«Бұйырғын» және «Кінәлі қыз» кітаптарының тұсаукесері өтті

Жаңалықтар
2878

Бүгін Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасында белгілі ақын, айтыскер, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, «Құрмет» орденінің иегері, Қазақстанның мәдениет қайраткері Егеухан Мұхәмәдиқызының «Бұйырғын» және «Кінәлі қыз» кітаптарының тұсаукесері өтті, деп хабарлайды "Мәдениет порталы".

Егеухан Мұхәмәдиқызы - 1940 жылы 1 сәуірде Моңғолияның Баян Өлгий аймағында дүниеге келген.  Өткен ғасырдың 70-жылдары «Жаңа өмір» газетінің, 80-жылдары республикалық телерадионың кезекті сыйлықтарының иегері. Мәдениет министрлігінің, Жазушылар, Журналистер, Бейнелеу өнері одақтарының Құрметті дипломдарымен, Моңғол Халық Республикасының 50, 60, 70 жылдық құрмет медальдарымен, 1-2-дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған. МХР-дің еңбек ардагері. Моңғолия қазақтарының айтыс өнерін дамытуға қосқан үлесі үшін «Айтыс ақыны» атағын алған. Он бала тәрбиелеп өсірген «Алтын алқалы» ана. Әр жылдары «Ақ қайың» (1971), «Ару арманы» (1977), «Қос қанат» (1982), «Алмийн цэцэрлэг» (моңғол тілінде, 1989), «Қос ішек» (Алматы, «Жалын», 1996), «Қайтқан қаз» (Астана, «Аударма», 2005 ), «Махаббат жетегінде»  (Астана,  «Фолиант», 2010) атты жыр жинақтары жарық көрген.  

Сексен жастың сеңгіріне шығып отырған «Алтын алқалы» ананың «Бұйырғын» кітабы өмірден түйген, жан жүрегімен сезінген сезім арпалыстары, тағдыр ғажайыптары арқау болған өлеңдер мен толғаулардан тұрады. Ұрпақ тәрбиесіне алаңдаған ақынның қасиетті қаламынан ертеңгі күнге кешегі құндылықтарды ізгілікпен жалғауға негізделген өлеңдері берілген. 

«Кінәлі қыз» кітабына ақынның ұлттың ұлы мұрасы мен дәстүріне, ұлт руханиятына өшпес үлес болып қосылатын «Әжемнің әңгімесі» мен өз басынан өткен қилы тағдырын баяндайтын «Кінәлі қыз» эссе-романы еніп отыр. Ақынның жары Кәп Құмарұлымен қосылу тарихы ертегіге бергісіз қызық та шытырманды оқиғаға жетелейді. 

Іс-шараға белгілі жазушы, журналист Шәрбану Бейсенова, көрнекті ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Роза Мұқанова, ақын, филология ғылымдарының кандидаты Оңайгүл Тұржан, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Үмітхан Дәуренбекқызы  және басқа да қоғам қайраткерлері мен зиялы қауым өкілдері қатысты.

madeniportal.kz

author

Егеухан Мұқамәдиқызы

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...