«Бір әйел аяғынан айырылды»: Алматыда жүргізуші куәлігі жоқ қыз ауладағыларды соғып кеткен

Фото: Azattyq Rýhy/Әбілқасым Есентаев

ЖАҢАЛЫҚТАР
172

Түнгі сағат 01:00 шамасында туған күн тойлап отырған отбасының шырқын ауласына кірген жеңіл көлік бұзды, деп хабарлайды MadeniPortal.kz Sn.kz-ке сілтеме жасап. 

Оқиға куәгерлерінің сөзінше, бәрі көзді ашып-жұмғанша болған.

Қасымда бес жастағы қызым отырған еді. Кенет қатты дыбыс естіліп, артынша көліктің бізге қарай келе жатқанын көрдім. Не болғанын түсінбей қалдым. Бар ойым баламды қорғау болды, – дейді зардап шеккендердің туысы.

Алғашында көлікте тек жүргізуші болғаны айтылса да, кейін тұрғындар көлік салонында үш адамның болғанын жеткізген. Олардың мәліметінше, рөлге жүргізуші куәлігі жоқ 23 жастағы бойжеткен иелік еткен. Ал көліктің иесі артқы орындықта болған, оның жанында тағы бір жігіт отырған көрінеді.

Куәгерлердің сөзінше, оқиғадан соң көлік иесі оқиға орнынан бой тасалаған және кейіннен көлікті ешкімге бермегенін айтқан. 

Жол апаты салдарынан екі әйел ауыр жарақат алды. Олардың бірінің бірнеше қабырғасы сынса, екінші әйелдің жарақаты аса ауыр. Дәрігерлер оның аяғына ампутация жасауға мәжбүр болған. Қазіргі уақытта ол жансақтау бөлімінде жатыр.

Жәбірленушілердің жақындары жедел жәрдем қызметінің кешігіп жеткеніне де наразылық білдірді.

Қан өте көп жоғалтты. Біз ғана емес, көршілердің бәрі қайта-қайта қоңырау шалды. Бірақ жедел жәрдем шамамен 40-45 минуттан кейін ғана келді. Полиция да кеш жетті, ал жол-патрульдік полиция қызметкерлерін тұрғындар таңға дейін күтті, – дейді туыстарының бірі.

Зардап шеккендердің бірі Шамалғандағы ауруханаға жеткізілсе, аяғынан айырылған әйел Қалқаман ауруханасына жатқызылған.

Жәбірленуші тарап істің объективті тергелуіне алаңдаушылық білдіруде.

Бізді ең қатты алаңдататыны – істің жабылып қалуы немесе әділ шешім шықпай қалуы. Бар үмітіміз – тергеудің ашық әрі заң аясында жүргізілуінде, – дейді зардап шеккен әйелдің сіңлісі.