Арыстанбек Мұхамедиұлы. Наурыз – жаңа форматта

Жаңалықтар
2745

Осыдан төрт жыл бұрын Ұлыстың Ұлы күнін жаңа үлгіде атап өту, соның ішінде қызғалдақ гүлін Наурыз мейрамының басты атрибутына айналдыру туралы бастама көтерген болатынбыз. Жуырда ғана Мемлекет басшысы Қ-Ж.Тоқаев: «Ел ұғымында қырдың қызғалдағы – нағыз көктемнің нышаны. Осы орайда, қызғалдақ гүлін Ұлы даладағы Ұлыстың Ұлы күнінің басты белгісі ретінде бекітуге болады», - деп өз ұсынысын білдіріп, Наурызды жаңа форматта тойлау жөнінде бастама көтеріп біздің пікірімізді қолдай түскені көңілімізге зор қуаныш сыйлады. Ендеше кең байтақ еліміздің тұрғындарын Ұлыстың Ұлы күнімен шын жүректен құттықтай отырып, Наурыз мерекесінің мән-мазмұнын одан әрі тереңдетуге қатысты өз ойларымызды ұсынамыз.


Наурыз – ежелден келе жатқан Ұлы даланың Ұлы мерекесі! Бұл жөнінде ежелгі грек тарихшысы Страбон: «Ежелден және бүгінгі күнге дейін Сырдария мен Әмудария арасындағы халық осы күні жиналады. Ең құрметті бұл мерекеде саудагерлер дүкендерін жабады, қолөнершілер жұмысын тоқтатады, барлығы көңіл көтеріп, бірін-бірі сусындармен, тағамдармен қонақ қылады» дейді. Қазірдің өзінде Маңғыстауда Наурыздың тойлануы (Амал мерекесінен), тегін болмаса керек-ті. 

2009 жылғы қарашада Наурыз ЮНЕСКО-ның адамзаттың рухани мәдени мұралар тізіміне енсе, БҰҰ Бас Ассемблеясының 2010 жылғы ақпандағы 64-ші сессиясында  21-ші наурыз – Халықаралық Наурыз күні деп жарияланды. Ендеше заман талабына сай Наурыздың форматын түбегейлі өзгерту қажет. Наурыздың айрықша тәлім-тәрбие, қадір-қасиет беретін түрлері өте ерекше.

Сондықтан, Наурыз мейрамына жаңа реңк беру үшін, адамның ұлтына, діни бағыныстылығына қарамастан, адамгершілік құндылықтарға мән бере отырып, Қазақстан халқы түгел қамтылатындай мазмұнын жасау керек.

Ел арасында  «Наурыз мерекесі бұқаралық сипаттан ажырап, сахналық кейіпке еніп, аздаған жұртшылықтың қызықтауына ғана айналған фольклорлық қойылым көрінісінен аспауда» деген пікір қалыптасты. Сондықтан мерекенің өзіне сәйкес атрибуттарын қалпына келтіріп, фольклорлық-этнографиялық ауқымнан жалпы қазақстандық мереке дәрежесіне жеткізген жөн. Мерекеде бақылаушылар болмайды, бәрі де қатысушы.

Наурыз мерекесінің негізгі мағынасы:

Ұлттық намыс пен рухани болмысымызды жаңғырту

Сондықтан да Наурызға іргелі ізденістер мен тарихи, әрі заманауи шаралар керек. Мұның бірнеше жолы бар. Атап айтқанда:

АҒАЙЫНМЕН КӨРІСУ

НАУРЫЗ МЕРЕКЕСІ 14 НАУРЫЗДАН БАСТАП АТАП ӨТІЛУІ ТИІС!

Бұл бұрыннан бар дәстүр. Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Шоқан Уалихановтың және т.б. еңбектерінде кездеседі. Яғни, жыл басы ескіше 1-8 наурыз, қазіргі күнтізбеде 14-21 наурыз аралығы» екені белгілі.

