27 және 28 қыркүйекте «Astana Media Week – 2021» жыл сайынғы оқиғасы өтеді. AMW-20...
Ержан Максим: Димаш ағам мені құттықтап, қазақша сөйлеп жүруімді ескертті
Бүгін Ержан Максим Қазақстанның мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлымен кездесті, деп хабарлайды "Мәдениет порталы".
"Ержан бауырымыз "Голос.Дети" байқауында екінші орын алды. Осыған дейін жас таланттар конкурстарға қатысатын. Бірақ финалға шыға алмайтын. Тіпті, финалға шықты десе қуанатынбыз. Өздеріңіз көрдіңіздер, Ержан суперфиналға шықты. Нәтижесінде екінші орын алып, үлкен жетістікке жетті", - деді министр.
Министр жиын барысында Ержанға сыйлық табыс етті. Арыстанбек Мұхамедиұлы ҚХА концертінде өнер көрсететінін, Әлібек Дінішевтен кейін ән шырқайтынын хабарлады. «Конкурстан кейін көп нәрсе өзгерді. Қазіргі уақытта Инстаграмдағы жазылушым көбейіп келеді. Қолдап жатқандарыңызға көп рахмет! Бірінші орын алмағаныма ренжімеймін», - дейді Ержанның өзі.
Ержанның атасының аты Мақсым болған екен. Алайда құжат бойынша Мақсым Максим болып өзгеріп кеткен. «Димаш ағамдай болсам деймін. Димаш ағама рахмет айтамын. Алла Пугачева апамызбен кездесерде Димаш ағам видеоқоңыраумен маған хабарласып, құттықтауларын айтып жатыр. Ресейде «Спасибо» деп үйреніп қалыппын. Димаш ағам маған «Қазақша сөйле» деп ескертіп, күлді», - дейді Ержан Максим.
Бірнеше күн бұрын Ресейдің бірінші арнасының «Голос. Дети» конкурсының суперфиналында Ержан Максим ән шырқап, екінші орын иеленген болатын. Алайда көп өтпей «Голос. Дети» конкурсының қорытындысына байланысты дау туындады. РБК мәліметіне қарағанда, Ресейдің бірінші арнасы әнші Алсу мен банкир Ян Абрамовтың он жасар қызы Микелла Абрамова жеңімпаз деп танылған финалдағы дауыс беру қорытындысына байланысты тексеру жүргізбекші. Дауыс беру қорытындысы шыққаннан кейін түрлі елдердің көптеген көрермендері наразылық білдіріп, қайта есептеуді талап етті. Атақты шоумен Максим Галкин де Инстаграмдағы парақшасына видео жүктеп, өз пікірін білдірді.