Ресейде келіншек өзінің күйеуінің қолынан қайтыс болды, деп хабарлайды MADENIPORTAL.KZ. Әйелдің күй...
Әскери қызметшілерге берілетін төлем үш есеге дейін ұлғаятын болды
Фото: Gov.kz
Мәжілісте әскери қызметшілердің құқықтық жағдайын жетілдіруге бағытталған заң жобасы талқыланды. Құжатта төлемдерді ұлғайту, бітімгерлік миссиялар мен арнайы бөлімшелердің мәртебесін нақтылау қарастырылған, деп хабарлайды MadeniPortal.kz.
Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Болат Керімбек заң жобасының стратегиялық маңызын атап өтті. Оның айтуынша, Қарулы күштердің тиімділігі әскери қызметшілердің әлеуметтік жағдайымен тікелей байланысты.
«Қарулы әскеріміз қуатты болмайынша, мемлекет те мықты бола алмайды. Ал қуатты армия әскери қызметшілерге лайықты көзқарассыз, заманауи қорғаныс тетіктерінсіз және тиімді құқықтық реттеусіз қалыптаспайды», – деді ол.
Депутат заң жобасының бірнеше бағытты қамтитынын да атап өтті.
«Бұл құжат бір мезгілде бірнеше стратегиялық маңызды міндетті шешуге бағытталған. Әскери қызметшілердің әлеуметтік қорғалуын күшейту, халықаралық әскери ынтымақтастықты жетілдіру және Қарулы Күштердің кадрлық әлеуетін нығайту көзделіп отыр», – деді ол.
Ол өз сөзінде төтенше жағдайлар мен терроризмге қарсы іс-қимылға тартылатын әскери қызметшілерге қатысты нормаларға ерекше тоқталды.
«Мұндай міндеттер жоғары қауіппен, үлкен жауапкершілікпен және өмір мен денсаулыққа тікелей қатермен байланысты. Сондықтан көзделген үш еселенген ақшалай қамтылым – артықшылық емес, әділ өтемақы тетігі», – деді депутат.
Айтуынша, бітімгерлік миссияларға қатысты да маңызды өзгерістер ұсынылған.
«Қазақстандық әскери қызметшілер халықаралық аренада еліміздің абыройын лайықты танытып келеді. Сондықтан БҰҰ бөлетін қаражаттың тікелей әскери қызметшілерге төленуі – орынды және әділ шешім», – деп атап өтті ол.
Сонымен қатар арнайы операциялар күштерінің мәртебесін нақтылау мәселесі де көтерілді.
«Арнайы операциялар күштері – жоғары мобильді, кәсіби даярланған бөлімше. Олардың мәртебесі нақты құқықтық реттеумен бекітілуі тиіс. Бұл ұлттық қауіпсіздікті нығайтуға тікелей әсер етеді», – деді Керімбек Бақбергенұлы.
Депутат заң жобасы әскери қызметтің беделін арттыратынын және қорғаныс қабілетін күшейтетінін атап өтті.
«Бұл өзгерістер тек әлеуметтік кепілдіктерді емес, жалпы мемлекеттің қорғаныс жүйесін нығайтуға бағытталған», – деп қорытындылады ол.