Ақтөбе облысында шенеунік қызмет бойынша жалпы қамқорлығы үшін ведомстволық бағынысты ұйымдардың бас...
«БӨГЕНБАЙТАНУШЫ» ДИЛЕТАНТ БӨРІБАЙДЫҢ «ЕРТЕГІЛЕРІ» (2-бөлім
Фото автордан
«БӨГЕНБАЙТАНУШЫ» ДИЛЕТАНТ БӨРІБАЙДЫҢ «ЕРТЕГІЛЕРІ» (1-бөлім)
Кез келген надандықтың ортақ кемшiлiгi – өзiң бiлмейтiннiң бәрiн жоққа шығару.
Марк Аврелий
Белсенді надандықтан асқан қорқынышты ештеңе жоқ!
И.В. Гете
Тархандықты қолдан телуші
2017 жылдан бастап Я.П. Гавердовский деректерін бұрмалап, Бөкенбай шоқысын Шекті Бөгенбайдың атына телу жолына түскен дилетант алғашқы шатпағында «Сондықтан барымтада өліп, шоқыға жерленген Қабақтың Бөгенбай шалы дейміз біз!» деумен шектелсе [Кәртен Б. Таласқа түскен Шекті Бөгенбай шоқысы // Шалқар. – 2017. – 10 наурыз], екі-үш жылдан соң қайтадан басылған шимайларында «Сондықтан барымтада өліп, шоқыға жерленген Қабақтың Бөгенбай деген биі дейміз біз!» деп өзгеріске түсірген [Кәртен Б. Таласқа түскен Шекті Бөгенбай шоқысы // Атажұрт тарихының парақтары. – Ақтөбе: «Ақжар-АБК», 2019. 89-б.; Кәртен Б. Таласқа түскен шекті Бөгенбай бидің шоқысы // https://adyrna.kz/index.php/post/52132 – 2020. – 2 қараша].
Өзінің қиялымен қисыны келмейтін өтірікті соқталай салудың су жұқпас қас шебері Б. Кәртен Шекті Бөгенбайды бұрмалағанымен қоймай Бөкенбай батырға да килікті. Алғашқы шатпағында бүй дейді: «...Пікір өзегі – тархан Табын Бөкенбай батырды тарихтан мүлдем өшіріп, елді шатастыру ниетімен, өз ауылынан бірнеше «Бөкенбай батырды» да ойлап шығарды. Қайсыбір танымы кем парықсыздар мұны әлі шын көреді... XVII – XVIII ғасырлар аралығында ғұмыр кешіп, есімі тек қазақ халқына ғана емес, Ресей империясы мен Орта Азияға мәлім болған батыр һәм тархан Бөкенбай – біреу ғана! Қалғаны – ойдан құрастырылған арсыз өтіріктер!» [Кәртен Б. Таласқа түскен Шекті Бөгенбай шоқысы // Шалқар. – 2017. – 10 наурыз].
Иә, «әркім өз ойынан хабар береді» демекші, Бөрекеңнің бұл пікірі тап өзіне арналғандай. Өйткені «Бөкенбай батырды тарихтан мүлдем өшіріп, елді шатастыру ниетімен» арсыз өтіріктерді ойдан құрап жүрген «танымы кем парықсыздың» нақ өзі еді. Бір қызығы, осыдан 8 жыл бұрын «бөгенбайтануға» із салған аталмыш шимайында «XVII – XVIII ғасырлар аралығында ғұмыр кешіп, есімі тек қазақ халқына ғана емес, Ресей империясы мен Орта Азияға мәлім болған батыр Бөкенбай – біреу ғана!» деп ақиқатты мойындағанымен, уақыт өте келе сол пікірінен бас тартып, батырдың тұлғасына тиісуді бастады. Осыған дейінгі отандық тарихнамада жан-жақты сараланып, ғылыми тұрғыда нақты дәлелденген кәсіби тарихшы-ғалымдардың тиянақты тұжырымдарын әдейі жоққа шығарып, қисынсыз қиялға құрылған өтіріктерді ойлап табуда. Алғашында өзі Бөкенбайды «Арыстандай айбатты баһадүр» атағанымен, кейін осы сөзін теріске шығарып, жазба деректерге анық түскен батырдың болмысын «жалған деректерге құрылған» деген негізі жоқ бәтуасыз былжырақтарға жол беруде. Сол арқылы тарихи тұлғаны ашықтан-ашық қаралауға көшті. Осылай өзінің тұрақты тұжырымы жоқ тиянақсыздығымен, екі сөйлейтін екіжүзділігімен әрнәрсенің басын бір шалуды кәдуілгі әдетке айналдырған дилетант үшін қысқа күнде қырық құбылу қанына сіңіп, сүйегіне өткен қалыпты үрдіс екен [Кәртен Б. Таласқа түскен Шекті Бөгенбай шоқысы // Шалқар. – 2017. – 10 наурыз; Кәртен Б. Таласқа түскен шоқы мен 1710 жылғы Қаракесек жиыны // Ақиқат. – 2022. – № 10. – қазан. 68-б.; Кәртен Б. Бөгенбай шоқысы мен Айырқызыл құмын кімдер қоныс қылғанын білеміз бе? // Айқын. – 2024. – 30 тамыз; Кәртен Б. 1710 жылғы Қаракесек жиыны: бұрмаланған ақиқаттар // https: //zhasalash.kz/ news/1710-zhilgi-karakesek-zhiini-burmalangan-akikattar-694f3c/. – 2024. – 15 қыркүйек; Кәртен Б. Бөгенбай тауының тарихи атауын табын руынан шыққан Бөкенбайға телісе оның батырлығын аспандатып жібере ме?! // Facebook желісіндегі жазба. – 2024. – 10 желтоқсан; Кәртен Б. Бөкенбайдың батырлығы жалған деректерге құрылған // https:// halyqline.kz/qogam/tarih/boekenbajdyng-batyrlyg hy-zhalghan-derekterg e-qurylghan/. – 2025. – 7 ақпан].
Б. Кәртен құжаттық жазбалар мен фольклор мұраларында сақталған сан алуан мәліметтерді қасақана белден басып, «Бөкенбайдың батырлығы жалған деректерге құрылған» деген қияли өтірігімен лағып жүрсе, көрнекті жазушы Ә. Кекілбаев Қарақұм жиынында жалынды сөз сөйлеген Бөкенбайды Кіші жүздің бас батыры деп бағалайды [Кекілбаев Ә. Үркер: Роман. – Алматы: Жазушы, 1981. 118-123 бб.]. Қазақтың қарымды қаламгері М. Мағауин де Қарақұм құрылтайында «Бас қолбасы болып Бөкенбай батыр сайланады» деп анықтайды [Мағауин М. Қазақ тарихының әліппесі. – Алматы: Қазақстан, 1995. 91-б.]. Белгілі жыршы, ауыз әдебиеті үлгілерін жинаушы Е. Құлпыбаев «Барақ батыр» жырында «Бұл күндері қазақтың елдері дұшпаннан қауіпсіз отырған ел еді, ел сүйгендей қазақтың арасында атақты батыры жоқ, бұрынғы Бөкенбай, Есет, Жәнібек деген аруақты ерлерінің өлген кезі екен» дей келіп:
«Есет пенен Бөкенбай,
Арғыннан шыққан Жәнібек,
Тілегін берген бір Құдай,
Заманында ер болып,
Қалмақты қырған бір талай», - деп жырға қосқан [Бабалар сөзі: Жүзтомдық. Т. 60. Тарихи жырлар. / Томды құрастырып, баспаға дайындағандар: филология ғылымдарының кандидаттары: С. Қосан, С. Сәкенов. – Астана: «Фолиант», 2010. 11, 13-14 бб.]. Атақты ақын С. Нұржан да «қазақтың әруақты батыры Табын Бөкенбай Қараұлы күллі қазақты жоңғар-қалмақтан қорғап қалу жолында ерен еңбек еткен» десе [Айт-Ман Нұржан. Суаяқ (Жабайұшқан тауындағы «ғасыр сотына» қасида) // Facebook желісіндегі жазба. – 2023. – 2 тамыз], сол кезеңді зерттеуші кәсіби ғалым Ә.Қ. Мұқтар «Қиын-қыстау заманда халқына қамқор, ханына ақылшы, ұрпағына қорған болған, егде тартқан жасына қарамастан, қол бастап ат үстінен түспеген Бөкенбай батыр тарихы – ерлік пен елдіктің, Отанына деген сүйіспеншіліктің айқын белгісі» деп түйіндейді [Мұқтар Ә. Бөкенбай батыр туралы не білеміз? // Тарих тұңғиығындағы тұлғалар (XVIIІ-ХІХ ғғ.). Ғылыми мақалалар жинағы. – Алматы: Арыс, 2008. 50-б.]. Міне, осыдан-ақ оқырман қауым ненің жалған, ненің дұрыс екендігін, яғни аталмыш ой-пікірлердің аражігін ажыратып, ақ-қарасын анықтап, сөздің ғаділін түсінері хақ. Өйткені, батырдың болмысын бұрмалауды мақсат еткен дәлдүріш қана өзінің тобықтан төмен түсінігімен Бөкенбай тұлғасына қалам тартқан зерттеушілердің барлығын «бөкенбайшыл тобырға» теңеп тыраштанғанымен, жоғарыдағы авторлардың орнықты ой-тұжырымдары мен байыпты байламдары дилетанттың қисынсыз қиялдарын жоққа шығарады.