Осы ретте, 1 наурыз – «Алғыс айту күнін» 14 наурызға ауыстырып, екі мереке біріктірілсе бұл күннің мән-мазмұны арта түсер еді.

14 Наурыз көнеден келе жатқан дәстүр. Мұндай мереке дүние жүзінде сирек кездеседі. Бүгінде Батыс өңірінде ғана атап өтілетін керемет күнді Қазақстан халқының тұтас мерекесіне айналдыруымыз керек.

Ал, «Алғыс айту күні» Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылуымен байланысты белгіленген және Тәуелсіз мемлекетті құру жолында еңбек еткен барша халықтың бір-біріне құрмет білдіретін күні болып табылады.

Бұл күн – қайырымдылықты, әлеуметтік ынтымақты және өзара көмек көрсетуді қолдау секілді рухани дәстүрлер күні.

Осы тұрғыдан алғанда, «Алғыс айту күнінің» мән-мазмұны ел бірлігіне, ынтымаққа бастайтын Көрісу мейрамымен мазмұндас екеніне назар аударған жөн.

Сонымен қатар, еліміздегі түрлі ұлт пен дін өкілдерінің бір-біріне деген сый-құрметін арттырып, татулықты, бірлікті, ортақ құндылықтарды насихаттауға арналған – «1 мамыр – Қазақстан халықтарының бірлігі күні» де тойланатынын ескергеніміз  абзал.

БАСТЫ ҚҰНДЫЛЫҚ – БҮЛДІРШІНДЕР

Наурыз – ең үлкен отбасылық мереке. Бұл күні барлық отбасы мүшелері жиналып, бар жақсылығымызды, шарапатымызды бүлдіршіндерге арнауымыз керек.

Қазіргі заманға лайықтап, шоколадпен көмкеріп, көрнекі қаптамасын жасап, көз тартар қорапқа салып, ұлттық тағам аясында әзірленетін жент, талқан, балқаймақ, кілегей,  құрт, сүзбе, уыз, ірімшік және тағы басқаларын әдемі де шағын етіп әзірлеу процесін жолға қоятын мезгіл жетті.

Жаңа жылда Аяз Атаның, Рождествода Санта-Клаустың сәбилерге сыйлық беруі, отбасы мүшелерінің бір-біріне тарту-таралғы жасауы сияқты дәстүрдің берік орнығуы бұл мерекелерді халыққа барынша жақындатқаны мәлім. Жаңа жылдан әрбір бала тосын жаңалықтар күтеді. Наурызда да балалардың есінде қалатындай мереке сыйлағанымыз жөн.

Сонда ғана Наурыз ұлы мерекеге айналмақ.

НАУРЫЗ КАНИКУЛЫ

Мысалы, күнтізбелік Жаңа жыл – 1 қаңтар өзінің мықты идеологиясымен, сан алуан белгілерімен отбасылық мерекеге айналғаны мәлім. Бұл орайда, студенттер мен оқушылардың ұлттық мейрамды отбасында, жақындарының жанында қарсы алуға мүмкіндік туғызу мақсатында 14-23 наурыз аралығында (10 КҮН) наурыз каникулы белгіленуі тиіс.

БАСЫМДЫҒЫ:

  • мектеп оқушыларының 24 наурыз бен 1 сәуір аралығындағы ІІІ-тоқсан каникулы он күнге жылжиды;
  • балалар Наурыз мейрамын отбасымен, ағайын-тумаларымен қарсы алады;
  • тоқсан аралық каникулдардың арасында жиілік тепе-теңдігінің сақталуына мүмкіндік туады.

