Қазақстан Президенті Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің...
Елордада «Астана кештері» Х Халықаралық өнер фестивалінің алғашқы концерті болып өтті
«Астана кештері» халықаралық өнер фестивалі COVID-19 індетімен байланысты шектеулерден кейін елорданың сахналық алаңдарына қайта оралды.
Биыл өзінің 10 жылдық мерейтойын атап өтетін бұл қайырымдылық жоба «MuzVac - үздік музыкалық вакцина!» ұранын арқау етіп, Елорда күнін мерекелеу аясында өткізілуде. «Астана кештері» фестивалінің концерттерін елордалық өнер сүйер қауым 18-20 маусым күндері аралығында тамашалай алады. Концерттердің басты қонақтары – бейбіт күннің батырлары атанып, пандемия уақытында короновируспен аянбай күрес жүргізген медицина қызметкерлері.
Фестивальдің алғашқы концерті «Астана Опера» театрының камералық залында болып өтті. «Көшпелі әуендер» деп аталатын жаңа концертті Италиядан келген музыканттар Филомена де Паскуале (флейта) мен Джорджо Альбиани (гитара) ұсынды. «Контрапункт» деген дуэтке біріккен итальяндық әртістердің өнері көрермендерді асқан шеберлігімен және үйлесімділігімен тамсандырды. «Контрапункт» дуэтінің музыканттары Аргентина, Бразилия, Испания, Франция, Италия композиторларының туындыларын орындады. Флейта мен гитараның ерекше әуезділігі шетелдік авторлардың керемет музыкасына ерекше мәнер беріп, өзгеше өрнек қосты.
Әртістердің айтуынша, олар бұл концертте ерекше толғаныспен өнер көрсетті.
- Ұйымдастырушылар тарапынан дәрігерлерге көрсетілген ерекше құрмет «Астана кештері» фестивалінің ізгі мақсатын, әлеуметтік маңызынайқындай түседі. Себебі денсаулық – адам өміріндегі басты құндылық. Музыкамен, тіпті басқа кез келген жұмыспен айналысу үшін, ең бастысы, денсаулық керек. Ал адам денсаулығы – дәрігерлердің қолында. Ауруды емдеу және адамдарды сауықтыру – бұл медицина қызметкерлері мен музыканттарға ортақ мақсат. Жақында медицина саласында пайда болған «Музыкалық терапия» бағыты осы тұжырымды дәлелдейді. Себебі музыка адамның жаны мен рухани санасына игі әсер етеді.
Пандемия өмірдегі құндылықтарға басқаша қарауға үйретті, тіпті музыканың өзін біз қазір басқаша тыңдаймыз. Оны бүгінгі концертке жиналған өнер сүйер қауымның ықыласы көрсетті. Музыка, шекараларға қарамастан, бізді бүгін қазақстандық көрермендермен табыстырды, - деді Джорджо Альбиани.
Бұл кеште Италияның үздік музыканттарының орындауында шырқалған әр шығарма медицина қызметкерлерінің құрметіне арналып, оларға рухани күш-қуат сыйлады. Концерттен кейін дәрігерлер фестивальдің ұйымдастырушылары – «Дегдар» гуманитарлық қоры, Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі және JTI компаниясына шынайы алғыстарын білдіріп, жылы лебіздерін жеткізді.
Ұйымдастырушылар мәлімдегендей, «Астана кештері» фестивалі әлі 2 күн жалғасады. 19 маусым күні «Астана Операның» камералық залында пианист Георги Мундровтың (Германия) концерті ұсынылады. Фестивальдің басты іс-шарасы – «MuzVac - үздік музыкалық вакцина!» атты концерт 20 маусым күні «Қазақстан» ОКЗ-да өтеді. Үлкен концерттің қатысушылары – белгілі отандық әртістер мен өнер ұжымдары және Италия мен Швецияның өнер жұлдыздары. Концертке Нұр-Сұлтан қаласы емханаларының қызметкерлері шақырылады. Концертте барлық санитарлық нормалар сақталады. Көрермендер концерттік залға «Ashyq» жүйесі арқылы кіре алады.
«Астана кештері» халықаралық өнер фестивалі туралы мәлімет
«Астана кештері» өнер фестивалі Дариға Назарбаеваның бастамасымен жас Елордамызға деген зор сүйіспеншіліктің белгісі ретінде дүниеге келді. Бұл фестиваль музыкалық өнердің сан түрлі жанрларын біріктіретін ерекше концепцияның арқасында еліміздің мәдени өміріндегі игі дәстүрге айналды. Жоба аясында көрермендер классика, халық, эстрада музыкасын Қазақстанға және барша әлемге танытып жүрген үздік орындаушылардың өнерін тегін тамашалай алады. Фестивальдің қонақтары әлемдік сахналарды бағындырған өнер жұлдыздары болғанына қарамастан, концерттерге барлық билеттер тегін таратылады. «Астана кештері» - әлемде теңдесі жоқ фестиваль, себебі бұл жобаның арқасында әлемдік өнердің озық үлгілері кең ауқымды аудиторияға жақын бола түседі. Ал «Астана кештерінің» қатысушылары фестивальдің осы мүддесін бірлесіп жүзеге асыруға әрдайым дайын. Фестивальдің ерекше қонақтары – мүмкіндігі шектеулі жандар, ұйымдастырушылар олардың концерттерге келуі үшін арнайы көлікпен қамтамасыз етеді.
«Контрапункт» дуэтінің музыканттары (Италия) туралы мәліметтер:
Филомена де Паскуале, флейта:
Классика және джаз бағытындағы музыкант ретінде белсенді концерттік қызметпен айналысады. Сан мәрте Италиядағы танымал RAI телекомпаниясының бағдарламаларына қатысқан. Атақты итальяндық композитор Лучо Далламен ("Карузоны еске алу" хитінің авторы) достық қарым-қатынас Филоменаны Далланың әуендері классикалық бағытта орындалған үлкен музыкалық жобаны бастауға шабыттандырды. Италияның үздік музыкалық ұжымдарымен бірге өнер көрсетеді.
Джорджо Альбиани, гитара:
Классика, фольк музыкасын орындайды, театр саласы бойынша музыка жазады. Оның концерттері RAI, EMI, BBC, Vatican Radio, Радио Франс т.б.компаниялары үшін жазылған. «DIMA» Халықаралық музыка академиясының, Франческо Петрарканың отаны Ареццо қаласындағы музыкалық мектеп пен мәдениет орталығының көркемдік жетекшісі. Музыка саласындағы көптеген маңызды марапаттарға ие болған. Италияның белгілі ансамбльдерімен, сондай-ақ Париждік гитаристер ансамблімен бірге өнер көрсетеді.