Қазақстан Көшпенділер ойындарында медаль саны бойынша көш бастап тұр. Бұған ойын түрлерінің тең жарт...
Депутатқа тиесілі фермада алты жұмысшы қаза тапты
Фото: ЖИ/MadeniPortal.kz
Павлодар облысындағы Aqtogai Milk кәсіпорнында күкіртсутектен уланып, алты жұмысшы қаза тапқан еді. Арнайы комиссия қайғылы оқиғаға жұмыс берушінің толық кінәлі екенін анықтады, деп хабарлайды MadeniPortal.kz stan.kz-ке сілтеме жасап.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, алдымен құдықта жұмыс істеп жатқан қызметкерлердің бірі күкіртсутектен зардап шеккен. Одан кейін әріптестерін құтқару үшін өзге жұмысшылар да кезекпен құдыққа түскен. Соның салдарынан алты адам көз жұмды.
Комиссия жұмысшылардың қауіптілігі жоғары жұмыстарды қауіпсіз орындау әдістері бойынша оқытылмағанын және қажетті жеке қорғаныс құралдарымен қамтамасыз етілмегенін анықтады. Сонымен қатар құдықтағы жұмыстардың ұйымдастырылуы, соның ішінде апат кезінде және құтқару шараларын жүргізу барысында қауіпсіздік талаптарына сай болмаған.
"Үкіметтік комиссияның жұмысы қорытындысы бойынша жұмыс беруші “Aqtogai Milk” ЖШС-нің кінә дәрежесі 100% деп белгіленді", – деп мәлімдеді министрлік.
Тергеу барысында қайғылы оқиғаның себептері мен мән-жайы, сондай-ақ оған жауапты лауазымды тұлғалар анықталды. Комиссия анықталған заң бұзушылықтарды жою және мұндай жағдайлардың алдын алу бойынша ұсынымдар әзірледі.
Министрлік жұмыс берушілерді құдықтарда, резервуарларда, ыдыстарда және басқа да жабық кеңістіктерде жұмыс істеу кезінде қауіпсіздікке ерекше назар аударуға шақырды. Қызметкерлер қауіпсіздік ережелеріне оқытылып, жеке қорғаныс құралдарымен қамтамасыз етілуі және төтенше жағдай кезіндегі әрекеттерге дайын болуы қажет.