Каникулдар арасындағы жиілік

Қазіргі кесте

ІІІ тоқсан

ІV тоқсан

10 қаңтар мен 24 наурыз

1 сәуір мен 24 мамыр

2 ай 14 күн

1 ай 24 күн

74 күн

54 күн



Жаңа нұсқа

ІІІ тоқсан

ІV тоқсан

10 қаңтар мен 14 наурыз

24 наурыз бен 24 мамыр

2 АЙ 4 КҮН

2 АЙ 1 КҮН

64 КҮН

61 КҮН




Қорыта айтқанда, бүлдіршіндеріміздің Көрісу мерекесін кішкентайынан туғандарымен бірге тойлап, көріп өсуінің тәрбиелік мәні зор. Энергия алмасу процесі кезінде ағза жаңа күш-қуатқа ие болады.

НАУРЫЗ НЫШАНЫ

Қызғалдақ Наурыздың атрибуттық белгісі, эмблемасы ретінде бекітуді қажет етеді.

Жылына тек 15 күн ғана гүлдейтін қызғалдақ қазақтың кең байтақ даласын қызыл кілемге көмкеріп, жазиралы алқапты асқан сұлулық пен әсемдікке бөлейтін көктем маусымының сәні. Төл мерекеміздің символы. Сүйіспеншіліктің, асыл сезім мен таза көңілдің белгісі.

Мереке күні аналарға, қыз-келіншектерге гүл сыйлау көңілдерге құштарлық, шынайы шаттық сыйлайды. Бұған қоса мекемелер, көшелер, саябақтар қызғалдақ гүлімен көмкеріліп, абаттандырылса нұр үстіне нұр. Сол арқылы біз Еуропаға ерекше қастерленетін қызғалдақтың түпкі отаны қазақ даласы екенін де ұрпақ санасына сіңіре түсер едік.

Қызғалдақтың ең алдымен қазақтың дархан даласында өсіп, кейіннен жер жүзіне таралғандығын ғалымдар бұл күнде нақты дәлелдеп отыр.

Жетісу қорғандарынан табылған б.з.д. ІІІ-ІІ ғғ. сақ патшалары мен көсемдерінің киімдерінде кездесетін қызғалдақ тәрізді оюмен әшекейленген алтын тіліктер осының айғағы.

Нидерланды патшайымы Беатрикс ханым Қазақстанға жасаған сапары кезінде: «Ұлы Жібек жолы ғасырлар бойы Еуропаны Азиямен байланыстырды. Осы арқылы біздің елге қызғалдақ гүлі келді... Қазақстанның даласы мен тауларында жайқалып өсетін бұл гүл бүгінде біздегі саудада ең өтімді өнімге айналды... Сол үшін біз сіздің елге қарыздармыз», – деген болатын.

Қызғалдақ гүлін Наурыздың нышанына айналдырудың тағы бір басым тұсы – экономикалық тартымдылығында.

Мәселен, голландықтардың қызғалдақты ерекше қадірлеп, көбейтуінің негізгі себебі – олардың қызғалдақ бизнесін өркендетуінде екені белгілі. Мемлекет экономикадағы ішкі кірістің басым бөлігін жылына қызғалдақ сатудан түскен 500 миллион АҚШ доллар пайдадан алады.

ОСЫ ОРАЙДА НАУРЫЗ МЕРЕКЕСІ ҚАРСАҢЫНДА:

- Жаңа жылда шыршаны безендіріп қою дәстүрінен алшақтап, оның орнына Ұлыстың ұлы күні қарсаңында Наурыз нышаны ретінде қызғалдақтың көшірмесін еліміздің облыс, аудан орталықтарында және қалаларында орнатуды қолға алу;

- қала, ауыл көшелерін қызғалдаққа немесе қызғалдақ бейнеленген банерлерге/суреттерге толтыру;

- қызғалдақ гүлінен безендірілген түрлі кәдесыйлар жасау, тіпті қолымыздағы сыйлық сыйлайтын пакеттерге қызғалдақтың суретін бейнелеу;

- көпшілік мекеме-кәсіпорындарды безендіруге кеңінен қолданылып жүрген жасанды гүл, өсімдіктер санатына қызғалдақты батыл қосу қажет.

