Испания билігі хантавирус анықталған лайнерге қатысты күтпеген шешім қабылдады

ашық дереккөз

ЖАҢАЛЫҚТАР
99

Хантавирус жұқтыру жағдайлары тіркелген круиздік кеме Канар аралдарының портына кіруге рұқсат алды. Испания билігі лайнерге жақындау үшін бірнеше күн уақыт берген, деп хабарлады MadeniPortal.kz.

Басылымның мәліметінше, ауыр халдегі екі экипаж мүшесін медициналық көмек көрсету үшін Кабо-Верде еліне эвакуациялау жоспарланған. Одан кейін кеме Испанияның Канар аралдарына қарай жолын жалғастырады.

Испанияның Денсаулық сақтау министрлігі кеме 3–4 күн ішінде Канар аралдарына жететінін, бірақ нақты қай портқа тоқтайтыны әзірге нақтыланбағанын мәлімдеді.
«Кеме келгеннен кейін экипаж бен жолаушылар толық тексеруден өтеді, қажетті медициналық көмек алады және өз елдеріне жеткізіледі», – делінген хабарламада.

Ведомство Канар аралдары қажетті медициналық мүмкіндіктері бар ең жақын орын екенін атап өтті.

Қазіргі уақытта лайнер Прая қаласының маңында зәкір тастап тұр. Барлық науқастар каюталарда оқшауланған.

Кемеде 23 елден келген 88 жолаушы мен 59 экипаж мүшесі бар. Кеме 1 сәуірде Ушуайя қаласынан Кабо-Вердеге бағыт алып шыққан.

MV Hondius лайнері халықаралық даудың ортасында қалды: оның бортында сирек кездесетін инфекция таралып, үш жолаушының өмірін қиған.

Алғашында жедел респираторлық ауру Нидерландтан келген 70 жастағы ер адамда анықталып, ол кеме үстінде көз жұмған. Оның денесі Әулие Елена аралына жеткізілген. 69 жастағы жұбайы да ауырып, ауыр жағдайда Йоханнесбург қаласындағы ауруханаға жеткізілгенімен, дәрігерлер оны аман алып қала алмаған.

Хантавирустан тағы бір жолаушы қайтыс болды, ал Ұлыбританияның 69 жастағы азаматы қазіргі уақытта Оңтүстік Африка Республикасында жансақтау бөлімінде жатыр. Онда зертханалық түрде хантавирус расталған. Дәрігерлердің айтуынша, инфекция кеме ішінде таралуы мүмкін: расталған жағдайлардан бөлек, тағы бірнеше адамнан жұқтыру күдігі бар.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мәліметінше, адамдар бұл қауіпті вирусты кеміргіштер арқылы (олардың нәжісі немесе сілекейі арқылы) жұқтыруы мүмкін. Кемеде жаңа науқастар тіркелгеннен кейін Кабо-Верде билігі лайнердің портқа кіруіне тыйым салған.

ЖАҢАЛЫҚТАР

Әнші Ақбота Керімбекова сүйінші жаңалығымен бөлісіп, екінші рет әже атанғанын жеткізді. Өнер иесінің...

ЖАҢАЛЫҚТАР

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Аустрия еуропалық және халықаралық істер федералдық министрі Беате Май...