Бөкенбай батырдың тұлғасына тархан атағын телу арқылы да Бөрекең тарихи танымының таяздығын тағы бір мәрте таныта түсті. Өзінің шатпағында Бөкенбай батырды 8 рет тархан атаған. Кейін тап солай қайталайды [Кәртен Б. Таласқа түскен шекті Бөгенбай бидің шоқысы // https:// adyrna.kz/index.php/po st/52132. – 2020. – 2 қараша]. Төртінші шимайында тархан атауы үшке қысқарса [Кәртен Б. Шоқы кімге тиесілі: Бөкенбай батырға ма, әлде Бөгенбай биге ме? // Қазақ әдебиеті. – 2021. – 30 сәуір. – № 18], «Ақиқат» журналындағы бесінші шатпағында төрт рет аталады [Кәртен Б. Таласқа түскен шоқы мен 1710 жылғы Қаракесек жиыны // Ақиқат. – 2022. – № 10. – қазан. 62-63 бб.]. Сөйтіп, кез келген «деректі» ойдан тудырып, жанынан шығара салатын сәуегейлік әдетіне сай қателік жіберіп, сол арқылы халықтың санасына жалған ақпараттың дәнін сеуіп жатқанымен шаруасы жоқ. Егерде елге деген құрметі болса, әр сөзіне мұқият мән беріп, өз қателігін бірнеше рет қайталамас еді.
Ақиқатында Бөкенбай ешқашан тархан атағын алған емес. Қарақалпаққа жіберілген ағылшын көпесі Р. Гок батырдың түрікмендердің қолынан қаза тапқанын 1742 жылы 21 сәуірде естісе [РИССА. 122-қ., 122/1-т., 1742, 4-іс, 71-п.; Казахско-русские отношения в XVI – XVIII веках (Сборник документов и материалов) / Сост.: Ф.Н. Киреев, А.К. Алейникова, Г.И. Семенюк, Т.Ж. Шоинбаев. Под ред. В.Ф. Шахматова, Ф.Н. Киреева, Т.Ж. Шоинбаева. – Алма-Ата: АН КазССР, 1961. с. 211], қазақтар арасында алғаш рет тархандық атақ Орта жүздегі Шақшақ Жәнібек батырға 1742 жылы 30 тамыздағы орыс патшайымы Елизавета жарлығымен тағайындалды [РМКАА. 248-қ., 3-т., 145-іс, 182-182 п. е.ж.; Ерофеева И.В. «Между всеми старшинами знатнейший». Первый казахский тархан Жанибек Кошкарулы. – Алматы, 2013. с. 129-130; Казахско-русские отношения в XVI – XVIII веках (Сборник документов и материалов) / Сост.: Ф.Н. Киреев, А.К. Алейникова, Г.И. Семенюк, Т.Ж. Шоинбаев. Под ред. В.Ф. Шахматова, Ф.Н. Киреева, Т.Ж. Шоинбаева. – Алма-Ата: АН КазССР, 1961. с. 253]. Демек, Ресей империясы қазақ қоғамына тархандықты Бөкенбай батыр фәниден озған соң енгізді. Белгілі ғалым А. Әбсадық айтқандай, «Табын Бөкенбай осы атаққа лайық бірден-бір тұлға болатын, бірақ ол құрметке ие бола алмайды. Себебі патша жарлығы шыққанға дейін ол марқұм болады» [Әбсадық А. Табын Бөкенбай батыр туралы аңыздар // Ұлы Дала аңыздары (ХІІІ-ХVІІІ ғғ.): Жошы ұлысы және Қазақ хандығы кезеңі. Фольклорлық, тарихи-филологиялық талдау. – Алматы: ЖК «Тарпанбаева А.Ш.», 2024. 157-б.].
1743 жылы тархандықты Тама Есет батыр да алады. Ал Бөкенбайдың баласы Тіленші батырға патша үкіметі мұрагерлік тархан атағын 1789 жылы 6 наурызда берді [РМТА. 1291-қ., 81-т., 90-іс, 361-п. е.ж., 362-п.; Ерофеева И.В. Рыцарь «звания чести» Казахский батыр Бокенбай Карабатырулы. – Алматы: Servise Press, 2017. с. 174, 256; Жетпісбай Н. Жоламан Тіленшіұлы бастаған көтеріліс. Монография. – Алматы: ЖШС РПБК «Дәуір», 2023. 341-б.]. Содан бастап тархандық лауазым бес атаға дейінгі Бөкенбайдың әулеттік ұрпағына жалғасады. Мұның өзі «патша тарапынан Бөкенбай батыр әулетінің қазақ арасындағы абырой-беделінің салмағын бағалаған, ол әулетті өз билігіне қарсы болмауын ойлаған марапаты, құрметі болатын» [Әбсадық А. Табын Бөкенбай батыр туралы аңыздар // Ұлы Дала аңыздары (ХІІІ-ХVІІІ ғғ.): Жошы ұлысы және Қазақ хандығы кезеңі. Фольклорлық, тарихи-филологиялық талдау. – Алматы: ЖК «Тарпанбаева А.Ш.», 2024. 157-б.; Ерофеева И.В. Рыцарь «звания чести» Казахский батыр Бокенбай Карабатырулы. – Алматы: Servise Press, 2017. с. 174-176].
«Барымташы» Бөрібай
«Бөгенбайтануға» арналған шимай-шатпақтарында Б. Кәртен өзіне дейін жарық көрген еңбектердегі деректерді пайдаланады, бірақ сілтемеде сол зерттеулерді көрсетпей ат басын тікелей архив қорына бұрады. Сол арқылы өзгенің мүлкіне «барымта» жасап, иеленіп кетуі қалыпты әдетке айналған. Ғылымда біреудің интеллектуалдық меншігіне қол сұғып, «жиендік» жасау плагиат болып саналады. Анықтамасы мынадай: «Плагиат (лат. plaqіo – ұрлау, ұрлық) – басқа aвтордың әдеби немесе ғылыми туындысын иемдену, шығарма үзінділерін өз еңбегінде авторын көрсетпей пайдалану. Бөтен шығарманы немесе оның бір бөлігін түпнұсқасын атамай, өз атынан жариялағанда, із жасыру үшін түрлі әдістер қолдану да кездеседі. Плагиаттық жасап, басқа біреудің шығармасын иемденіп, еңбегін пайдаланған адам авторлық құқықты бұзғаны үшін заң алдында жауапқа тартылады» [Қазақстан. Ұлттық энциклопедия / Бас ред. Б. Аяған. – Алматы: «Қазақ энциклопедиясының» Бас редакциясы, 2005. 360-б.; https://kk.wikipedia.org/wiki/Плагиат].
2017 жылы «Шалқар» газетінде жарияланған алғашқы шатпағында Б. Кәртен Я.П. Гавердовскийдің 1803 жылы 22 тамыздағы: «В праве, верстах в 30 от сего стана, видны горы, называемые Буканбаевыми. В равнине между ними верст на 15 в поперечнике, изобилующей хорошим кормом для скота и чистою ключевою водою, возвышается в виде конуса каменная скала, которая по причине отменной высоты именуется Буканбаевым маяком. В старину, когда киргизцы были еще бессильны, и калмыки, жившие в окружностях их, набегами угоняли скот у киргизцев и их разоряли, Буканбай бий киргизский, имел тогда между сими горами свое кочевье, а на бугре – маяк, откуда давалось знать соседям о приближении неприятеля. Киргизец сей храбростью своею низложил в окрестностях силу калмыков и, будучи убит там посреди сражения, погребен на том же маяке, который вместе с его именем служит киргизцам напоминанием его храбрости», - деген жазбасына сілтемені былай береді: «Қараңыз: Обозрение Киргиз-кайсакской степи (часть 1-я), стр. 23 // Дневные записки в степи Киргиз-кайсакской 1803 и 1804 годов, стр. 44» [Кәртен Б. Таласқа түскен Шекті Бөгенбай шоқысы // Шалқар. – 2017. – 10 наурыз]. Кейін 2019-2021 жылдары қайталанып басылған үш шимайында тура солай келтіреді [Кәртен Б. Таласқа түскен Шекті Бөгенбай шоқысы // Атажұрт тарихының парақтары. – Ақтөбе: «Ақжар-АБК», 2019. 87-88 бб.; Кәртен Б. Таласқа түскен шекті Бөгенбай бидің шоқысы // https://adyrna.kz/ind ex.php/post/52132 – 2020. – 2 қараша; Кәртен Б. Шоқы кімге тиесілі: Бөкенбай батырға ма, әлде Бөгенбай биге ме? // Қазақ әдебиеті. – 2021. – 30 сәуір. – № 18].
