Жолдаудың басты мақсаты – халықтың әл-ауқаты мен кәсіпкерліктің дамуы – А. Мырзахметов

Жаңалықтар
682

Елімізде жасалып жатқан барлық реформалар бірінші кезекте халықтың әл-ауқатын жақсартуға жұмыс істеуі керек. Сондықтан Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру»  атты Қазақстан халқына арналған биылғы Жолдауының басты тақырыбы да мәселені қозғайды.



Осындай ойды бүгін өткен Демократиялық күштердің «Қазақстан-2050» жалпыұлттық коалициясының кезекті отырысында «Атамекен» ҚР ҰКП Басқарма Төрағасы Абылай Мырзахметов айтқан болатын.  

Оның пікірінше, елімізде қолға алынып жатқан барлық реформалардың нәтижесі ең бірінші кезекте халықтың әл-ауқатының жақсаруымен көрініс табады.



«Жолдауда Мемлекет басшысы кәсіпкерлікті қолдауға және дамытуға баса назар аударған. Соның ішінде шағын және орта бизнесті, әсіресе шикізаттық емес секторды несиелендірудің қолжетімділігі дер кезінде көтеріліп отыр деп есептеймін. Елбасы халықтың тұтынуына ең бірінші кезекте қажетті тауарлар ел ішінде өндірілуі тиіс деген талап қойып отыр. Яғни азық-түлікпен де, киім-кешекпен де, үй жиһаздарымен де өзімізді өзіміз қамтамасыз ететін кез келді деген сөз. Сондықтан бұны жай ғана тапсырма деп емес, отандық өндірушілерге жасалған нақты қолдау деп түсінген абзал», - деп баса айтты А. Мырзахметов.

Оның болжамы бойынша, импорттық тауарлардың орнын отандық өнімдермен алмастыру Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық жағдайына оң әсерін тигізері анық.

«Валюта курсының тұрақсыздығы салдарынан импорттың күн санап қымбаттап келе жатқанын көзіміз көріп отыр, бұл өз кезегінде халықтың қалтасын қағып отыр. Сондықтан да бірінші кезектегі тауарларды өз елімізде шығару ауадай қажет, тек сонда ғана импортқа тәуелділіктен арыла аламыз. Екіншіден, отандық өндірушілерді қолдасақ, олар өз кезегінде ел халқын жұмыспен қамтитын болады. Өндірістерге тапсырыс неғұрлым көбірек түскен сайын, олардың жұмысы да соғұрлым көбірек жүреді, сәйкесінше мемлекет қазынасына да көбірек салық төлейді», - деп атап өтті А. Мырзахметов.

Айта кету керек, биыл «Атамекен» экономиканың 8 саласы бойынша 2 мыңнан астам кәсіпорынның тізімін жасап шығарды. Сауалнаманың нәтижесі бойынша компаниялар орта есеппен өндірістік қуаттылығының тек 57 пайызын қолданып отыр екен, яғни олар жаңа тапсырыстарға зәру деген сөз. Тіпті мемлекеттік тапсырыстарды атқаруға да күш-қуаттары жетіп тұрған көрінеді. «Атамекен» ҚР ҰКП Басқарма төрағасының айтуынша, Елбасы көтерген бұл мәселе кезек күттірмей тез арада шешілуі тиіс және оның оңтайлы орындалуы үшін палата мен Үкіметтің бірлесіп әрекет етуі ләзім.


З. Самалбекұлы


Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...