Танымал әнші Жігер Ауыпбаев өзінен 15 жас кіші аруға үйлену туралы ұсыныс жасағанын әлеуметтік желід...
Белгілі блогер әрі заңгер Әділетхан Молдахан 2,5 жылға сотталды
ашық дереккөзден
Алматыда блогер Әділетхан Молдаханға қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлады MadeniPortal.kz.
Сот оны жалған ақпарат таратқаны үшін кінәлі деп танып, 2 жыл 6 айға бас бостандығынан айырды. Алматы сотының баспасөз қызметінің мәліметінше, Әділетхан Молдахан Қылмыстық кодекстің 274-бабының 3-бөлігі бойынша, яғни көрінеу жалған ақпарат тарату дерегімен кінәлі деп танылған.
Сот үкіміне сәйкес, блогер 2 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар оған қосымша жаза ретінде бес жыл бойы қоғамдық-публицистикалық қызметпен айналысуға тыйым салынды. Әзірге сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
Еске салсақ, биыл 31 наурызда Алматы қалалық Полиция департаменті Әділетхан Молдаханға қатысты көрінеу жалған ақпарат тарату фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастағанын хабарлаған болатын. Сол кезде күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалған. Кейін полиция оның бұған дейін де қылмыстық жауапкершілікке тартылғанын мәлімдеді. 8 сәуірде сот Молдаханды екі айға қамауға алу туралы санкция шығарды.
Ал 4 маусымда бұл іс бойынша негізгі сот процесі басталған еді.