Сонымен алғашқы төрт шатпырағының сілтемесінде келтірген Я.П. Гавердовскийдің жазбасын қандай еңбектен немесе архив қорынан алғанын анық түрде ажыратпаған. «Обозрение Киргиз-кайсакской степи (часть 1-я) или Дневные записки в степи Киргиз-кайсакской 1803 и 1804 годов» деп аталатын бір еңбекті екіге бөліп, әрқайсысына бөлек беттерді белгілеуі де түсініксіз. Егер ғылымнан хабары болса сілтеме берудің ереже талабына сәйкес өзі пайдаланған архив қорына немесе тарихи еңбекке толық сипаттама беру керек. Бірақ олай істемеген. Шындығында Бөкенбай шоқысына қатысты жоғарыдағы деректі дилетант «История Казахстана в русских источниках XVI – XX веков» атты құжаттар жинағының (5-том) 92-бетіндегі Я.П. Гавердовскийдің 1804 жылғы «Журналынан...» алғанымен, сол жинақтың құрастырушы авторы И.В. Ерофеева екенін біле тұра әдейі сілтеме бермейді [История Казахстана в русских источниках XVI – XX веков. Т. 5. Первые историко-этнографические описания казахских земель. Первая половина ХІХ века / Сост. И.В. Ерофеева, Б.Т. Жанаев. – Алматы: Дайк-Пресс, 2007. с. 92]. Бір қызығы, «Обозрение Киргиз-кайсаксой степи (часть 1-я) стр. 23. Дневные записки в степи Киргиз-кайсакской 1803 и 1804 годов, стр. 44» деген Б. Кәртеннің бас-аяғы жоқ дүмбілез дүниесін кейін өзге де авторлар сол күйінде қайталайды [Мухамбетулин А., Асан Ж., Қайдаров А. Шекті Бөгенбай батыр // Ана тілі. – 2020. – 5 қараша. https://anatili.kazgazeta.kz/news/58611 ].
2022 жылы «Ақиқат» журналына шыққан бесінші шатпағында Бөрекең жоғарыдағы жазбаны тағы да қайталап, алғаш рет архив қорына: «Қараңыз: Обозрение Киргиз-кайсакской степи (часть 1-я) или Дневные записки в степи Киргиз-кайсакской 1803-1804 годов» (Рукописный отдел ЛОИИ СССР АН СССР. Коллеция № 115, д. № 495)», - деп сілтеме берді [Кәртен Б. Таласқа түскен шоқы мен 1710 жылғы Қаракесек жиыны // Ақиқат. – 2022. – № 10. – қазан. 62, 65, 68 бб.]. Бұл сілтеме кейінгі шимайларының барлығында тап осылай көрініс тапты. Олай болса, Б. Кәртен Бөкенбай шоқысына қатысты Я.П. Гавердовскийдің жазбасын «Рукописный отдел ЛОИИ СССР АН СССР» қорында сақталған «Коллеция № 115, д. № 495» деген істегі құжаттардан «пайдаланған» [Кәртен Б. 1710 жылғы Қаракесек жиыны: бұрмаланған ақиқаттар // https: //zhasalash.kz/news/1710-zhilgi-karakesek-zhiini-burmalangan-akikattar-694f3c/. – 2024. – 15 қыркүйек; Кәртен Б. Исмурзиннің ғылымға жат әдепсіздіктері // https://madeniportal.kz/article/11966 . – 2024. – 29 қазан].
Алайда Бөрекең бүгінде «Ленинградское отделение Института истории Академии наук СССР» (ЛОИИ АН СССР) деген ғылыми мекеменің мүлде жоқ екеніне мән бермейді. Қаперіне алмайды. Анығында білмейді. Егер білсе, жоқ мекемеге қайта-қайта сілтеме беріп лақпас еді. Себебі, 1991 жылы Ленинград қаласына өзінің бастапқы атауы – Санкт-Петербург қайтарылып, ол институт 1992 жылы «Санкт-Петербургский филиал Института Российской истории Российской академии наук» деген атаумен қайта құрылып, 2000 жылдан бері «Санкт-Петербургский институт истории Российской академии наук» (СПбИИ РАН) деп аталады. Осыдан соң «бөгенбайтанушы» дилетанттың Я.П. Гавердовскийдің жазбасы басылған кеңес кезіндегі қандай да бір тарихи еңбектің сілтемесіне жасырын түрде «жиендік» жасағанын түсіндік. Өйткені КСРО-ның ыдырауынан кейін «Ленинградское отделение ИИ АН СССР» деген атаудың жойылып, тарих қойнауына кеткеніне де 30 жылдан асты. Оның үстіне «Қолжазба кітаптар» қорының № 115 коллекциясында сақталған 495-істің қандай парақтарын пайдаланғанын көрсетпеген. Қанша жерден қулыққа басып, ізін жасырып, жымын білдірмеуге тырысқанымен, көп ұзамай Б. Кәртеннің «барымтасы» белгілі болды. Өзінің бесінші шатпағында тарихшы В.А. Моисеевтің зерттеуін пайдаланғанын көріп, соны қайта қарадық. Онда Қарақұм құрылтайына қатысты деректің сілтемесі: «Гавердовский Я. Обозрение Киргиз-кайсакской степи или описание страны и народа киргиз-кайсакского // Рукописный отдел ЛОИИ СССР АН СССР. Коллеция № 115, д. № 495. л. 52-52 об.», - деп берілген. Осылай дәлме-дәл, сөзбе-сөз қайталауына қарағанда 66-беттің соңына түскен архив сілтемесін дилетант сол еңбектен қымқырып кеткен (№ 1, 2, 3, 4 сурет) [Моисеев В.А. Джунгарское ханство и казахи (XVII – XVIII вв). – Алма-Ата: Гылым, 1991. с. 66; Кәртен Б. Таласқа түскен шоқы мен 1710 жылғы Қаракесек жиыны // Ақиқат. – 2022. – № 10. – қазан. 62, 65, 68 бб.].
Себебі, бұл сілтеме В.А. Моисеевтің еңбегінде ғана солай көрсетілген. Ал оған дейінгі кеңестік зерттеулерде «Я. Гавердовский. Обозрение киргиз-кайсацких степей. ІІ, ЛОИИ, № 34329» [Вяткин М.П. Батыр Срым. – Москва-Ленинград: Изд. АН СССР, 1947. с. 13], «Я. Гавердовский. Обозрение Киргиз-Кайсацкой Орды, ч. ІІ. Рукопись хранятся в ЛОИИ, лл. 52-52 об.» [Вяткин М. К истории распада казахского союза // Материалы по истории Казахской ССР (1741-1751 гг.). Т. 2. Ч. 2. Под ред. М.П. Вяткина. – Алма-Ата: Изд-во. АН КазССР, 1948. с. 5] және «Гавердовский Я. Обозрение Киргиз-кайсакской степи. Ч. ІІ. Ленинградское отделение Института истории СССР, коллекция № 115. Собр. рукописных книг, д. 495, л. 52» деп келтірілген [История Казахской ССР (с древнейших времен до наших дней). В пяти томах. Т. 3. / Ред. колл. А.Н. Нусупбекова, Б.С. Сулейменов, В.Я. Басин, А.С. Сабырханов. – Алма-Ата: Наука, 1979. с. 16; Қазақ ССР тарихы (көне заманнан бүгінге дейін). Бес томдық. 3-т. Бас ред. А.Н. Нүсіпбеков. – Алматы: Ғылым, 1982. 16-б.].
Жалпы, кеңес ғалымдары Я.П. Гавердовский жазбасының Ресей Ғылым академиясының Санкт-Петербургтегі Тарих институтының Ғылыми-тарихи архиві қорындағы нұсқасын пайдаланған. Ол туралы М.П. Вяткин: «Его записки опубликованы лишь частично, полный же текст его труда в рукописи хранится в архиве ЛОИИ», - деген еді [Вяткин М.П. Батыр Срым. – Москва-Ленинград: Изд. АН СССР, 1947. с. 13]. Осы жазбаның келесі бір нұсқасы Мәскеу қаласындағы «Ресей мемлекетінің Әскери тарихи архивінде» (РГВИА) сақталды. Оның толық басылымы 2007 жылы «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында тарихшы И.В. Ерофееваның құрастыруымен, ғылыми редакторлығымен, алғы сөзімен алғаш рет жеке жинақ ретінде жарық көрді [История Казахстана в русских источниках XVI – XX веков. Т. 5. Первые историко-этнографические описания казахских земель. Первая половина ХІХ века / Сост. И.В. Ерофеева, Б.Т. Жанаев. – Алматы: Дайк-Пресс, 2007. – 620 с.]. Осыған қарамастан, кейбір авторлар сол жинаққа Санкт-Петербургтегі Ресей тарихы институтының қолжазбалар қорындағы нұсқасы енген деп жаңылысады [Мухамбетулин А., Асан Ж., Қайдаров А. Шекті Бөгенбай батыр // Ана тілі. – 2020. – 5-11 қараша. – № 45 (1565)].
