Астанада жаңа әуежайдың құрылысы келесі жылы басталады

ашық дереккөз

ЖАҢАЛЫҚТАР
127

Астанада жаңа әуежай салу жұмыстары 2027 жылы басталады, деп хабарлады MadeniPortal.kz.

Бұл туралы Үкімет отырысында Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев мәлімдеді. Жиын Қазақстанның жаңа Конституциясының күшіне енуіне байланысты Мемлекет басшысының тапсырмаларын жүзеге асыру мәселелеріне арналды.

Көлік министрі елдің транзиттік және көлік әлеуетін арттыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады. Оның айтуынша, соңғы бес жылда Қазақстандағы көлік саласының жалпы өнім көлемі үш есеге артқан. Ел аумағында теміржол желілерін, автожолдарды және әуе хабтарын дамыту бойынша ауқымды жобалар іске асырылып жатыр. Теміржол саласында өткізу қабілетін арттыру үшін 754 шақырым жаңа теміржол желісі салынып, 3 мың шақырымнан астам жол жаңғыртылуда.

Биыл «Мойынты – Қызылжар» және «Дарбаза – Мақтаарал» бағыттарындағы құрылыс жұмыстарын аяқтау жоспарланған. Сондай-ақ Астана – Қарағанды теміржол бағыты бойынша үшінші жол құрылысы басталады. Сонымен қатар Қазақстан тарихындағы ең ірі 124 вокзалды жаңғырту бағдарламасы қолға алынған. Оның алғашқы 30 нысаны 1 шілдеге дейін пайдалануға берілген. Автожол саласында 10 мың шақырым жолды жөндеу көзделген. Министрдің айтуынша, жоспарланған жұмыстың жартысы мерзімінен бұрын орындалған.

Әуе көлігі бағыты бойынша алты ірі әуежайды дамытуға басымдық берілмек. Солардың ішінде Астана әуежайын жаңғырту негізгі жобалардың біріне айналады. Жаңа әуежай құрылысының басталуы келесі жылға жоспарланған.

«Жүк авиациясын дамыту еліміздің транзиттік әлеуетін күшейтіп, Қазақстанды халықаралық логистикалық жүйелерге тиімді кіріктіруге мүмкіндік береді. Осы бағытта мемлекет тарапынан қажетті шешімдер қабылданып, жүк авиациясын дамытудың бес жылдық жоспары әзірленді», — деді Нұрлан Сауранбаев. Жаңа әуе хабын салу Қазақстанның көлік инфрақұрылымын кеңейтіп, елдің халықаралық тасымалдағы рөлін арттыруға бағытталған. 

ЖАҢАЛЫҚТАР

Алматыда бірқатар көшеге жаңа атау берілді. Қала әкімдігінің қаулысынасәйкес, ондаған көше белгілі т...

ЖАҢАЛЫҚТАР

Қазақстандық блогер Нұрбек Нұртазы (Justking) ауыр қайғы 25 маусым күні оның анасы өмірден өтті, деп...