Бота Миа есімімен танымал блогер Taboo бағдарламасына берген сұхбатында келіндік өмірге қатысты жеке...
Екі аптадан астам жансақтауда жатты: Ақтауда балықтан уланған 9 жастағы бала көз жұмды
Фото: ЖИ/MadeniPortal.kz
Ақтауда ауыр уланудан кейін екі аптадан астам уақыт бойы дәрігерлер өмірі үшін күрескен 9 жастағы бала қайтыс болды. Бала отбасылық дастарқанда үй жағдайында дайындалған салқын ысталған балық жегеннен кейін үш ересек адаммен бірге жансақтау бөліміне түскен, деп хабарлайды MadeniPortal.kz.
Қыркүйектің ортасында бір отбасының төрт мүшесінен ауыр ботулизм белгілері байқалған. Науқастар өкпені жасанды желдету аппаратына қосылып, оларға ботулизмге қарсы сарысу егілген.
Науқастардың арасында баланың жағдайы ең ауыр болған. Ол жансақтау бөлімінде ес-түссіз жатқан. Жағдайы жақсармағаннан кейін туыстары елордалық мамандардан көмек сұрап, көпшілікке үндеу жасаған.
Осыдан кейін Ақтауға реаниматолог, инфекционист және невролог мамандар жіберілген. Алайда дәрігерлердің күш-жігеріне қарамастан, баланың өмірін сақтап қалу мүмкін болмады.
Туыстарының айтуынша, уланғандардың арасында болған баланың әкесінің жағдайы қазір тұрақты. Тағы екі ересек адам ем қабылдап жатыр.
Баланың өліміне нақты не себеп болғаны әзірге ресми түрде жарияланған жоқ. Туыстары қайғылы жағдайды үй жағдайында ысталған балықты тұтынғаннан кейінгі уланумен байланыстырып отыр.