Міне, осы құжаттар жинағында жарияланған Я.П. Гавердовскийдің жазбаларын Б. Кәртен өзінің бүкіл шимай-шатпағында кеңінен пайдаланады, бірақ құрастырушы авторы И.В. Ерофеева болғасын, сол жинаққа бірде-бір рет сілтеме жасамайды. Тек соңғы шатпақтарында ғана Бөкенбай шоқысына қатысты Я.П. Гавердовскийдің 1806 жылғы жазбасын пайдалану барысында алғаш рет сілтеме келтірген [Кәртен Б. Бөкенбайдың батырлығы жалған деректерге құрылған // https://halyqline.kz/qogam/tarih/boekenbajdyng-batyrlygh y-zhalghan-derekterge-qurylghan/. – 2025. – 7 ақпан; Кәртен Б. Ерофееваның ғылымдағы бейбастақтығы // https://turaninform.kz/?p=13739. – 2025. – 15 сәуір; http://kerey. kz/?p=14337. – 2025. – 20 сәуір; Кәртен Б. Исмурзиннің түк дәлелі жоқ өтіріктері // https://madeniportal.kz/literature/ismurzinnin-tuk-daleli-zoq-otirikteri – 2025. – 14 мамыр].
Жоғарыда атап өткеніміздей, Бөрекеңнің бастапқы төрт шатпағында Я.П. Гавердовскийдің 1803 жылы 22 тамыздағы Бөкенбай таулары мен Бөкенбай шоқысы жөніндегі жазбасына сілтеме былай берілген: «Қараңыз: Обозрение Киргиз-кайсакской степи (часть 1-я), стр. 23 // Дневные записки в степи Киргиз-кайсакской 1803 и 1804 годов, стр. 44» [Кәртен Б. Таласқа түскен Шекті Бөгенбай шоқысы // Шалқар. – 2017. – 10 наурыз; Кәртен Б. Таласқа түскен Шекті Бөгенбай шоқысы // Атажұрт тарихының парақтары. – Ақтөбе: «Ақжар-АБК», 2019. 88-б.; Кәртен Б. Таласқа түскен шекті Бөгенбай бидің шоқысы // https://adyrna.kz/index.php/post/52132 – 2020. – 2 қараша; Кәртен Б. Шоқы кімге тиесілі: Бөкенбай батырға ма, әлде Бөгенбай биге ме? // Қазақ әдебиеті. – 2021. – 30 сәуір. – № 18].
Бесінші шимайынан бастап сол жазбаның сілтемесі: «Қараңыз: Обозрение Киргиз-кайсакской степи (часть 1-я) или Дневные записки в степи Киргиз-кайсакской 1803-1804 годов» (Рукописный отдел ЛОИИ СССР АН СССР. Коллеция № 115, д. № 495)», - деп өзгеріске түскен [Кәртен Б. Таласқа түскен шоқы мен 1710 жылғы Қаракесек жиыны // Ақиқат. – 2022. – № 10. – қазан. 62 б.; Кәртен Б. 1710 жылғы Қаракесек жиыны: бұрмаланған ақиқаттар // https: //zhasalash.kz/news/ 1710-zhilgi-karakesek-zhiini-burmalangan-akikattar-694f3c/. – 2024. – 15 қыркүйек; Кәртен Б. Исмурзиннің ғылымға жат әдепсіздіктері // https://madeni portal.kz/ article/11966. – 2024. – 29 қазан].
Анығында Бөкенбай таулары мен Бөкенбай шоқысына қатысты бұл жазбаны Б. Кәртен «История Казахстана в русских источниках XVI – XX веков» атты жинақтың (5-ші том) 92-бетінде басылған Я.П. Гавердовскийдің 1804 жылғы «Журналындағы...» мәліметтен алған (№ 5 сурет). Алайда, сілтемені В.А. Моисеевтің зерттеуінен барымталаған архив атауына береді. Әйтеуір поручик жазбасы көрсетілген сілтеме болғасын, соның ішінде шоқы туралы да ақпарат болуы керек деген дәмемен соқталай салған. Ал дұрысында В.А. Моисеевтің ғылыми еңбегіндегі Қарақұм құрылтайына қатысты дерек Я.П. Гавердовскийдің 1809 жылғы «Обозрение Киргиз-кайсакской степи или Описание страны и народа киргиз-кайсакского» атты жазбасының 2-бөлімінен алынған.
Сол секілді «бөгенбайтанушы» дилетант «Бий Каракубек – главный старшина дюрткаринского рода, тархан, почитаемый в целой орде; он был уважаем и на линии, но за несколько лет пред сим по причине слабого его управления за родом, замешавшимся в грабежах, он стал от границы удаляться» деген мәліметті жоғарыдағы жинақтың 64-бетінен алғанымен ешқандай сілтеме бермейді [Кәртен Б. Таласқа түскен Шекті Бөгенбай шоқысы // Шалқар. – 2017. – 10 наурыз; Кәртен Б. Таласқа түскен Шекті Бөгенбай шоқысы // Атажұрт тарихының парақтары. – Ақтөбе: «Ақжар-АБК», 2019. 88-б.; Кәртен Б. Таласқа түскен шекті Бөгенбай бидің шоқысы // https:// adyrna.kz/index.php/post/52132. – 2020. – 2 қараша; Кәртен Б. Шоқы кімге тиесілі: Бөкенбай батырға ма, әлде Бөгенбай биге ме? // Қазақ әдебиеті. – 2021. – 30 сәуір. – № 18; Кәртен Б. Таласқа түскен шоқы мен 1710 жылғы Қаракесек жиыны // Ақиқат. – 2022. – № 10. – қазан. 62-б.].
Мұндай мысалдарды барлық шатпағынан тізіп тұрып келтіруге болады. Бесінші шимайында: «Совет дәуірі тарихшыларының жария етуімен мәлім болған, сөз қозғап, ондағы кейбір жайттарды талдап, әлгінде біз куәлікке тартқан «Обозрение Киргиз-кайсакской степи или описание страны и народа киргиз-кайсакского» делінетін қолжазбада (Рукописный отдел ЛОИИ СССР АН СССР. Коллеция № 115, д. № 495) орыс офицері Я. П. Гавердовский 1803-1804 жылдары тағы бір деректі былай деп түзіп кеткен екен», - дей келіп аталған жинақтың 393-бетіндегі мәліметті қазақшаға аударып пайдаланады. Бірақ, тағы да сілтемесі жоқ [Кәртен Б. Таласқа түскен шоқы мен 1710 жылғы Қаракесек жиыны // Ақиқат. – 2022. – № 10. – қазан. 65-б.; История Казахстана в русских источниках XVI – XX веков. Т. 5. Первые историко-этнографические описания казахских земель. Первая половина ХІХ века / Сост. И.В. Ерофеева, Б.Т. Жанаев. – Алматы: Дайк-Пресс, 2007. с. 393].
Оған қоса, жетінші шатпағында Қарақұм құрылтайына қатысты бір бетке жуық деректі сол жинақтың 393-394-беттерінен алып, орысша сөзбе-сөз көшіргенімен сілтеме келтірмейді [Кәртен Б. 1710 жылғы Қаракесек жиыны: бұрмаланған ақиқаттар // https: //zhasalash.kz/news/1710-zhilgi-karakesek-zhiini-burmalangan-akikattar-694f3c/. – 2024. – 15 қыркүйек; Кәртен Б. Таласқа түскен шоқы мен 1710 жылғы Қаракесек жиыны // Ақиқат. – 2022. – № 10. – қазан. 65-66 бб.; История Казахстана в русских источниках XVI – XX веков. Т. 5. Первые историко-этнографические описания казахских земель. Первая половина ХІХ века / Сост. И.В. Ерофеева, Б.Т. Жанаев. – Алматы: Дайк-Пресс, 2007. с. 393-394].
