Жамбыл облысы Тереңөзек ауылында мектепке барып, қайырымдылық жасаған, өзін «Томирис патшайым&...
Астанадағы құқықтық ағарту шарасы
Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен заң тұрғысынан халыққа тегін кеңес беру ісі қарқын алып, республикалық акция дәрежесінде жүзеге асырылды. Елордадағы Жастар сарайы аясында «MEDIATOR.KZ» компаниясы құқықтық ағарту шарасын өткізуге мұрындық болды.
Іс-шараның негізгі мақсаты – халық санасын құқықтық тұрғыда ағарту. Осы орайда республикалық акцияны ұйымдастырушы, «MEDIATOR.KZ» компаниясының заңгері Қазбек Нұрмағанбетов өз сөзінде:
«Осындай шаралар халыққа өте қажет. Ең алдымен әр адам өз құқығын білуі тиіс. Заңды білмеген адамдар көптеген жағдайда қателік жасап, өз құқығын да сақтап қала алмайды. Не нәрсе жасамақшы болсаң да, ең алдымен оның құқықтық жолын білу керек. Ол үшін мамандармен кеңесіп, оңтайлы жолын анықтау қажет. Мысалы, заңға қатысты болса, міндетті түрде заңгермен ақылдасу шарт», деп атап өтті.
Осы игі шара аясында үлестік құрылыс, жер мәселесі, отбасылық заңнама сондай-ақ азаматтық құқықтарға қатысты біршама мәселелер туралы кеңес берілді.
Аталамыш іс-шараға «MEDIATOR.KZ», «Bestadvocat» компанияларынан сондай-ақ, Көкшетау, Теміртау және Есіл ауданынан заңгерлер арнайы шақырылған болатын.
- Мұндай тәжірибелер соңғы кезде жиі өткізіле бастады. Қала әкімдігі бізді әруақытта қолдап келеді. Біз бұнда бас пайдамызды көздеп келген жоқпыз. Қала тұрғындары өз құқықтарын білу үшін және заң жағынан сауатты болуы үшін келдік. Көп жағдайда азаматтар өздерінің заңды құқықтарын білмей жатады, соның салдарынан өздерін қалай қорғау екендігін білмейді, - деп атап өтті «MEDIATOR.KZ» компаниясының заңгері Мақпал Оразғалиева.
Осында кеңес берген заңгерлердің айтуынша, азаматтар көп жағдайда тұрғын үй және отбасылық істер бойынша кеңеске жүгінген көрінеді. Ал экономикалық жағдайға қатысы бар өтініштердің сипаты көбінесе борыштық және еңбек мәселелеріне тиесілі болып шықты. Сондай-ақ, мұра қалдыру немесе мұраны алу бойынша кеңес алуға келгендер де бар екен.
Осы шараға қатысқан бір кеңес алушы өзінің риза екенін жеткізді. Мамандар жылы қабақпен мәдениетті түрде, ыждағатты кеңес берген көрінеді.
Жалпы алғанда халық арасында осындай құқықтық ағарту шаралары дәйекті түрде өткізіліп тұрса, қоғамның демократиялық жолмен өрлеуіне үлкен үлес қосылатыны сөзсіз.
З. Самалбекұлы