Газет бетіне жарияланып отырған мына сурет биыл туғанына 155 жыл толып отырған қазақтың қаһарман ары...
Істемесе порталың, кімге кінә артамын?
Көкшетауда былтыр ашылған портал, қаражаты уақытылы төленбей жабылып қалды, деп хабарлайды Көкшетау Азия ақпараттық агенттігінің меншікті тілшісі Мерген Тоқсанбай.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Мағжан Жұмабаев атындағы Ақмола облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының жанынан былтыр ашылған «Magjan.kz» тарихи-әдеби порталы биыл өз жұмысын уақытша тоқтатты.
Ең қызығы бұл порталдың өзге порталдан ерекшелігі не бір журналисі жоқ, не редакторы жоқ. Болған да емес. Жұмыстың бәрін қарапайым кітапханашылардың мойынына жүктеп қойған. Әрине, кәсіби маман болмаған соң жұмыс сапсы да нашар болатыны белгілі.
Өздері портал деп атайтын бұл интернет алаңының өз жұмысын тоқтатуының себебі, биыл оған төленетін ақшаның уақытылы төленбегенінен дейді кітапхана директоры Талғат Ибраев. Оның айтуынша, бұрын бір жылға төлеп тастайтын ақшаны қазір ай сайын бөліп-бөліп төлейді. Бұл кітапханашыларға тиімсіз әрі ыңғайсыз екен. Алайда, осы айда порталдың ақшасы төленіп, келесі айдан бастап қайта жұмыс істейтін болды дейді директор.
Кітапхана қызметкерлерінің сөзінен тағы бір аңғарғаным, порталға осы уақытқа дейін жүктелген бүкіл ақпарат өшіп кетіпті. Ғаламтордағы хакерлер сайтты бұзып кіріп, ақпаратты жойған екен.
Бұл жайлы кітапхана дирекорының бірінші орынбасары Галина Савенкова былай дейді: «– Біздің қолымызда порталда тұрған ақпарат толықтай бар. Осы айда соның бәрін қайта жүктеп, порталды қалпына келтіреміз және ол оқырман қауымға баяғыдай қызмет ететін болады».
Ал, біз инстаграмм мен фейсбук әлеуметтік желісіндегі қарапайым оқырманнан «Magjan.kz» порталы жайлы білесіз бе деген сауалнама жүргіздік. Инстаграм желісін пайдаланатын жастардың көбі портал жайлы білмейтін болып шықса, фейсбуктегі оқырманның кейбірі (олар мәдениет саласының қызметкерлері) порталмен таныс екенін айтты. Алайда ешкім оның жұмысына оң бағасын берген жоқ. Мұндайда «Рухани жаңғыру» бағдарламасы халыққа қызмет етпей, тек қағаз жүзінде ғана жоғарғы жаққа өтірік есеп болып кетіп жатыр ма деген ойға қаласың.