Түйіндеп айтқанда, Бөрекең «История Казахстана в русских источниках XVI – XX веков» жинағының 5-ші томынан пайдаланған деректердің соңына В.А. Моисеевтің зерттеуінен меншіктеп алған «Рукописный отдел ЛОИИ СССР АН СССР. Коллеция № 115, д. № 495» атты сілтемені архивтан өзі тапқандай етіп көрсетеді. Осылай «ерте ерте ертеде, ешкі жүні бөртеде» деген ертегісімен кез келген өтірікті ойдан құрай салатын әдетіне сай, бүгінде жоқ атауды еш шімірікпестен шимай-шатпақтарының барлығына тықпалай берген. Өз әрекетін жасырып, шындықты бұрмалауға бағытталған дилетанттың бұл сасық қулығын қарапайым оқырман түсінбеуі мүмкін. Бірақ, сол кезеңді зерттейтін тарихшы-ғалымдардан айласын асыра алмасы анық. Оның үстіне ғылымның талабына сай архив құжаттарын пайдаланған зерттеуші міндетті түрде парақтарын көрсетіп сілтеме жасауы тиіс. Кітаптың беттері секілді. Дилетант болса Я.П. Гавердовскийдің жазбаларына қатысты сілтемеде В.А. Моисеев еңбегінен еншілеп кеткен архив ісін атап өтеді де, парақтарын мүлдем көрсетпейді. Көрсетейін десе де көрсете алмайды. Өңі түгіл түсінде көрмеген архив қорларында сақталған құжаттардың парақтарын қайдан білсін.
Сондықтан жоғарыдағы жинақтан пайдаланған деректердің бәріне сол архив ісінің атауын ғана сілтеме ретінде келтіре берген. Сондағы ойы, И.В. Ерофеева құрастырған жинақты пайдаланбадым, «Рукописный отдел ЛОИИ СССР АН СССР. Коллеция № 115, д. № 495» атты құжаттан алдым деген қырық өтірігіне ел-жұртты сендіру еді. Бұл өтірігін күні бүгінге дейін еш ұялмастан әлі де көпшілікке ұсынумен келеді. Мәселен, «История Казахстана в русских источниках XVI – XX веков» атты жинақтың (5-том) 92-бетіндегі Я.П. Гавердовскийдің: «Буканбай бий киргизский, имел тогда между сими горами свое кочевье, а на бугре – маяк, откуда давалось знать соседям о приближении неприятеля. Киргизец сей храбростью своею низложил в окрестностях силу калмыков и, будучи убит там посреди сражения, погребен на том же маяке», - деген жазбасына В.А. Моисеевтің зерттеуінің 66-бетінен барымталап кеткен сілтемесін еш қиналмастан сол күйінде былай көрсетеді: «Дереккөз: Гавердовский Я.П. Обозрение Киргиз-кайсакской степи или описание страны и народа киргиз-кайсакского. Рукописный отдел ЛОИИ СССР АН СССР. Коллеция № 115, д. № 495» [Кәртен Б. Бөгенбай тауының тарихи атауын табын руынан шыққан Бөкенбайға телісе оның батырлығын аспандатып жібере ме?! // Facebook желісіндегі жазба. – 2024. – 10 желтоқсан; История Казахстана в русских источниках XVI – XX веков. Т. 5. Первые историко-этнографические описания казахских земель. Первая половина ХІХ века / Сост. И.В. Ерофеева, Б.Т. Жанаев. – Алматы: Дайк-Пресс, 2007. с. 92; Моисеев В.А. Джунгарское ханство и казахи (XVII – XVIII вв). – Алма-Ата: Гылым, 1991. с. 66].
В.А. Моисеев еңбегіндегі сілтемеге Яков Гавердовскийдің әкесі Петрдің есімі енбесе, Бөрекең соны қосқан және «л. 52-52 об.» деген парақтарды алып тастаған. Ол сілтемені тарихшы Қарақұм құрылтайына қатысты дерекке келтірген еді. Ал Б. Кәртен Бөкенбай шоқысы туралы жазбаның 1804 жылғы «Журналда...» жарияланғанын есепке алмастан, солай көшіре салған. Сөйтіп, ел алдындағы жауапкершіліктен жұрдай дилетант өз өтірігімен оқырман қауымды алдап, жалған әрекетке жол берген. Өзінің пасық тірлігін ешкім аңғармайды деп ойлайтынына таңғаласың. Өресі сондай болса қайтесің. Оның үстіне, жинақтағы жазбаның толық нұсқасы «Совет дәуірі тарихшыларының жария етуімен мәлім болған» емес. «Соқыр тауыққа бәрі бидай» демекші, В.А. Моисеевтің сілтемесіндегі СССР-ды да солай жұта салған. Бұл еңбектің 1990 жылы 22 қазанда теруге беріліп, 1991 жылы 18 наурызда басуға қол қойылғанын түсінуге сауаты жетпеген. Бүгінде КСРО деген мемлекеттің жоқ екенін ескермейді. Соған қарамастан өзінің оң жамбасына ыңғайлап алып, қияли шимай-шатпағын «шындыққа» балап, «шама шамадан аспайдымен» соға береді. Осыдан-ақ әуесқой әумесердің әлеуетін, дилетант деңгейін біле беріңіз. Демек, өмірінде архив есігін ашып көрмеген дәлдүріш үшін «оң мен солы» бірдей. Ой-өрісі өзгенің еңбегіндегі деректерді қымқыру мен жымқырудан аса алмаған «барымташыдан» басқа не күтуге болады?!
Бесінші шатпағынан бастап Бөкенбай шоқысына қатысты деректі Я.П. Гавердовскийдің «Обозрение Киргиз-кайсакской степи (часть 1-я) или Дневные записки в степи Киргиз-кайсакской 1803 и 1804 годов» атты еңбегінен алғанын көрсетіп, соған сілтеме беру арқылы да қателік жіберген [Кәртен Б. Таласқа түскен шоқы мен 1710 жылғы Қаракесек жиыны // Ақиқат. – 2022. – № 10. – қазан. 62-б.; Кәртен Б. 1710 жылғы Қаракесек жиыны: бұрмаланған ақиқаттар // https: //zhasalash.kz/news/ 1710-zhilgi-karakesek-zhiini -burmalangan-akikattar-694f3c/. – 2024. – 15 қыркүйек; Кәртен Б. Исмурзиннің ғылымға жат әдепсіздіктері // https://madeni portal.kz/article/11966. – 2024. – 29 қазан]. Себебі, 1806 жылғы қолжазбаның бірінші бөлімінде Бөкенбай шоқысы жайлы мәлімет болғанымен [РМӘТА. 846-қ., 16-т., 19209-іс, 1-бөлім, 78-78 п. е.ж.; История Казахстана в русских источниках XVI – XX веков. Т. 5. Первые историко-этнографические описания казахских земель. Первая половина ХІХ века / Сост. И.В. Ерофеева, Б.Т. Жанаев. – Алматы: Дайк-Пресс, 2007. с. 219-220], жоғарыдағы жазба Я.П. Гавердовскийдің 1804 жылғы «Журналынан...» алынған. Егер ерінбей салыстырып көрсеңіз сондағы мәліметті жолма-жол қайталайтынына көзіңіз жетеді [РМӘТА. 846-қ., 16-т., 19208-іс, 55-п. е.ж., 56-п.; История Казахстана в русских источниках XVI – XX веков. Т. 5. Первые историко-этнографические описания казахских земель. Первая половина ХІХ века / Сост. И.В. Ерофеева, Б.Т. Жанаев. – Алматы: Дайк-Пресс, 2007. с. 92].
Бұған қоса 2019 жылы Ақтөбе қаласында жарық көрген «Атажұрт тарихының парақтары» атты «эссе-зерттеулері» жинақталған шатпақтарының алғашқы «Сөз басындағы» 3-4-ші беттердің түгелге жуығын поручик Я.П. Гавердовскийдің жазбасындағы шөмекейлерге қатысты мәлімет құраған. Дилетант мұны да аталған жинақтың 223-224 беттерінен алып, орысша сөзбе-сөз көшіргенімен ешқандай сілтеме бермейді [Кәртен Б. Атажұрт тарихының парақтары. – Ақтөбе: «Ақжар-АБК», 2019. 3-4 бб.; История Казахстана в русских источниках XVI – XX веков. Т. 5. Первые историко-этнографические описания казахских земель. Первая половина ХІХ века / Сост. И.В. Ерофеева, Б.Т. Жанаев. – Алматы: Дайк-Пресс, 2007. с. 223-224]. Сол деректі басқа да шимайында шиырлаған, бірақ тағы да сілтеме көрсетуді ұмытқан [Кәртен Б. С. Мұқанов кітабына енгізген «Мақпал» дастанының үзінділері – Базар жыраудікі! // Facebook желісіндегі жазба. – 2023. – 10 қыркүйек].
Осылайша Бөрекең ғалымдар дайындаған жинақтағы жазбаларды өзінің қажетіне қарай «қорек» еткенімен, құрастырушы авторы И.В. Ерофеева екенін біле тұра сілтеме жасамайды. Сол арқылы плагиатқа жол береді. Егерде сол деректерді тарихшы архив қорынан іздеп тауып, жинақ ретінде құрастырып жарыққа шығармаса, ол жазбамен өзінің ешқашан таныса алмайтынын түсінбейді. Түсінгісі келмейді. Оны түсіну үшін, өзгенің еңбегін бағалау үшін де өре қажет. Белгілі ғалым Б.М. Жүсіпов айтқандай, «Жалпы, ұяты бар пенде қай материалдың да авторын көрсетер болар. Сендерге бұл қора-қопсыдағы төрт аяқты мал емес қой, түнемеде сойып алып, ертесіне дым көрмегендей, тістеріңді шұқып отыра беретін» [Жусипов Б. Плагиат // Facebook желісіндегі жазба. – 2024. – 2 шілде].
