22 қыркүйекте Павлодар облысының Тереңкөл ауданы, Осьмерыжск ауылында әкесі үш жасар туған баласын а...
Атырау әкімдігінде кадрлық ауыс-түйіс: бұрын тергеуде аты аталған шенеунік кетті
ашық дереккөз
Атырау қаласының әкімдігінде кезекті кадрлық өзгеріс болды. Бұған дейін Ұлттық қауіпсіздік комитеті тергеген қылмыстық іске байланысты есімі аталған қала әкімінің орынбасары Мейіржан Мұқасов қызметінен кетті. Оның орнына жаңа басшы тағайындалды, деп хабарлайды MadeniPortal.kz.
Қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі Мейіржан Мұқасовтың өз өтініші негізінде жұмыстан босатылғанын растады. Ол қала әкімінің орынбасары қызметін бір жарым жылдан астам уақыт атқарған.
Бос қалған лауазымға Айдулат Кенжебеков тағайындалды. Тиісті өкімге Атырау қаласының әкімі Данияр Таханов қол қойған.
Жаңа орынбасар ішкі саясат, қаржы, экономика және бюджетті жоспарлау, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар салаларына жетекшілік етеді.
Айдулат Кенжебеков кім?
Айдулат Кенжебеков 1987 жылы Атырау облысында дүниеге келген. Халел Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетін «Мемлекеттік және жергілікті басқару» мамандығы бойынша тәмамдаған.
Еңбек жолын 2008 жылы облыстық энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасында бастаған. Әр жылдары бас маман, бөлім басшысы және басқарма басшысының орынбасары қызметтерін атқарды.
2019–2022 жылдары Қызылқоға ауданы әкімінің орынбасары болды. Ал 2022 жылдың желтоқсанынан бері Атырау облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасын басқарған.
Мейіржан Мұқасовқа қатысты тергеу туралы не белгілі?
Бұған дейін Ұлттық қауіпсіздік комитеті Атырау қаласы әкімінің екі орынбасарына — Мейіржан Мұқасов пен Тілек Махуовқа қатысты тергеу жүргізілгенін растаған болатын.
БАҚ мәліметінше, Мұқасов қылмыстық іс аясында жауап алуға шақырылған. Кейін тергеу барысында оның және бұрынғы қала әкімі Шәкір Кейкиннің өзге күдіктілерге тағылған алаяқтық әрекеттерге қатысы жоқ екені анықталған.
Осыған байланысты екеуіне қатысты қылмыстық қудалау тоқтатылған.
Еске салайық, биыл қыркүйекте Атырау қаласының әкімі Шәкір Кейкин де қызметінен кеткен болатын. Кейін қала басшысы болып Данияр Таханов тағайындалды.