НАУРЫЗ СИМВОЛИКАСЫ

Күн мен түннің теңелуі - астрономиялық көктемнің тууы. Астрономдардың тілімен айтар болсақ, бұл кезде Күннің орталығы өз қозғалысы барысында Жер экваторын кесіп өтеді.

Ғылымда көктем туатын мезгілді түрліше шамалау әдісі қалыптасқан. Күн қозғалысына негізделген есеп бойынша нағыз көктем осы - КҮН мен ТҮННІҢ (21-нен 22-не қараған түні) теңелу сәті. Түн ортасы ауғанда жаппай ЖАҢА КҮНДІ қарсы алу дәстүрін түлеткеніміз абзал.

Елбасы өз сөзінде «Халқымыз қашанда жаңа жылдан жақсылық күтіп, келер күннен үмітін үзбеген. Бүгінін болашағымен байланыстыратын бар ізгіліктің бастауын игі ниеттен іздеген. Сондықтан тіршілік жаңаратын наурызда әр адам жақсылыққа ниет етуі тиіс» деген болатын.

Ендеше жарықтың ұзаратын, күн нұрының молығатын ЖАҢА КҮННЕН үлкен де, кіші де жақсылық тілейді.

БАСҚА ХАЛЫҚТАРҒА ҚАРАҒАНДА, ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫНЫҢ ЖАҢА ЖЫЛ – НАУРЫЗДЫ ҚАРСЫ АЛУЫ ОСЫ ҚАСИЕТІМЕН БАСЫМ.

ТАЛ ЕГУ

Наурыз мейрамы тек той тойлау ғана емес, сонымен қатар жаппай тазалық шараларын өткізу керек. «Бір тал кессең, он тал ек!» дегендей, көшет отырғызу науқаншылдық емес, дәстүрге айналғаны абзал және сол егілген талдарға айырықша күтім болса.

ӘЛЕУМЕТТІК ШАРАЛАР

Дәл осы «Наурыз мейрамы» күндері аясында еліміздің іскер азаматтары, меценаттар, қоғамдық ұйымдар мен мекемелер  балалар үйлеріне,   тұрмысы төмен отбасыларға және қоғамның әлеуметтік қорғалмаған топтарына жәрдем жасап, қайырымдылық шараларына көңіл бөлгені жөн. Бұл игі істе Қазақстанның белсенді жастарының басын біріктіріп, волонтерлар корпусын Наурыздың жаңа тұрпатта тойлануына жұмылдыру керек.

Наурыздың рухани мәртебесі арта түсуі үшін, жыл сайын қыс айларында дәстүрлі берілетін әдебиет пен өнер саласы қайраткерлеріне арналған стипендияларды, «Шапағат» медалiн, «Алтын алқа», «Күмiс алқа» наградаларын табыс ету мерзімін Наурыз мейрамына ауыстырған абзал.

ҰЛТТЫҚ КИІМ

Сондай-ақ, Наурызға әбден жаттанды болған шапан мен камзолдың орнына, осындай қасиетті де ерекше күндері әркім өзіне жарасатындай, сән-салтанатымен, мақтанышпен киетіндей қазіргі заманғы ұлттық киім үлгілерін тіктіргені абзал және Наурыз мерекесін барша қазақстандық сол ұлттық киіммен қарсы алса, нұр үстіне нұр болар еді!

Сонымен, гүл сыйлау үрдісі, ұлттық тағамның ықшамдалған үлгісін әзірлеу, креативті киім үлгілеріне сұраныс туғызу, наурыз белгілерін айшықтайтын кәдесыйлар, сувенирлер жасау – бәрі айналып келгенде, ысырапқа емес, керісінше экономикамыздың да қозғаушы күштерінің біріне айналады.