«Бөгенбайтанушы» дилетанттың әркімнен үптеп кеткен дерегін архив қорынан өзі тапқандай етіп көрсету әрекеті мұнымен шектелмеді. 2017 жылғы алғашқы шатпағында: «Ресей империясының Сыртқы істер Министрлігінің архивінде 1742 жылы маусымның 7-сінде түзілген мына деректер сақталған екен Бөкенбай батыр жөнінде, бүй дейді онда: «...мая 28-числа 1742 года Яицкое воиско через прихавшего из кайсацкой орды яицкого казака Харку, доносит, что кайсацкий владелец же Букенбай в числе 500 человек ходил под трухменцев для взятия у них полону и отгону скота, токмо они, турхменцы, их кайсаков, всех побил до смерти...», - деген дерек соңында сілтеме былай берілген: «Қараңыз: АПВР, фонд 122, 1742 г. д. 4, л. 53» (№ 7 сурет) [Кәртен Б. Таласқа түскен Шекті Бөгенбай шоқысы // Шалқар. – 2017. – 10 наурыз].
Бұрыннан ғылыми айналымда бар деректің сілтемесін көргенде, алдымен архив атауының «АПВР» болып қате жазылғанын аңғардық. Себебі, бұл дерек кеңес кезінде жарық көрген қазақ-орыс қатынастарына арналған құжаттар жинағына енген еді. Бірақ, соны ескерместен Бөрекең жоғарыдағы деректі сілтемесімен бірге барлық шимайында тап солай көшіріп пайдаланған (№ 8, 9 сурет) [Кәртен Б. Таласқа түскен Шекті Бөгенбай шоқысы // Атажұрт тарихының парақтары. – Ақтөбе: «Ақжар-АБК», 2019. 92-б.; Кәртен Б. Таласқа түскен шекті Бөгенбай бидің шоқысы // https://adyrna.kz/ index.php/post/52132. – 2020. – 2 қараша; Кәртен Б. Шоқы кімге тиесілі: Бөкенбай батырға ма, әлде Бөгенбай биге ме? // Қазақ әдебиеті. – 2021. – 30 сәуір. – № 18; Кәртен Б. Таласқа түскен шоқы мен 1710 жылғы Қаракесек жиыны // Ақиқат. – 2022. – № 10. – қазан. 63-б.; Кәртен Б. Бөгенбай шоқысы мен Айырқызыл құмын кімдер қоныс қылғанын білеміз бе? // Айқын. – 2024. – 30 тамыз; Кәртен Б. 1710 жылғы Қаракесек жиыны: бұрмаланған ақиқаттар // https: //zhasalash.kz/ news/1710-zhilgi-karakesek-zhiini–burmalangan-akikattar-694f3c/. – 2024. – 15 қыркүйек; Кәртен Б. Исмурзиннің ғылымға жат әдепсіздіктері // https://madeni portal.kz/article/11966 . – 2024. – 29 қазан; Кәртен Б. Шоқының атауы жергілікті дауға себеп болды // https://adyrna.kz/post/218681 . – 2024. – 10 қараша].
Демек, дилетант «Ресей империясының Сыртқы саясат архивінің» (РИССА) орысша «Архив внешней политики Российской империи МИД РФ» (АВПРИ) деп аталатын толық әрі дұрыс атауын білмеген. Егер білсе қате жазбас еді. Олай болса, деректі өзге біреудің еңбегінен қымқырып кеткен. Алысқа бармай-ақ анықтаудың сәті түсті. 2007 жылы 27 қыркүйекте «Ақтөбе» газетіне шығып, кейін 2011 жылы «Баһадүр батыр Бөкенбай» жинағына енген тарихшы-ғалым З. Байдосовтың мақаласына «жиендік» жасапты. Оқырманға түсінікті болу үшін салыстырып көрелік: «Енді, Москвадағы Ресей империясы Сыртқы Істер Министрлігі мұрағатындағы деректі келтірейік. 1742 жылдың 7-ші маусымында Орынбор комиссиясының Ресей Сыртқы Істер Коллегиясына жіберген арнайы экстрактасында (хабарламасында): «...мая 28-числа 1742 года Яицкое воиско через прихавшего из кайсацкой орды яицкого казака Харку, доносит, что кайсацкий владелец же Букенбай в числе 500 человек ходил под трухменцев для взятия у них полону и отгону скота, токмо они, турхменцы, их кайсаков, всех побил до смерти...» (АПВР, фонд 122, 1742 г. д. 4, л. 53), - деп жазылған екен» (№ 6 сурет) [Байдосов З. Бөкенбай батыр – қолбасшы, саясаткер, мемлекет қайракері // Баһадүр батыр Бөкенбай. – Ақтөбе: С.Т. Жанәділов баспаханасы, 2011. 44-б.].
Сөйтіп, архив атауына байланысты З. Байдосовтан жаңылыс кеткен қателікті дерегімен қоса Б. Кәртен 2017-2024 жылдары жариялаған шимай-шатпағының барлығында және 2019 жылғы кітабында сол күйінде сөзбе-сөз көшіре салған. Сол арқылы ғалымның еңбегін толық иемденіп, меншіктеп алып, авторын көрсетпей тұрақты пайдаланып келген. Осы күнге дейін түк қысылмастан «құлақтап ен салып» иелік етуде: «Ресей империясы Сыртқы істер министрлігінің архивтік дерегінде: «...мая 28-числа 1742 года Яицкое воиско через прихавшего из кайсацкой орды яицкого казака Харку, доносит, что кайсацкий владелец же Букенбай в числе 500 человек ходил под трухменцев для взятия у них полону и отгону скота, токмо они, турхменцы, их кайсаков, всех побил до смерти...», - деп түзілген (Дереккөз: АПВР, фонд 122, 1742 г. д. 4, л. 53)» [Кәртен Б. Бөгенбай тауының тарихи атауын табын руынан шыққан Бөкенбайға телісе оның батырлығын аспандатып жібере ме?! // Facebook желісіндегі жазба. – 2024. – 10 желтоқсан].
Осы ретте белгілі ғалым К.Л. Есмағамбетовтің «Арнайы «қате» жіберіп жазсаң сенің сол қатеңді де қайталайды» дегені барымташының бәріне тән ортақ құбылыс екен [Есмағамбетов К. Барымта // Тарих таңдақтары. Екінші кітап. – Алматы: Арыс, 2008. 64-б.]. Соған қарамастан Бөрекең З. Байдосов мақаласы басылған жинақты: «Әсіре «бөкенбайшылдардың» құрастыруымен 2011 жылы «Баһадүр батыр Бөкенбай» аталатын кітап жарық көрген. Іші – шылғи өтірікке, өрескел бұрмалаушылыққа толы», - деп бұлқынғанымен сондағы мәліметтерді қажетіне қарай кеңінен пайдалануда [Кәртен Б. Шоқының атауы жергілікті дауға себеп болды // https://adyrna.kz/post/218681. – 2024. – 10 қараша].
2025 жылғы шатпағында сол деректі: «Ал Ресей империясының Сыртқы істер Министрлігінің архивінде сақталған 1742 жылы маусымның 7-сінде түзілген құжатта Бөкенбай өлімі жөніндегі деректер басқаша, бүй дейді онда: «Того ж мая 28 числа яицкое войско, чрез приехавшего ис Кайсацкой орды яицкого казака Харку, доносит... бытность кайсацкий владелец же Букенбай в числе пятисот человек ходил под трухменцев для взятья у них полону и отгону скота, токмо они, турхменцы, их, кайсаков, всех побил до смерти», - деп қайталай келіп сілтемені былай береді «Қараңыз: АВПР, ф. 122, 1742 г., д. 4, лл. 50-54 об.» [Кәртен Б. Бөкенбайдың батырлығы жалған деректерге құрылған // https:// hal yqline.kz/qogam/tarih/boekenbajdyng-batyrlyghy-zhalghan-derekterge-qurylghan/. – 2025. – 7 ақпан.]. Осы мәтінді бұрынғы нұсқасымен салыстырсақ, сәл-пәл өзгеріс бар. Ілгерідегі құжатта «...мая 28-числа 1742 года Яицкое воиско», «доносит, что кайсацкий владелец», «в числе 500 человек», «АПВР», «л. 53» деп көрсетілсе, соңғысында «Того ж мая 28 числа яицкое войско (1742 года. – Б.К.)», «доносит... бытность кайсацкий владелец», «в числе пятисот человек», «АВПР», «лл. 50-54 об.» болып өзгеріске түскен. Оның себебі мынада. Бұрын жарық көрген шимай-шатпақтарының бәрінде Б. Кәртен тарихшы З. Байдосовтың мақаласынан барымталаған мәліметті сол күйінде пайдаланып келді. Ал енді соңғы деректі «Казахско-русские отношения в XVI – XVIII веках» деген құжаттар жинағының 205-бетінен алып, сілтемені 206-беттен тап солай көшіре салған [Казахско-русские отношения в XVI – XVIII веках (Сборник документов и материалов) / Сост.: Ф.Н. Киреев, А.К. Алейникова, Г.И. Семенюк, Т.Ж. Шоинбаев. Под ред. В.Ф. Шахматова, Ф.Н. Киреева, Т.Ж. Шоинбаева. – Алма-Ата: АН КазССР, 1961. с. 205-206].
