Астанада алаяқтар танымал Дубай шоколадтарын сатамыз деп ақша жымқырған, деп хабарлайды madeniportal...
«Баламды маған қайтаршы!»: Каспийден аман қалған сарбаздың анасы сол күнгі сұмдықты еске алды
әлеуметтік желіден
Каспий теңізінде өткен әскери оқу-жаттығу кезінде болған қайғылы оқиғадан аман қалған сарбаз Ақжол Темірханның анасы Самал Кеуелова сол күнгі жан күйзелісін еске алды. Ол ұлының тағдыры белгісіз болған сәттер өміріндегі ең ауыр кезеңдердің біріне айналғанын айтты, деп хабарлайды MadeniPortal.kz.
Самал Кеуелованың айтуынша, қайғылы оқиға туралы хабарды естіген сәттен бастап отбасы үлкен үрей мен белгісіздікке тап болған. Алғашында оқу-жаттығудың қай әскери бөлімде өткенін білмеген. Кейін оқиғаның ұлы Ақжол қызмет ететін бөлімге қатысты екенін естігенде, қатты күйзеліске түскен.
«Сол күнгі оқиға мені сындырды… Өмірде талай қиындыққа мойымайтын, бәріне шыдап үйренген мен де сындым. Жанымның қаншалықты ауырғанын сөзбен жеткізу мүмкін емес. Кейбір сәттерді есіме түсіре алмай қалдым. Бұрын басымда екі-үш тал ғана ақ шашым бар еді. Сол бір сағаттың ішінде шашым ағарып, өзімді он жылға қартайып кеткендей сезіндім», – деп жазды Самал Кеуелова.
Оның сөзінше, сол күні Өзеннен Ақтауға дейінгі жол бұрын-соңды болмағандай ұзақ көрінген. Көлікті жүргізген бауыры оның жан күйзелісіне куә болған. Анасы жол бойы жылап, ұлының амандығын тілеп, Жаратқаннан медет сұраған.
Әсіресе, оқу-жаттығу кезінде әскери қызметшілерді құтқару мүмкін болмағаны туралы алғашқы хабарлар оның үрейін күшейткен. Сол сәтте Ақжолдың аман-есен екені белгісіз болғандықтан, отбасы мүшелері ауыр белгісіздікпен бетпе-бет келген.
«Балам солардың ішінде бар ма? Аман ба? Не болды екен? деген мың сан сұрақ жанымды жегідей жеді. Тоғыз баланы құтқара алмағанын естігенде, өзімді қоярға жер таппадым. Ақжолдың сол балалардың ішінде бар-жоғын білмей, тек Алладан тіледік. “Я, Алла, баламды аман сақтай гөр! Баламды маған қайтаршы!” деп жалбарындық», – деп еске алды сарбаздың анасы.
Самал Кеуелова сол күнгі ең ауыр сәттердің бірі телефон арқылы баласының әкесінің жылаған дауысын естуі болғанын да жеткізді.
Айта кетейік, Каспий теңізінде әскери оқу-жаттығу кезінде болған қайғылы оқиға бірнеше отбасыға орны толмас қайғы әкелді. Ақжол Темірхан сол оқиғадан аман қалған әскери қызметшілердің бірі.
Алайда анасының айтуынша, ұлының аман қалғанына қарамастан, сол күнгі қорқыныш пен жан күйзелісі оның жадында өшпестей сақталған.