Соңғы бір айда "Байқоңыр" ғарыш айлағынан екі ғарыштық ұшырылым жүзеге асырылды, деп хабарлайды made...
Астанадағы ауданы 340 шаршы метрді құрайтын кітапхана балаларға қызмет көрсетуге арналған
Фото: gov.kz
Елорда әкімі Жеңіс Қасымбек қаладағы жаңа кітапханалар туралы ақпарат берді, деп хабарлайды madeniportal.kz.
«Өздеріңіз білетіндей, балаларды ерте жастан кітап оқуға баулудың маңызы зор. Бұл баланың сауатын арттырып, сөздік қорын көбейтіп қана қоймай, көкжиегін де кеңейтуге әсер етеді. Соңғы бірнеше жылда Астанада жаңа кітапханалар ашылған жоқ. «Орталықтандырылған кітапханалар жүйесі» 18 кітапханадан тұратын. Биыл біз 4 кітапхана ашамыз. Олардың 2-еуі қазірдің өзінде ашылды. Олар мына мекенжайларда орналасқан: бұқаралық кітапхана (Нәжімеденов көшесі, 27), балалар кітапханасы – (Бөкейхан көшесі, 25v)», – деп жазды ол әлеуметтік желідегі парақшасында.
Бүгін балаларға арналған жаңа кітапханаға бардым. Жалпы ауданы 340 шаршы метрді құрайтын кітапхана балаларға қызмет көрсетуге арналған. Дегенмен, ересектер де кітапхана қызметін пайдалана алады. Бұл кітапхананың қоры 3 мыңға жуық жаңа кітаптан тұрады. Мемлекет басшысы кітап оқитын халық қана нағыз интеллектуалды бола алатынын айта келе, «Біз жас ұрпақтың кітапқа құштарлығын оятуымыз керек» деген, – деп қосты әкім.
«Жуырда елордада тағы екі кітапхана ашамыз. Осылайша, қаланың кітапхана желісі 22 кітапханадан тұрады. Олардың арасында зағип және нашар көретін азаматтарға арналған кітапхана да бар. Сол сияқты қолданыстағы кітапханаларды жаңғырту жұмысымен де айналысамыз. Өткен жылы 4 кітапхананы, биыл тағы 4 кітапхананы жаңарттық. Астаналық желінің кітап қоры 800 мыңға жуық дананы құрайды. Мәселен, қазіргі уақытта кітапхана қорына берілген кітаптар саны өткен жылмен салыстырғанда 30%-ға артты. Бұл оқырмандардың өсуіне де айтарлықтай әсер етті. Кітапханалар – білім орталығы ғана емес әрі демалыс орны», – деп түйіндеді Жеңіс Қасымбек.