Ғылымның талабына түк пысқырмайтын дилетант әлі солай аңыратуда: «Того ж мая 28 числа яицкое войско, чрез приехавшего ис Кайсацкой орды яицкого казака Харку, доносит... бытность кайсацкий владелец же Букенбай в числе пятисот человек ходил под трухменцев для взятья у них полону и отгону скота, токмо они, турхменцы, их, кайсаков, всех побил до смерти (Қараңыз: АВПР, ф. 122, 1742 г., д. 4, лл. 50-54 об.)» [Кәртен Б. Исмурзиннің түк дәлелі жоқ өтіріктері // https://madeniportal.kz/literature/ism urzinnin-tuk-dal eli-zoq-otirikteri. – 2025. – 14 мамыр].
Сөйтіп, «барымташы» Бөрекең құжаттар жинағына емес, архив қорына тікелей сілтеме жасау арқылы тағы да плагиаттыққа жол беруде. Сілтемеде парақтарды «лл. 50-54 об.» деп көрсетудің өзі қате. Ол парақтарда Ресейдің сыртқы істер коллегиясына Орынбор комиссиясы жолдаған экстракттың толық көлемі келтірілген. Ал Бөкенбай батырдың қазасына қатысты мәлімет 53-парақтағы бірінші абзацтың соңына түскен [РИССА. 122-қ., 122/1-т., 1742, 4-іс, 53-п.]. Мәскеу қаласындағы РИССА-ның (АВПРИ) 122-қорындағы 243 парақтан тұратын осы архив ісімен алғаш рет 2006 жылы 4 сәуірде танысып, қажет деректерді жазып алғанбыз. Кейін қайта сараладық. Әр жылдары ол істі қараған О. Юсупов (15.12.1981), В.А. Моисеев (1.04.1987), И.В. Торопицын (12.07.2005), Б. Насенов (26-27.06.2006), С. Әжіғали (17.04.2008), С.А. Есқалиев (13.05.2011) т.б. тарихшы-ғалымдардың аты-жөндері құжаттың пайдалану парағына (лист использования документов) тіркелген. Олардың ішінен Б. Кәртеннің ныспысын қалай іздесең де таба алмайсың. Өйткені, архив атауын анық білмейтін «барымташының» оған бас сұқпағаны белгілі.
Осылайша дилетант бірнеше жыл бойына өзгенің меншігіне қол сұғып, өмірінде көрмеген архивта өзі отырып жұмыстанғандай соған тікелей сілтеме бергеніне, оны көпшілікке жариялау арқылы өз әрекетінің дүйім жұрт алдында әшкере болатынына еш қиналмайды. «Барымта» жасауға болмысы үйреніп кеткесін оған әдеттегі қалыпты жағдай ретінде қарайды.
«Ақиқат» журналындағы шатпағында: «Қаракесек жиыны турасындағы деректі беруші Қаракөбек би тек Гавердовскийдің еңбегінде ғана аталмаған, басқа да архивттік құжатта есімі кездеседі. Өз заманында салмақты тұлғаның бірі болғаны айқын аңдалады», - дейтін сөйлемге сілтемені былай көрсетеді: «Қараңыз: ЦГА РК. Ф. И-4. Оп. 1. Д. 496. Л. 58-59» (№ 11 сурет) [Кәртен Б. Таласқа түскен шоқы мен 1710 жылғы Қаракесек жиыны // Ақиқат. – 2022. – № 10. – қазан. 68-б.; Кәртен Б. Таласқа түскен шоқы мен 1710 жылғы Қаракесек жиыны // https://e-history.kz/kz/news/show/338886. – 2022. – 18 қараша]. Тура осылай кейінгі шимайларында қайталайды [Кәртен Б. 1710 жылғы Қаракесек жиыны: бұрмаланған ақиқаттар // https: //zhasalash.kz/news/ 1710-zhilgi-karakesek-zhiini-burmalangan-akikattar-694f3c/. – 2024. – 15 қыркүйек; Кәртен Б. Исмурзиннің ғылымға жат әдепсіздіктері // https://madeni portal.kz/article/11966. – 2024. – 29 қазан].
«Архивтік құжатта есімі кездеседі» деп өз көзімен көргендей етіп архив қорына тікелей сілтеме келтіргенімен Қазақстан Республикасының Орталық мемлекеттік архивінің (ҚРОМА) 4-қорындағы 496-істің құжатты пайдалану парағында Б. Кәртеннің аты-жөні жоқ екен. Алматылық әріптестер арнайы тексеру арқылы (19.11.2024) бұл істі мүлдем қарамағанын анықтады. Олай болса, тағы да өзінің үйреншікті әдетіне сай бөгде біреудің бақшасына түскен. Әйтпесе, сол сілтемесін жымқырған еңбекті толығымен көрсетер еді. Көп ұзамай «барымта» жасаған зерттеуде табылды. «Дәніккен қарсақ құлағымен ін қазады», «дәніккеннен – құныққан жаман» демекші, біреудің еңбегін иемденіп кетуді өзіне ар көрмейтін дилетант бұл жолы да баяғы әніне басып, өзі «ерекше жақсы көретін» И.В. Ерофееваның құрастырған құжаттар жинағына қол сұғып, керек дүниесін қоржынға салып, қанжығасын майлаған. Ол жинақта Қаракөбек би атап өтілетін Пірәлі ханның 1802 жылы 17 шілдеде Орынбор шекаралық комиссиясына жазған хатына сілтеме: «ЦГА РК. Ф. И-4. Оп. 1. Д. 496. Л. 58-59. Перевод ХІХ в. Подлинник на тюрки – там же. Л. 57 и об.», - деп берілген (№ 10 сурет) [Эпистолярное наследие казахской правящей правящей элиты 1675-1821 гг. Сборник исторических документов в 2-х томах. Т. 2. Письма казахских правителей. 1738-1821 гг. / Автор проекта, введения, биографий ханов, научных комментариев; составитель и ответственный редактор И.В. Ерофеева. – Алматы: АО «АБДИ Компани», 2014. с. 284].
Соңғы шатпақтарында осы жинақпен танысып шыққанын дәлдүріштің өзі де мойындап, аталмыш дерекке сілтеме келтірген [Кәртен Б. Ерофееваның ғылымдағы бейбастақтығы // https:// turaninform.kz/?p=13739. – 2025. – 15 сәуір; http://kerey.kz/?p=14337. – 2025. – 20 сәуір; Кәртен Б. Исмурзиннің түк дәлелі жоқ өтіріктері // https://madeniportal.kz/literature/ismurzinnin-tuk-daleli-zoq-otirikteri . – 2025. – 14 мамыр]. Мұның өзі архив құжатын сол жинақтан алғанын, бірақ 2022-2024 жылдары жарық көрген шимайларындағы сілтемеде соны көрсетпей, тікелей архив қорын алға тартып, сол арқылы жымын білдірмей жымқырып кеткенін айғақтайды. Өзінің тұрақты әдетіне сай архив сілтемесін орысша сол күйінде көшіре салған.
Осыған қарамастан Б. Кәртен И.В. Ерофееваға тарихты «бұрмалаушы», «қисынсыз долбары, ойдан шығарған жалған деректері», «ғылымдағы бейбастақтығы» т.б. ешқандай негізі жоқ сан түрлі «сын» тағып, ашық түрде жала жабуда, сөйте тұра «өзі жоқтың көзі жоқ» демекші, марқұм ғалымның еңбектеріндегі мәліметтерді еш қысылмастан еншілеп кетеді. Өзінің осындай оғаш іс-әрекетіне, қорқаулық тірлігіне адами ар-ұяты болмағасын мүлдем қымсынбайды. Өйткені, жылдар бойы тапжылмай архивта отырып, көз майын тауысып, мыңдаған деректі шұқшия қарап, оларды жүйелеп, сұрыптап, жинақ етіп шығару жолындағы ғалымның қажырлы еңбегін «барымташы» дилетант қайдан түсінсін! Түсіну деген түйсігі жоқ Бөрекең беті бүлк етпестен өзінің Ш. Құдайбердиев, Х. Досмұхамедов, С. Асфендияров, М. Тынышпаев секілді «аталарына еліктеп, жолдарын үлгі қылып» жүргенін айтады. Сонда қазақ тарихын зерттеуге сүбелі үлес қосқан Алаш ардақтылары басқаның еңбегіне «барымта жасау жолын көрсетіп кеткен бе?!». «Өзі ұялмаған, өзгенің бетін шиедей етеді» деген осы шығар. Міне, сондықтан да «тарихи фактілерді бастапқы шикізаттан, яғни тарихи дереккөздерден алу, оларды қисынды түрде байланыстыру және тарихи үрдістерді қайталанбайтын күрделілігімен және салыстырмалы тұтастығымен зерттей білу үшін дәстүрлі түрде жақсы арнайы білім, табиғи зерттеушілік талант және күнделікті тынымсыз еңбек» қажет екенін ойлауға өтірікшінің өресі қайдан жетсін! [Ерофеева И.В. События и люди Казахской степи (эпоха позднего средневековья и нового времени) как объект исторической ремистификации // Научное знание и мифотворчество в современной историографии Казахстана / Н. Э. Масанов, Ж. Б. Абылхожин, И. В. Ерофеева. – Алматы: Дайк-Пресс, 2007. с. 134].
