Ғасыр көрген кимешек — ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан мұра

Фото: Автордан

ЖАҢАЛЫҚТАР
1958

Ақмола облыстық Әдебиет және өнер музейінде Зеренді ауданына қарасты Игілік ауылының тумасы,  Қанай бидің тікелей ұрпағы, ғасыр жасаған абыз қария Өзібек Елемесұлының анасы Рабиға Сексенқызының кимешегі сақтаулы тұр. Ел анасы Рабиға Сексенқызы елге әділдігімен аты шыққан Ахмет қажының ұрпағы. Ұрпағы өркен жайған көп балалы ардақты ана Рабиға әже тоқсан жеті жасында дүниеден өткен. XIX соңы- XX ғасырдың басына жататын бұл киелі кимешекті Рабиға әженің баласы Өзібек ата мен жұбайы Қайыр Қазкенқызы көздің қарашығындай сақтап, кейін музейге тапсырған.

Музей экспозициясындағы

Рабиға әженің кимешегі, XIX – XX ғ.

Жаратылысынан рухы биік Өзібек ата тағдырдың талай сынағынан өтіп сынбаған жан. Ел басына күн туған Екінші дүниежүзілік соғысы кезінде Өзібек ата майдан даласында ерлік көрсетсе, Қайыр әже тылдағы еңбектің ауыр жүгін көтеріп, ауылдың шаруасына аянбай ат салысты. Тылдағы қажырлы еңбегі мен жеңіске қосқан елеулі үлесі үшін « Ұлы Отан соғысы жылдарындағы ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталады. Медальдің құндылығы сонда, сол үшін Қайыр әжеміз қосымша зейнетақы алып отырған. Қайыр Қазкенқызы тоқсан сегіз жасында өмірден озса, Өзібек ата жүз бір жасында қайтыс болды. Музейдің төрінен орын алған Рабиға әженің кимешегі ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан салт-дәстүрдің үнсіз шежіресіндей көп жасаған көне көз қариялардың тағылымды өмірінен сыр шертіп, өткеннің өнегесін көз алдымызға әкелгендей.

Ғасыр жасаған абыз ата – Өзібек Елемесұлы

       Киелі кимешек- қазақ халқының дәстүрі мен мәдениетінде ерекше орын алатын әйелдердің бас киімі. Кимешек -тек сәндік бұйым ғана емес, терең мағынаға ие қасиетті киім саналады. Қазақ халқының салт-дәстүрінде кимешек әйелдің жасын, отбасылық мәртебесін, тектілік және ұрпаққа үлгі боларлық парасатын білдіреді. Кимешек кию - қазақ әйелдерінің әдептілігі мен ар-ұятының көрінісі.Бұл бас киім тұрмысқа шыққан, әсіресе нәрестелі болған әйелдердің басты киімі саналған. Әйел адам кимешек кию арқылы өзіне тән нәзіктік пен ана болу мәртебесін паш еткен. Кимешек киген әйел – үйдің құты, береке бастауы саналған. Оны кию арқылы әйел өзінің отбасы алдындағы жауапкершілікті сезінген. Кимешектің пішіні мен ою өрнегі әйелдің жасына, отбасылық жағдайына қарай өзгеріп отырған.Жас келіннің кимешегі ерекше сәнді, көз тартарлық болып тігілсе,жасамыс әйелдердің кимешегі қарапайым, бірақ салмақты болған. Ақ кимешек-көпті көрген, абыройлы аналардың бас киімі.

Өзібек атаның жұбайы Қайыр Қазкенқызы (сол жақтағы)

Ақмола облыстық Әдебиет және өнер музейіндегі Рабиға әженің осындай кимешегі- қазақ халқының ұлттық қолөнерінің бай дәстүрін сақтаған ерекше бұйым. Бұл кимешек мақта матасынан тігілген, мақтаның тығыздығы мен сапасы киімнің ұзақ сақталуын қамтамасыз еткен. Кимешектің негізгі бөліктері- кеудесі мен шылауышы қолмен кестеленген. Кимешектегі ою-өрнектердің әр элементі өсімдік, геометриялық пішіндер мен халықтың тұрмыс-тіршілігін бейнелейтін символдарды қамтиды. Бұл өрнектер Рабиға әженің көркемдік талғамын ғана емес ұлттық мәдениетке деген құрметін көрсетеді. Техникасы айқас тігіс.

Кимешек киген Рабиға әже           

Ерекше назар аударатын тұсы - 1900, 1905 және 1914 -інші жылдары Николай патшалығы тұсында соғылған күміс теңгелермен көркемдеп безендірілуі. Бұл күміс теңгелер кимешекке тарихи құндылық пен ерекше салтанаттылық беріп тұр. Теңгелер кимешектің маңдайына, самай тұсына, иек астындағы бөліктеріне және кеудесіне тағылған. Сонымен қатар, кимешек қызыл түсті ұсақ маржан моншақтармен әшекейленген. Моншақтар төртеуден гүл тәріздес қосылып ұқыптылықпен тігілген, олардың реттілігі мен үйлесімі кимешектің сәндік сипатын байыта түскендей. Моншақтың түсі мен үйлесімі кимешек иесінің отбасындағы орны мен мәртебесін айшықтап тұр. Ұрпақтан-ұрпаққа аманат болып жеткен Рабиға әженің бұл кимешегі – тек тұрмыстық киім ғана емес, қазақ әйелдерінің шеберлігі мен рухани әлемін көрсететін өнер туындысы.

Өзібек Елемесовтің немересі Ғадыл Елемесовке деректер мен фотосуреттер  үшін алғысымды білдіремін.    

Гүлзайра Сәбитова,

Әдебиет және өнер музейінің аға ғылыми қызметкері.