Депутат зорлық жасады деген күдікке ілінді

Фото: freepik

ЖАҢАЛЫҚТАР
130

Бұған дейін Шымкент көшелерінде жол қозғалысы ережесін өрескел бұзғаны үшін қоғамның сынына ұшыраған Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Ерғали Аманбаев тағы бір даулы оқиғаға байланысты тергеу назарына ілікті, деп хабарлайды MadeniPortal.kz.

Halyqstan басылымының мәліметінше, депутаттың үстінен Алматы қаласының тұрғыны Бәйдібек аудандық полиция басқармасына арыз жазған.

Әйелдің айтуынша, ол Қытайдан келген төрт әлеуетті инвестормен бірге Түркістан облысындағы Байжансай ауылына барған. Оның сөзінше, кездесуді ұйымдастырып, шетелдік қонақтарды қарсы алғандардың бірі – мәслихат депутаты Ерғали Аманбаев болған.

Арызда көрсетілген мәліметке сәйкес, сапардан кейін депутат 34 жастағы әйелді Lexus маркалы автокөлігіне отырғызып, елсіздеу жерге алып барып, оған қатысты жыныстық сипаттағы зорлық әрекетін жасаған.

Аталған дерек бойынша құқық қорғау органдары сотқа дейінгі тексеру жұмыстарын бастап, істің мән-жайын анықтап жатыр. Әзірге полиция ресми қорытынды жариялаған жоқ. Сондықтан депутаттың кінәсі заңды күшіне енген сот шешімімен дәлелденбейінше, ол кінәсіз деп есептеледі.