Иә, тарихты түгендеу оңай шаруа емес. Ол зерттеушіден аса табандылық пен шыдамдылықты, ыждағатты ізденісті, зор жауапкершілікті талап етеді. Осы орайда, көрнекті тарихшы-ғалым К.Л. Есмағамбетовтің «Барымта» атты мақаласындағы мына пікірі тура Б. Кәртеннің келбетіне арналғандай: «Адам ашқарақ болса, біреудің сыбағасына да сұғанақтық танытуға бейім тұрады ғой. Әйтеуір, жаттың малын қораңызға кіргізіп алуға әбден машықтанып алған екенсіз. Жә, осы да жеткілікті болар. «Мешкей деген жақсы ат емес» қой. Ғылым жолы – ауыр жол, «инемен құдық қазғандай» деп бекер айтылмайды. Алайда оның жемісін көру, одан өз орныңды табу зерделі де еңбекқор адамға бұйырады. Ал басқа жанның интеллектуалдық меншігінің толықтауышын «толықтырып», пысықтауышын «пысықтап», жамап-жасқап, кейбір сөздерін синонимдерімен алмастырып, оны қымқыруға тырысушылық, «ғылыми алаяқтыққа» салынушылық ешкімге де опа бермеген. Сіз болсаңыз тапа-тал түсте біреудің «малын» барымталап отырсыз» [Есмағамбетов К. Барымта // Тарих таңдақтары. Екінші кітап. – Алматы: Арыс, 2008. 64, 70 бб.].
Белгілі тарихшы А. Жүнісбай да Бөрекең сияқты «барымташының» болмысын бар қырынан бейнелеп, диагнозын дәл анықтаған: «Плагиат, вне зависимости от масштабов является воровством. Плагиатор – это вор. Плагиатство – это умышленное, тщательно спланированное и продуманное, подготовленное преступление. Плагиатор – это клеймо. Пока его не разоблачат он будет продолжать отравлять все вокруг. Тот, кто идет на плагиат, практически признается в своем умственном слабоумии. Тот, кто не может написать оригинальный собственный научный текст, будет всегда списывать у других, всю свою жизнь. Это его работа. Это болезнь. Тот, кто не научился честно жить и трудиться, становится преступником, тот, кто не способен честно трудиться в науке, превращается в плагиатора. Кто-то трудится годами, чтобы написать одну статью, кто-то поставил кучу экспериментов, прошел километры, перекопал тысячи документов, чтобы написать одну единственную страницу научного текста. А кто-то, кто никогда не трудился, не старался, не ломал себе голову, просто берет и воруют эту страницу... У нас в стране нет наказания за плагиат. Плагиат в Казахстане – это народная забава – барымта. Угнал скотину, перебил тамгу и лошадь твоя. И пусть ее хозяин до потери пульса доказывает, что это его скот» [Almas Junisbay. Немного о плагиате // Facebook желісіндегі жазба. – 2019. – 15 қазан].
Американдық педагог, жазушы Дейл Карнеги «Басқаны сынамас бұрын, өз кемшілiктерiңiз туралы айтыңыз» демекші, «өзінің басындағы отты көрмей, өзгенің басындағы шоқты көретін» дилетант Б. Кәртен facebook желісіндегі парақшасында «Жазған кітабының кемшілігі көрсетілсе, плагиаторлығы әшкереленсе... елге бұрын белгісіз боп келген қайшылықты ақиқаты айтылса, бірден ойбай-аттанға салу – өренің мүлде төмендігінен!» екенін жалпақ жұртқа жариялады [Кәртен Б. Атасы Абылай хан туралы Шоқан қалдырған шындық // Facebook желісіндегі жазба. – 2024. – 14 желтоқсан]. Егер осы сөздеріне «сенсек», өресі «өте биік» Бөрекең «шыңғырған шындықты айту – шырық бұзу еместігін» ескеріп, ақиқатты қасқая қарсы алып, өресінің мүлде төмендігін көрсетпеу үшін ойбай-аттанға салмайтын шығар. Сол жазбасында «Пенденің аты – пенде. Қателеседі, адасады. Алдайды. Қулыққа барады. Жақсылықта жасайды. Жаратылысы солай» деу арқылы өз болмысынан хабар береді. Иә, өзі пенде болған соң қателесіп, адасып, тарихшы ғалымдардың еңбектеріне «барымта» жасап халықты алдайды, қулыққа барады. Себебі, жаратылысы солай. Сондықтан бұрынғылар: «Мал ұрысы – пенденің ұрысы, Сөз ұрлаған – Құдайдың ұрысы» деген екен [Негимов С. Мәшһүр Жүсіптің мағнауи ғаламы // «Мәшһүр-Жүсіп – әлемдік ғаламат» Халықаралық ғылыми-практикалық конференцияның материалдарының жинағы. – Павлодар: С. Торайғыров атындағы ПМУ, 2013. 39-б.]. Олай болса, фольклортанушы ғалым Б. Жүсіпов айтқандай, «ой еңбегін тонаушы плагиаттар өркені өскен елде заңмен жазаға тартылатынын түсінбейінше, біреудің хақын жеу бүгін-ертең тоқтай қалады деу қиын» боп тұр [Жүсіпов Б. Ғылымсыз жорамал жарға жығады // Түркістан. – 2022. – 30 маусым. – № 25].
(Жалғасы бар)
Жәнібек Исмурзин,
тарих ғылымдарының кандидаты
Орал қаласы
№ 1 сурет. Моисеев В.А. Джунгарское ханство и казахи (XVII – XVIII вв). – Алма-Ата: Гылым, 1991. с. 66.
№ 2 сурет. Кәртен Б. Таласқа түскен шоқы мен 1710 жылғы Қаракесек жиыны // Ақиқат. – 2022. – № 10. – қазан. 65-б.
№ 3 сурет. Кәртен Б. Таласқа түскен шоқы мен 1710 жылғы Қаракесек жиыны // Ақиқат. – 2022. – № 10. – қазан. 65-б.
№ 4 сурет. Кәртен Б. Таласқа түскен шоқы мен 1710 жылғы Қаракесек жиыны // Ақиқат. – 2022. – № 10. – қазан. 68-б.
№ 5 сурет. История Казахстана в русских источниках XVI – XX веков. Т. 5. Первые историко-этнографические описания казахских земель. Первая половина ХІХ века / Сост. И.В. Ерофеева, Б.Т. Жанаев. – Алматы: Дайк-Пресс, 2007. с. 92.
№ 6 сурет. Байдосов З. Бөкенбай батыр – қолбасшы, саясаткер, мемлекет қайракері // Баһадүр батыр Бөкенбай. – Ақтөбе: С.Т. Жанәділов баспаханасы, 2011. 44-б.
№ 7 сурет. Кәртен Б. Таласқа түскен Шекті Бөгенбай шоқысы // Шалқар. – 2017. – 10 наурыз.
№ 8 сурет. Кәртен Б. Таласқа түскен шоқы мен 1710 жылғы Қаракесек жиыны // Ақиқат. – 2022. – № 10. – қазан. 63-б.
№ 9 сурет. Кәртен Б. Таласқа түскен шоқы мен 1710 жылғы Қаракесек жиыны // Ақиқат. – 2022. – № 10. – қазан. 64-б.
№ 10 сурет. Эпистолярное наследие казахской правящей правящей элиты 1675-1821 гг. Сборник исторических документов в 2-х томах. Т. 2. Письма казахских правителей. 1738-1821 гг. / Автор проекта, введения, биографий ханов, научных комментариев; составитель и ответственный редактор И.В. Ерофеева. – Алматы: АО «АБДИ Компани», 2014. с. 284.
№ 11 сурет. Кәртен Б. Таласқа түскен шоқы мен 1710 жылғы Қаракесек жиыны // Ақиқат. – 2022. – № 10. – қазан. 68-б.