтеріңді, не үміт үзеріңді білмейсің. Санамда сан түрлі оймен сағат, минут, секунд сайын арпалысамын. Біреу тауып алды, біреу әкеледі, бір жерде жүр, мүмкін есінен айырылып қалды деген ойлармен өмір сүремін», – деп жазды ол. 

Еске салайық, оқиға 2026 жылғы 23 наурызда Түркістан облысы Келес ауданына қарасты Абай ауылында болған.

Екінші сыныпта оқитын 8 жастағы Жаннұр арыққа түсіп кеткен аяқ киімін алмақ болған. Алайда суға түскен сәтте тайып құлап, қатты ағыс баланы Келес өзеніне қарай алып кеткен.

Оқиғадан кейін баланы іздеуге құтқарушылар, сүңгуірлер мен еріктілер жұмылдырылды. Іздестіру жұмыстарына дрондар да пайдаланылды. Мамандар өзен бойы мен оған жақын аумақтарды ұзақ уақыт тексергенімен, Жаннұрды табу мүмкін болмады. Кейін ресми іздестіру жұмыстары тоқтатылған. 

Анасы баласының тағдыры әлі белгісіз екенін айтып, бір күні үйіне оралар деген сеніммен өмір сүріп жүргенін жеткізді.

«Ең қиыны – балам қайтыс болды дегенді санама сыйдыра алмаймын. Мүмкін, балам аман-есен, тірі келетін шығар деп айқайлағым келеді. Мен әлі де күтемін. Сенсіз өткен 222 күн. Сенсіз өтіп жатқан менің өмірім», – деп жазды ол.

Жазба әлеуметтік желі қолданушыларының да жүрегін елжіретті. Көпшілік баласын күткен анаға қолдау білдіріп, сабыр мен күш-қуат тіледі. 

ЖАҢАЛЫҚТАР

Ақтауда баланың әкесі мен хирург арасында болған жанжал қоғамда қызу талқыланып жатыр. Бір тарап дәр...

ЖАҢАЛЫҚТАР

Шымкент қаласының орталығында көпқабатты тұрғын үйдің кіреберісі маңынан 22 жастағы жігіттің мәйіт...