Басшының "өз адамдары" емес, тәжірибелі кадрлар ұсынылуға тиіс - Қасым-Жомарт Тоқаев

Фото: ЖИ/MadeniPortal.kz

ЖАҢАЛЫҚТАР
412

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қорғаныс министріне бірқатар бірінші кезектегі міндеттер жүктеді, - деп хабарлайды MadeniPortal.kz. 

Бірінші міндет – бюджет қаражатының тиімді жұмсалуын қамтамасыз ету.

"Бөлінген қаржы мемлекеттің қорғаныс қабілетін арттырып, барынша нәтиже беруге тиіс. Мақсатсыз шығынға, талан-таражға жол берілмейді. Мұндай әрекеті әшкереленгендердің бірде-біреуі жауапкершіліктен құтылмайды", – деді Президент.

Екінші міндет – қазіргі заманғы қауіп-қатерлерді ескере отырып, Қарулы Күштерді реформалау. Қауіпсіздік кеңесінің аппараты Қорғаныс министрлігімен бірлесіп, он күн ішінде әскерді реформалау жөнінде арнайы жоспар әзірлеуге тиіс.

Мемлекет басшысы мамандарды іріктеу мен бағалаудың ашық критерийлерін енгізген жөн деп санайды.

"Әскери лауазымдарға басшының "өз адамдары" емес, тәжірибелі және білікті кадрлар ұсынылуға тиіс", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Үшінші міндет – әскер қатарындағы идеология және тәрбие жұмысын күшейту. Бұл іс Конституцияның басты қағидаттары мен құндылықтарына сәйкес жүргізілуге тиіс.
Сондай-ақ, әлемнің әскери тарихы, ұлтымыз бен жаһан елдерінің озық рухани-мәдени жетістіктері кеңінен дәріптелуі керек. 

Армия кәсіби даярлық пен білімді шыңдап, отаншылдыққа баулитын мектеп болғаны жөн. Онда әрбір әскери қызметшінің өмірі мен қауіпсіздігі бәрінен жоғары тұруы қажет.