«Айымдар жоқшысы» кітабының тұсаукесері өтті

Жаңалықтар
436

Ширек ғасырдан артық журналистік қызмет атқарып, одан кейінгі өмірін айымдар әлеміне арнаған жандардың бірі – Шәрбану Қонақбайқызы Бейсенова. Автор «Сүйінбике. Ұлы дала аруы» кітабында осы уақыттың өзіне тылсым тарих қойнауынан жаңғырық үніндей талып жеткен көне сарынға құлақ түруді үйреткенін айтады. «Ұлы дала арулары» жобасын қолға алып, қатал заманда ғұмыр кешкен арулардың сан-қилы өмірін зерттеп, бүгінгі ұрпаққа жеткізе білген қаламгердің өзін қазағымыздың айымы десек болады. 

19 желтоқсан күні Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің кітапханасында Шәрбану Қонақбайқызының 75 жылдық мерейтойына арналған әдеби кеш өтіп, қаламгер шығармашылығы хақында жазылған «Айымдар жоқшысы» кітабының тұсауы кесілді.

Кеш модераторы Әлібек Асқаров «Алдымен бастықтарды сөйлетіп алайық, одан кейін кезек қарапайым адамдарға да келер», - деп қалжыңдап, алғашқы сөз кезегін Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Бәтташұлына берді. 

«Кітаптың жолы хақ болсын, ұзақ болсын. Бұл кітап болашақта жаңа шығармалардың тууына себеп болсын деп тілеймін», - деп ізгі тілегін айтқан ректор апайымыздың иығына оның көңіліндей аппақ шапан жауып, гүл шоқтарын сыйлады. 

Архив істері және құжаттаманы басқару комитетінің төрағасы Қуат Бораш бүгін еліміздің рухани өміріндегі елеулі күн екенін атап өтіп, Тәуелсіздік жылдарындағы кітап шығару мәселесінде Шәрбану Қонақбайқызының да  өзіндік қолтаңбасы бар екенін атап өтті. 

Ұрпаққа ұлағат болар шығармалардың авторын құттықтауға Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Сүлеймен Ләззат Жаңылысқызы және Мәжіліс депутаты Әшімжан Жанарбек Садықанұлы да келген екен. 

«Қазақ қоғамындағы ана үлгісін жасаған, айымдар жоқшысы ретінде осы бейнені іздеген әрі тапқан жан – Шәрбану апамыз. Ол қазақ қоғамын, қазақ әйелін тәрбиелеуге үлкен үлес қосты десек, қате айтқанымыз емес. Тұлғалық үлгіңіз үшін сізді қатты құрметтеймін. Шәрбану апайды даналық биігінен талай рет көрдім, бұл кісінің сабырлығы, даналығы сондай, тек бір сөзбен кез келгенді тоқтатып тастайды», - деп Шәрбану апамыздың болмысына тамсанған Ләззат Жаңылысқызының сөзін Жанарбек Садықанұлы жалғастырып, бұл күннің ерекше күн екенін, кітап шығарудың жанкешті еңбек екенін атап өтіп, «еңбегіңіздің жемісін, ұрпағыңыздың қызығын көріңіз», - деген ізгі ниетін білдірді.  

Шәрбану Бейсенқызының 75 жасқа толуына орай Қазақстан жазушылар одағының басқарма төрағасы Ұлықбек Есдәулеттің құттықтау хатын одақтың Астанадағы филиалының директоры Дәулеткерей Кәпұлы тапсырып, апайымыздың иығына шапан жапты. 

Кешке келген жазушы, драматург Жолтай Жұмат-Әлмашұлы мұндай кешке келген соң Сағат Әшімбаев туралы айтпау мүмкін емес екенін атап өтіп, сыйлас ағасы жайлы жылы естелігімен бөлісті: «Өткен ғасырдың 75-76 жылдары Сағат ағамыз Жұлдыз журналының сын бөлімін басқарды. бір жолы Жазушылар Одағында Сағат Әшімбаев ағам кездесе кеткені. Ол «Жұлдызда» сын бөлімін басқаратын. Бұрыннан әдебиеттің білгірі, жаны таза аға санап, жақсы сыйлайтынмын. Жылы амандастым. Сол-ақ екен, Сағат ағам мені қолымнан ұстап алды да, кабинетіне алып келді. Сосынғы айтқаны: «Сен сын жазып көрші!» Айтты да, қолыма екі-үш балалар ақынының кітапшаларын ұстатты. «Осы кітапшаларды емін-еркін талда, ойыңды білдір, ұнамаса сынап жаз!». Бұдан соң сылтау айтуға еш мүмкіндік болмай қалды. Кітапшаларды алып, жатақханаға қайттым. Көп ұзатпай, сын мақаланы да жаздық. Сағат ағаға апарып бергем. Ұнамайтын болар деп ойлағам. Жоқ! Ұнапты. 1976 жылғы «Жұлдыздың» бір нөміріне «Төрт кітаппен тілдескенде...» деген тұңғыш рецензиям жарық көрген.  

