2024 жылдың күзінде әлемдік әнші Димаш Құдайберген Чехия мен Германияда жеке концертін береді,...
Ақтөбеде пакеттен табылған сәбидің жағдайы белгілі болды
Ашық дереккөз
Ақтөбе облысында дәрігерлер көшеден пакет ішінен табылған жаңа туған нәрестенің жағдайы туралы мәлімдеді, деп хабарлады MadeniPortal.kz.
Ауруханада жатқан 10 күн ішінде сәби салмақ қосып, барлық талдаулары қалыпты көрсеткіштерге жеткен. Бұл туралы КТК арнасы жазды.
Қазіргі уақытта нәресте балалар ауруханасында ем қабылдап жатыр. Медициналық мекемеге түскен кезде оның салмағы 2 келі 900 грамм болған, ал бүгінде 3 келіден асқан.
Дәрігерлердің айтуынша, сәбидің жағдайы әлі де орташа ауырлық дәрежесінде бағалануда. Дегенмен, барлық зертханалық талдаулары қалыпты деңгейге келген.
Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасының бөлім басшысы Әлия Шарбақова:
«Баланың дене салмағы жас ерекшелігіне сай артып келеді. Қазіргі уақытта қамқоршылық органдары мен полиция қызметкерлерімен бірлесіп қажетті құжаттар рәсімделуде. Барлық рәсімдер аяқталғаннан кейін бала „Үміт“ сәбилер үйіне жіберіледі», – деді.
Оқиға 23 мамыр күні Ақтөбе қаласындағы Тұргенев көшесіндегі үйлердің бірінің ауласында болған. Майлыққа оралған жаңа туған ұл бала екі қабат байланған полиэтилен пакетінің ішінен табылған. Нәресте жолдасымен (плацентасымен) бірге ағаш түбінде жерде жатқан.
Сәбиді алғаш болып №16 орта мектептің 7-сынып оқушысы Арина Тяглова байқап қалған. Ол сол сәтте сыныптасы Мария Беляковамен бірге өтіп бара жатқан. Бастапқыда қыздар пакет ішінде марғау бар деп ойлаған. Алайда жақынырақ қарағанда оның нәресте екенін түсінген.
Оқушы қыз абдырап қалмай, өтіп бара жатқан қызды көмекке шақырған, кейін анасына хабарласқан. Ересектер жиналып, болған жағдай туралы 102 нөмірі арқылы полицияға хабар берген.
Тастанды сәби денесінің қатты салқындауына байланысты жедел жәрдем қызметімен қалалық балалар ауруханасына жеткізілген.
Аталған дерек бойынша полиция ҚР Қылмыстық кодексінің 119-бабы — «Қауіпті жағдайда қалдыру» бойынша қылмыстық іс қозғады. Қазіргі уақытта құқық қорғау органдары нәрестенің анасын іздестіру жұмыстарын жалғастырып жатыр.