Әнші Димаш Құдайберген Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Францияға...
Ахмет Байтұрсынұлының бұрын көпшілік көрмеген суреті табылды
Ашық дереккөздерден
Ахмет Байтұрсынұлының бұрын көпшілік көрмеген суреті табылды, деп хабарлады MadeniPortal.kz.
Бұл туралы egemen.kz жазды.
Ұлт ұстазы, Алаш арысы Ахмет Байтұрсынұлына қатысты тың жаңалық жұртшылықты қуантты. Бұған дейін беймәлім болып келген тұлғаның бұрын жарияланбаған суреті табылды.
Суретті Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ қазақ әдебиеті кафедрасының қауымдастырылған профессоры,
филология ғылымдарының кандидаты Қайырбек Кемеңгер тапқан.
Ахмет Байтұрсынұлының кіндік қаны қасиетті Торғай топырағында тамса да, оның өмір жолы Орынбор, Қостанай, Омбы, Қарқаралы, Уфа, Семей, Ташкент, Қызылорда, Баку, Архангельск, Алматы қалаларымен тығыз байланысты болғаны белгілі. Зерттеушілер мұны мұрағаттық деректермен нақтылап келеді.
Әсіресе, Алаш қайраткерінің 1902–1904 жылдары Омбыда қызмет істегені тарихшылардың назарын аударған. Бұл кезеңде ол Ақмола облысы Халық училищелерінің инспекторы А.Е. Алекторовтың іс жүргізушісі болған. Омбы облысы тарихи архивінен табылған құжаттарда А.Байтұрсынұлының өз қолы қойылған ресми жазбалар сақталған. Мұндай материалдар алғаш рет 1998–2000 жылдары зерттеушілердің еңбегі нәтижесінде анықталған болатын (8-қор, 1-тізім, 1-іс).
Соңғы жылдары осы Омбы кезеңіне қатысты деректер толығып, Байтұрсынұлының өмірбаянының бұрын көмескі қалған беттері қайтадан қалпына келе бастады. Енді соған қосымша ретінде оның бұрын еш жерде жарияланбаған суретінің табылуы – қазақ руханияты үшін айрықша маңызды жаңалық.