Ержан Қалымбайұлы Атырау облысы әкімінің баспасөз хатшысы — баспасөз қызметінің жетекшісі болы...
Елорда төрінде-дәстүріміз бен төл өнерімізді ұлықтаушы «АЛАТАУ»
Ринат Заитов басшылық ететін, төл өнеріміз бен дәстүрімізді ұлықтап жүрген «Алатау» дәстүрлі өнер театрының ұжымы, көркемдік жетекшісі - Жұлдызбек Жұманбай, «Айман-Шолпан» музыкалық комедиясы, «Әгугәй мен Игигәй» атты балаларға арналған музыкалық қойылым, «Алтыбақан» ойын-сауық ән кеші және айтыскер ақын Ринат Заитовтың «Мен сендерді жақсы көремін, адамдар» атты музыкалық кешімен Елордада алғаш рет гастрөлдік сапарда.
Елордамызда болған үш күн ішінде «Алатау» дәстүрлі өнер театрының ұжымы өрісі кең өрелі өнерлерімен қала тұрғындарын тәнті етті. Риза болған қонақтар жүрекжарды тілектерін айтып, ойларымен бөліскен еді. Солардың біршамасын айта кетейін: ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ерлан Саиров: «Керемет әсер алдым. Біздің салт-дәстүріміздің,терең мәдениетіміздің жаңа көрінісі, өткенімізді осылай жаңаша көрсету керек. Біріншіден ұжымды құттықтаймын. Екіншіден, осы жаңа бағыттағы қойылымдарды Қазақстан бойынша насихаттау керек. Табыстан табысқа жете берсін, біз де көмектесуге дайынбыз және тілектеспіз».
«Алатау» дәстүрлі өнер театрының еліміздің Елордасындағы алғашқы гастрөлдік сапары сәтті өтті деп ойлаймын. Барша жұртқа қазақ дәстүрлі өнерін, мәдениетімізді жоғарғы деңгейде көрсетіп жатыр. Ұжымға өз атымнан шексіз алғысымды айтамын. Шығармашылық табыс тілеймін. Осындай жастар бар жерде, таланттар бар жерде, біздің өнеріміз мәңгілік екені сөзсіз. Жастардың еңбектерін әрқашан бағалап, Мемлекет басшысымен ұлттық өнерді қолдау бойынша жұмыстардың барлығын бірге атқарамыз деген сенімдемін. Концерт керемет өтті. Әрқашан биікте болайық!»- деді ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрқиса Дәуешов.
«Жастар» театрының директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Дарын мемлекеттік сыйлығының иегері Әділ Ахметов: «Алатаудың бөктерінен, Алматыдан келген «Алатау» дәстүрлі өнер театрының «Айман-Шолпан» музыкалық комедиясын тамашалап, бір рахаттанып қалдық. Осы орайда біздің Ринат Заитов пен Жұлдызбек Жұманбайдың үлкен ерлікке барғандарына куә болып отырмын. Тура кезіндегі Жұмат Шанин мен Темірбек Жүргеновтердің істерін атқарып отыр. Өйткені актерлер бар, дәстүрлі әншілер бар, бишілер бар, музыканттар бар осылардың бәрін біріктіріп, ұжым етіп, бір дүние қылып шығару үлкен еңбек. Өнерлеріне тәнті болдым. Сахнадағы әріптестеріме де үлкен алғысымды білдіремін. Театрдың болашағы зор, және де Қазақстанда мұндай ұлттық театр мәңгі өмір сүру керек және де біздің өнеріміздің ең шыңында тұру керек деп есептеймін. Сәттілік тілеймін, көп-көп рахмет сіздерге!».
М. Горький атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театрының директоры Ернар Жұматаев: «Бүгінгі қойылым өзінің бір ерекшелігімен өтті. Елорда төрінде, «Жастар» театрында «Алатау» дәстүрлі өнер театры елордалықтарға өздерінің жеткен үлкен жетістіктерін көрсетті, көрермен куә, көрермендердің қуаныштарында шек жоқ. Режиссердің өзіндік шешімі бар. Театрдың алға қойған мақсаты бар және стилі бар. Қазақтың жоғалып бара жатқан салтын, әзіл қалжыңын қәзіргі қоғаммен байланыстыра отырып, біраз айтар ойы болды.»
Сонымен қатар театр директоры Ринат Заитов пен әнші Абдрахманов Нариман Қазақ Радиосында қонақта болып, сұхбат берген еді. Радио директоры Дулат Абдуллаев болса, «Алатау» дәстүрлі өнер театрмен тығыз баланыста жұмыс жасағысы келетіндерін айтып, ұлттық өнерді қолдауға әрдайым дайын екенін білдірді.
Көнеде қазақтың дәстүрінде ауылға сал серілер, өнерпаздар келгенде базар баяны болатын, осы орайда сол көне дәстүрімізді жаңғыртып, аянбай атсалысып жүрген, өрелі ойдың ерені Ринат ақын Астана базарында «Алатау» дәстүрлі өнер театрының келгенін жариялады. Бұл да болса ұлттық өнеріміз бен салт дәстүріміздің қадір-қасиетін арттырып, ұмыт қалған асыл қазыналарды қайта жаңғырту жолындағы өнегелі де ардақты шара екені анық. Алда Екібастұз, Павлодар, Семей, Курчатов, Абай, Аягөз. Ақ жол, сәттілік, алға «АЛАТАУ»
Разида Тоқтарбекқызы, «Алатау» дәстүрлі өнер театры, Ақпарат және маркетинг қызметі бөлімінің редакторы.