Біріккен Корольдікте ВВС телеарнасы түсірген «Алтын адам туралы аңыз: Ұлы дала құпиялары»...
Ерлан Карин: Президенттің бастамасы – халықпен кеңесудің айқын үлгісі
ашық дереккөзден алынған
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Карин Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жаңа саяси бастамаларына қатысты пікір білдірді, деп хабарлады MADENIPORTAL.KZ.
Оның айтуынша, ұсынылған парламенттік реформа елдің саяси жүйесін кезең-кезеңімен жетілдірудің қисынды жалғасы болып табылады.
Карин атап өткендей, бұл реформа Мемлекет басшысының «Күшті Президент – Ықпалды Парламент – Есеп беретін Үкімет» формуласына негізделген саяси бағытын жалғастырады.
«Референдум өткізу жөніндегі ұсыныс – Президенттің ел болашағына әсер ететін ең маңызды шешімдерді тек халықпен келісе отырып қабылдайтынын көрсетеді. Бұл принцип өзгеріссіз қалады», – деді ол.
Сонымен қатар, Мемлекеттік кеңесші Президенттің саяси жоспарларын әрдайым алдын ала жариялайтынына назар аударды. Бұған дейін 2022–2023 жылдардағы реформалар да, АЭС салу бойынша референдум да күні бұрын хабарланған болатын.
Кариннің айтуынша, бұл жолы әңгіме Конституцияға жедел өзгерістер енгізу немесе Парламент сайлауын өткізу туралы емес. Басты мақсат – саяси жүйенің институционалдық негіздерін нығайту. Сондықтан Президент ойластырылған, дәйекті әрі бірізді тәсілді қолдайды. Алдағы уақытта бұл бастама сарапшылар мен қоғам арасында кеңінен талқыланбақ.
«Осылайша, Қазақстан тағы да кезең-кезеңімен және жан-жақты жүзеге асырылатын саяси жаңғырудың үлгісін көрсетіп отыр», – деп түйіндеді Ерлан Карин.