Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің кезекті отырысы өт...
«Бесстыжий деді»: Аслан Қаженов Головкинмен арада не болғанын айтты
коллаж MadeniPortal.kz
Спорт журналисі Аслан Қаженов қазақстандық боксшы Геннадий Головкинмен арада болған жағдай туралы жазба жариялап, оған ренішін білдірді, деп хабарлады MadeniPortal.kz.
Журналистің сөзінше, оқиға бокс жарыстарының кезекті сессиясынан кейін болған. Қаженов Головкинмен амандасқан кезде боксшының өзіне «бесстыжий» деген сөз айтқанын мәлімдеді.
Аслан Қаженов бұған дейін Геннадий Головкин туралы теріс пікір жазбағанын, керісінше, оған ерекше құрметпен қарағанын атап өтті. Алайда осы жағдайдан кейін көзқарасы өзгергенін жасырмады.
«Бұған дейін Геннадий Головкин туралы бір негатив жазбадым. Керісінше, құрметім ерекше болатын. Бүгін нөлге түсті. Бокс сессиясынан кейін амандасып жатсам, “бесстыжий” дейді. Даңқты чемпион шығарсың. Бірақ адам болып қалу керек», – деп жазды журналист.
Ол шетелдегі жарыстарды Қазақстан атынан ақпараттандырып жүрген журналист ретінде отандық спортшылардың нәтижесіне алаңдайтынын да жеткізді.
«Бір елдің атынан келген соң, сол елдің мүддесі үшін күйіп-пісіп, сол елдің спортшыларымен бірге қуанып, бірге мұңайып жүрген бір қазақтың баласымын. Бізде де намыс бар. Бізде де ар бар. Шындықты айттым. Шындықты айтамын», – деді Қаженов.
Сондай-ақ журналист Головкинді спорттағы даулы мәселелерге, соның ішінде Виктория мен Ясминаның нәтижелеріне қатысты нақты жұмыс істеуге шақырды.
Әзірге Геннадий Головкин Аслан Қаженовтің бұл мәлімдемесіне қатысты ашық пікір білдірген жоқ.