ҚЫРЫҚТЫҢ БІРІ – ҚЫДЫР

Қыдыр баба (Қызыр) бар жақсылықтың, молшылық пен берекенің иесі, үміттің шырағын жағатын кие. “Қырықтың бірі - Қыдыр” сөзінің астарынан осындай түсініктен туындаған моральдық факторды көреміз.

Әдетте, біз Қыдыр бабаны көбінесе көпшіліктің алдына шығарып, ақ тілек айтқызып, ақ бата бергіземіз де, одан әрі оның қиялды ұштай түсетін мүмкіндігін ескермейміз.

Ендеше, Қыдыр бабаны Наурыз мейрамын өткізу барысында ұтымды пайдаланған абзал. Айталық, ол жұртқа бата берумен ғана шектелмей, сыйлықтар да үлестіретін болса. Әсіресе, Қыдыр атаның мейірімі бүлдіршіндер көңілімен ұштасса, мерекенің мәні мен сәні арта түседі.

Мәшһүр-Жүсіп Көпеев Наурыз мерекесі жайлы: «Қазақта Наурыз деген кісі аты болған. Келіндер оның есімін атай алмай «Ұлы күн», «Ұлыстың ұлы күні» деп атап кеткен дейді.

Осы ретте, Қыдыр бабаны бүлдіршіндер Аяз атаны күткендей күтіп, ол келгенде «Ұлы күн», Қыдыр баба келді деп қуанатындай дәрежеде болуы тиіс.

Өз кезегінде Қыдыр баба батасы мен сыйлығын беріп, балаларды ойландыратын өсиет, аңыз-әңгімелер айтқаны абзал.

Еліміздің батыс өңірлерінде Наурыз мейрамына алдын ала үлкен дайындықтар жасалады. 14 наурыз күні таңғы сағат 6-дан бастап жұрттың бәрі үй-үйді жағалап көріседі.

«Кім ерте тұрып, 40 үйге кіріп, көрісетін болса, соған Қыдыр баба несібесін береді» деген де сөз бар. Сол несібені алып қалу үшін кішкентай бүлдіршіндер таң атпай ерте тұрып, үй-үйге жүгіріп, ата-әжелерге барып көрісетін. Үлкен адамдар «Бүгін көрісуге адамдар келеді» деп, үйінің айналасын, ішін тазалап, әдемі киімдер киіп, күтіп отырады.

СПОРТТЫҚ ШАРАЛАР

Наурыз мейрамы аясында мемлекеттік деңгейдегі дәстүрлі мәдени және спорттық іс-шаралар ұйымдастыруды жандандыру керек. Сондай-ақ, бұқаралық спортты және халықтық дәстүрлерді насихаттау мақсатында, велошеру, марафон секілді бүкіл халықтық сипаты бар спорт сайыстарымен қатар ұлттық ойындардан жыл сайынғы республикалық  «Наурыз» спартакиадасын ұйымдастыруды ұсынамыз.

НАУРЫЗДЫ НАСИХАТТАУ

БАҚ пен әлеуметтік желі мүмкіндіктерін пайдалануға айрықша назар аударғанымыз абзал. Барлық бұқаралық ақпарат құралдары Наурыз мейрамын тойлау барысында өткізіліп жатқан шаралардың танымдық және мазмұндық жағына мән берсе.

Наурыз идеясын насихаттау барысында аймақтар арасында телекөпірлер өткізу, телемарафондар мен тақырыптық бағдарламалар, ақпараттың басқа да формаларын ұйымдастырудың маңызы зор.

Жоғарыда айтылғандарды қорытындыласақ, ежелгі Наурыз мейрамы қазіргі заманға бейімделіп, қоғамда саяси тұрақтылықты, достық пен келісімді нығайтудың, жалпы қазақстандық, отбасылық мерекенің тетігіне айналып, елімізді тұтас қамтиды.

Арыстанбек Мұхамедиұлы,

Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері,

Профессор, өнертану докторы

author

Арыстанбек Мұхамедиұлы

ҚАЙРАТКЕР

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...