Щучинскідегі кафедегі өрт кезінде зардап шеккен тағы бір адам жансақтау бөлімінде қайтыс болды, деп...
Жаңа нұсқа: 13-17 жастағыларға арналған ChatGPT айырмашылығы
Фото: ЖИ/MadeniPortal.kz
Жасанды интеллект жасөспірімдердің күнделікті өміріне еніп кетті. Олар чат-боттарды үй тапсырмасын орындауға, ақпарат іздеуге, кеңес алуға және тіпті әңгімелесуге пайдаланады. Осыған байланысты OpenAI 13-17 жастағы қолданушыларға арналған ChatGPT for Teens нұсқасын енгізіп жатыр, деп хабарлайды MadeniPortal.kz.
Оның басты ерекшелігі – жасөспірімдерге арналған қосымша қауіпсіздік шектеулері.
Euronews мәліметінше, жасөспірімдерге арналған нұсқада суицид пен өзіне-өзі зиян келтіру, сондай-ақ романтикалық және сексуалдық сипаттағы қарым-қатынасқа қатысты контент қатаңырақ шектеледі.
Мысалы, чат-бот жасөспіріммен эмоционалдық байланыс орнатқандай әсер қалдырмауы керек. Ол өзінің адам сияқты сезімі немесе санасы бар екенін де меңземеуі тиіс. Бұл әсіресе жасөспірімдердің технологияны шынайы адаммен қарым-қатынас ретінде қабылдап кетуінің алдын алуға бағытталған.
OpenAI қолданушыдан жеке куәлігін талап етпейді. Оның орнына жүйе адамның жасын түрлі белгілер арқылы болжауға тырысады. Егер қолданушының 18 жасқа толмағаны анықталса немесе оның өзі жасын көрсетсе, аккаунт жасөспірімдерге арналған қауіпсіздік режиміне ауыстырылады.
Бұл ретте ата-ана бақылауын қосуға да болады. Ата-ана мен жасөспірімнің аккаунттары байланыстырылған жағдайда, ата-ана «тыныш уақытты» белгілей алады. Сол уақытта ChatGPT қолдануға шектеу қойылады.
Сондай-ақ өзіне-өзі зиян келтіру қаупі сияқты жоғары деңгейдегі қауіп жағдайларында ата-анаға арнайы хабарлама жіберілуі мүмкін.
Жасөспірімдерге арналған ChatGPT-дің маңызды ерекшеліктерінің бірі – оқушының орнына тапсырманы толық орындап бермеуге бағытталуы.
Яғни чат-бот дайын жауапты ұсынудың орнына, мәселені түсінуге, шешу жолын табуға және оқушының өз бетімен жұмыс істеуіне көмектесуі керек. Мұндай тәсіл баланың жасанды интеллектке толық тәуелді болып қалмай, білімді өзі меңгеруіне бағытталған.