Қазаққа әдебиеттегі эстетиканың не екенін түсіндірген жанның жары болдыңыз. Ол кісі сізді өз деңгейіне, өз парасатына лайық көрген болуы керек. Сіз Сағат ағаның ойын айтпай түсінетін жар болдыңыз», - дей келе Шәрбану апайдың «Бір махаббат азабы» атты повесі жарияланған «Роман-драма» журналын ұсынды. 

 «Аты да заты да бағыты да ерекше кітаптың тұсаукесеріне келіп отырмыз. Бұл кітабыңыз көп кітаптарыңыздың бірі, десек те бірегейі. Біздің еліміздің анаға деген құрметі, қыз балаларының тағдыры жайлы еңбектеріңіздің маңызы зор. Қаламыңыз мұқалмай, қыздарымызға үлгі бола беріңіз, - деп алаштанушы, «Егемен Қазақстан» республикалық газетінің бас редакторы Дихан Қамзабекұлы өз тілегін білдірді.

Филология ғылымдарының докторы, профессор Хадиша Нұрғали жары Рымғали Нұрғалидың сыншы Сағат Әшімбаевты, оның отбасын қатты құрметтейтінін атап өтіп: «Сіздің бұл кітабыңызды орыс тіліне аударып, Мәскеуде жариялауымыз керек. Біз туралы, әйелдер туралы барлығы білсін», - деген тілек айтты.  

Жазушы, драматург Роза Мұқанова да Шәрбану апайға ізгі ниетін, ықылас-тілегін білдірді: «Апайдың шығармашылық кездесуі құтты болсын. Апаймен Алматыда бірге қызмет істедім. Апамнан үйренгенім көп. Сіздерге бір естелігімді айтып берейін. Бір күні тонымның ең жоғарғы түймесі босап кетіпті. Шәрбану апай бір айтты, екі айтты «Розажан, түймең түсейін деп тұр екен», - деді. «Ия, апай, үйге барған соң тігіп қоямын», - дедім де, асығып жүре бердім. Осылайша бірнеше күн өтіп кетті. «Әй, мына түйме бір күні түседі-ау»,- деп көрген сайын күрсініп қояды. Бірде жиналыстан келсем, апай ине-жібін сабақтап, тонымның түймесін тігіп отыр екен. Адам қоймайтын сұрақтарды қоя беретінмін, сол сұрақтарыма сабырлы, салиқалы жауап беріп, маңдайымнан сүйіп жауап беретін. Шәрбану апамның нұр жүзіне қарап отырып, өмір сүргің келеді». 

«Бозоқ» аруы шығармасын оқып, ерекше күйге бөленгенін айтып, Шәрбану апайдың шығармасына талдау жасаған докторант Біржан Ахмер, журналист Сүлеймен Мәмет тәрізді құрметті қонақтар да пейілдерін білдірді. 

Мақаламызды жазушы Асқар Алтайдың сөзімен аяқтасақ:

«Бүгін қазақ прозасының майталманы Шәрбану Қонақбайқызының кешіне келіп отырмыз. Қазақ халқын кім ұстап тұр? Қазақтың тұғыры қайда? деген сұрақ туындаса, «Қазақтың тұғыры әйелде» дер едім. Қарқабат ана, Домалақ ана, Қызай ана тәрізді аналарды зерттеу үшін үлкен махаббат, тектілік керек. Қаламыңыз суымасын, Сүйінбике арқылы қазақ аруының бейнесін көрсете алдыңыз».


Балнұр Қызырбекқызы

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...