Астана қаласының полиция департаменті «Жаңа Арқа» тұрғын үй кешенінің салымшыларының шағ...
Жетісуда жолдағы шұңқырды жөндемей, топырақпен жауып шыққан
Фото: видеодан скриншот
Жетісу облысының тұрғыны Алакөл ауданындағы жолды асфальт төсеп, жөндеудің орнына жұмысшылардың шұңқырларды кәдімгі құм мен сазбен толтырып жатқанын видеоға түсіріп алған, деп хабарлайды MadeniPortal.kz.
Әлеуметтік желіде тараған видео бірнеше сағаттың ішінде мыңдаған қаралым жинап үлгерген. Оқиға Алакөл ауданының Архарлы ауылына апаратын 60-70 шақырымдық жолда болған. Видео авторы күрекпен жолдағы терең шұңқырларды балшықпен толтырып жатқан жұмысшылармен әңгімесін телефонға түсірген.
"Жігіттер, мен осы жердің тумасымын. Сендердің мұндай жұмыстарыңа жаным ауырады. Бұл – нағыз көзбояушылық. Кәдімгі сазды төгіп жатырсыңдар. Технология дамыған заманда емес, 90-жылдары өмір сүріп жатқандаймыз. Жолды қайта жаңғыртуға билік қомақты қаржы бөлгеніне сенімдімін. Алғашқы жаңбыр мен қар жауғаннан кейін мына жұмыстарыңның бәрі шайылып, шұңқырлар қайта ашылады. Бұл жүргізушілерге үлкен қиындық туғызуы мүмкін: көліктің картері зақымданып, дөңгелектері жарылуы ықтимал. Халықты осындай сапасыз жұмыспен алдап, жөндегенше, мүлде жөндемегендерің дұрыс", – деп наразылық білдірді видео авторы.
Қоғам белсенділері облыстық прокуратурадан жүргізілген жөндеу жұмыстарының сапасына құқықтық баға беріп, қажет болған жағдайда тиісті шара қабылдауды сұрады.
Желі қолданушылары жергілікті билік өкілдерінің Тоқаевтың тапсырмасын өте нашар орындап жатқанын жарыса жазды.
“Көрер көзге ұят не жасап жатырсыңдар. Әкімге барып “не сұмдық, жасамаймыз” деп айтпайсыңдар ма”, “Топырақ төселді, Дубайдан тағы бір пәтер алынды”, “Бұл әкімнің президенттің Жолдауына жауабы”, “Сөз жоқ! Ауылды көтеру керек дейді де, жасап жүргендері мынау. Сұмдық қой”, – деп жазды желідегілер.